26 июня 2021 г. 20:16

Футбол комментаторы Есбол Қарағұл: Еуропа біріншілігінің чемпионы белгілі...

Фото:

Осы күні футбол жанкүйерлері басқаны қойып, кәрі құрлықтағы доп додасын бір деммен бақылап отыр. Бұл жолғы біріншілік сағындырып, бес жыл дегенде әрең жетті. Басталғаны сол-ақ екен, жұртшылық «мына құрама чемпион болады» десіп жатыр.

Бұл ретте құрамалардың бабын, бапкерлер тактикасын бір кісідей білетін спорт комментаторлары, былайша айтқанда, кәсіби мамандар пікірі де маңызды. Nege.kz тілшісі журналист, комментатор Есбол Қарағұлмен арнайы сұхбаттасты. 

– Есбол, биыл мықтылар бір топқа түсіп қалып, жанкүйерлер интригасын арттырды. Одан өзге қандай ерекшелік, артықшылық пен кемшілікті айтар едің?

– Тарихта болмаған, пандемия кезіндегі алғашқы Еуропа чемпионаты өте қызықты әрі тартысты өтіп жатыр. Артықшылығы – 2016 жылғыдай 24 команда бақ сынауда. Ал оған дейін құрамалар саны аз болатын. УЕФА 51 елдің шамамен тең жартысына жолдама, керемет мүмкіндік берді. Командалар көп болған сайын тартыс, бәсекелестік артатыны түсінікті. Тағы бір артықшылығы ұлттар лигасы арқылы кез келген ел құрамасы кәрі құрлықтың додасына түсе алады. Болашақта біз де Солтүстік Македония іспетті, осы біріншілікте өнер көрсетеміз деген ойдамыз.

Кемшіліктері деп айтсақ, біраз ойыншылар белгілі бір себептермен бұл чемпионатқа қатыса алмады. Бірі жарақатына байланысты алаңға шыға алмаса, енді біріне басқа жағдайлар кедергісін тигізді. Олардың әр қайсысының жанкүйері бар, соны алаңнан іздеп отырады. Ал жалпы, чемпионаттың ұйымдастырылу деңгейін өте жоғары деп бағалауға болады.

– Бүгінгі сауалдың дені Еуропа чемпионатына арналмақ. Қай команда өзін толық көрсете алмады, ал қайсы құрама өзгеден ерекшеленуде?

– Біріншілік басталмай тұрып Түркия, Польша секілді құрамалардан жақсы нәтиже күттік. Әсіресе, Түркия сапында Еуропаның топ-5 чемпионаттарында ойнайтын ойыншылар жеткілікті. Қорғанысындағы ойыншылардың сапасы өте жоғары. Бірақ, ойында байқағандарыңыздай, қанша мықты қорғаушы болса да, араларында байланыс, тандем жоқтығы бірден байқалды. Бір-бірін дұрыс түсіне алмай, синхронды әрекеттер жасай алмады. Сондықтан Түркияны сенімді ақтамағандар санатына жатқызуға болады.

Сондай-ақ, Польша құрамасының ойыны тым сүреңсіз, көңілсіз өтіп жатыр. Десе де, үміті кесілген жоқ. Ал фавориттер жайлы не айтуға болады?! Оларды «Еуропаға дейін және осы сәттегі фавориттер» деп екі топқа бөліп қарастыруға болады. Мәселен қазір Италия мен Бельгия өте тамаша ойнап жатыр. Ал чемпионатқа дейін фавориттер деп Германия, Франция мен Португалия айтылып жүрді. Жоғарыда айтып өткеніңдей, бұл үш фаворит бір топқа түсті де, оның екеуі ғана 1/8 финалға жолдама алады. Франция, Италия, Бельгия осы біріншіліктің фавориті деп айтар едім. 

– Біріншіліктің іріктеу турларына комментаторлық еттің. Өзің жақсы білесің, халық қалаулыларынан кейін көп сынға ұшырайтын – комментаторлар. Жуырда тікелей эфирде қате жібергеніңнен хабардармыз. Артынша оны түзетіп, арнайы видеоүндеу жарияладың. Жалпы, қазақстандық комментаторлардың деңгейі, оларды қолдау тақырыбы оқырманға қызық болуы мүмкін. Бәлкім, мемлекет тарапынан арнайы оқуларға жіберіп, қандай да бір көмек көрсету керек шығар?

– Біздің елде ерінбегеннің бәрі комментаторды сынайды ғой. Қазақстанда комментаторлық кәсіби мамандық емес. Олардың басым бөлігі өзге салада жұмыс істейді. Күндіз тұрақты жұмысына барып, кешкісін комментатор ретінде эфирге шығып жүрген техникалық, математикалық сала мамандары жетерлік. Сол себепті Қазақстандық комментаторлар кәсіби деген дәрежеге жете алмай жүр. Бәлкім, кей жанкүйерлер көңілінен шықпай жататыны осы шығар.

Бір жағы олардың біліктілігін арттыру үшін үкімет тарапынан қолдау жоқ. Олар өздері оқып, зерттеп, ізденіп, дамып отырады. Осы ретте «KazSport», «Setanta Qazaqstan» сынды телеарналарға алғыс білдіремін. Қазақстандағы комментаторлықтың жүйесін қалыптастырып, жас мамандарға тамаша мектеп болып отыр.

 

Сынға қатысты жеке пікірім бар. Комментаторды көбінесе сөз саптауына қарай бағалап жатады. Сыншылар сөздің мәні, оның көркемдігі мен қолданылуына кенедей қадалады. Бірақ, олардың тіл маманы еместігін естен шығармаған абзал.

Ортамызда физика, химия өзге де саланы оқып, комментаторлыққа бет бұрған азаматтар баршылық. Комментатор журналист болсын деген талап жоқ. Көбіне кастинг арқылы жұмысқа қабылданады. Әрине, комментатор қазақша термин мен бейнелі сөздерді қосып эфирді жүргізсе, жанкүйерге айтарлықтай әсер етеді. Бірақ, бұл басты талап емес.

Комментатор – футболды бес саусағындай білуі керек. Басты талап – алаңда болып жатқан өзгерістерді, жүйелі, тактикалық сәттерді аңғарып, көрерменге жеткізу. Мәселен, үш немесе бес қорғаныс жүйесімен, әйтпесе, екі орталық қорғаныс жүйесімен ойнап жатады, матч барысында бапкер оны алмастырып жібереді соның бәрін жанкүйерлерге айтып отыру керек. Өзгерістер болғанда ойыншылардың позициясы ауысып кетеді, сол себепті комментаторлар есімдерден жиі қателесіп жатады. Дегенмен, қазақстандық комментаторлардың дәрежесі өсіп келеді. Жанкүйерлер кері байланысқа шығып, арасында қолдап отырады. Оларға да көп рахмет айтқым келеді.

– Нидерланды-Украина арасындағы кездесуді «мансабымдағы ең сәтсіз матч» деп хабарладың. Қателігің үшін жанкүйерлерге үндеу жасаған едің. Сол жайлы айтсаң. 

– Иә, үндеуде айтқанымдай бұл – мен тізгіндеген ең сәтсіз матч. Кездесу өте тамаша, тартысты өтті. Нидерланды құрамасының сапында Вейналдум есімді ойыншы бар. Сол доп алған сәтте «Ол жақын арада «Барселона» құрамасына ауысуы мүмкін» деп пікір білдірген едім. Сол сәтте футбол жанкүйерлері жеке парақшама толассыз хат жазды. Вейналдум матчқа дейін бірнеше күн бұрын «ПСЖ» сапына қосылыпты. Бұл ақпарат назарымнан тыс қалған екен. Мұндай қателіктер жібермейтін едім. Шынын айтқанда, эфирге дайындығым аз болып қалды. Сол себепті жанкүйерлерден кешірім сұрап, видео түсірдім. 

– Сын комментаторлар ғана емес, қазақстандық футболшыларға да жиі айтылады. Тіпті, «қазақ доп теппей-ақ қойсын» деген пікірлерді де оқып, естіп қаламыз. Қазақстан құрамасының нәтижелері де көңіл көншітпейді. Неге? 

– Бокс, күрес емес, футбол – Қазақстандағы №1 спорт. Әлемде де солай. Миллиондаған жанкүйері бар. Ол керек емес деп ешкім кесіп айта алмайды. Өйткені ол спорт қана емес, футбол – саясат, бизнес, әлемдік хобби, тіпті, маркетингтік қадам. Кейбір елдердің затын білмесек те, ұлттық құрамалары арқылы атына қанықпыз. Демек, футбол – бренд! Ұлттық құрамамыз күшті болса, сол арқылы мемлекеттің аты шығады. Қазақстан ұлттық құрамасы нашар деп айта алмаймыз. Соңғы уақытта деңгейі артып келеді. Бәсекелестік бар.

Еуропаның ортақол чемпионаттарында доп тебетін ойыншыларымыз да бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын барлығы ішкі чемпионаттарда өнер көрсетсе, қазір жағдай басқа. Лигионерлер көбейіп келеді. Нәтижесі көңіл көншітпесе де, командада баяу болса да прогресс бары көзге ұрып тұр. Болашағымыз жарқын екеніне сенеміз. Уэльс, Венгрия секілді мемлекеттер қатарынан екінші рет Еуропа біріншілігіне қатысып жатыр ғой. Біздің құраманың да байрақты бәсекелерде ел намысын қорғайтын күні алыс емес. Ұлттық құрамада прогресс бар.

– Еуропа чемпионаты басталмай жатып қай құрама чемпион болады деген сауал өзекті болды, әлі де жұрт ішінде талас-тартыс бар. Сеніңше, ширек финалға кімдер өтіп, финалдық сында қай командалардың ойнайды?

– Жоғарыда үш фаворит құрама жайлы айттым. Олар – Франция, Италия және Бельгия. Осылардың бірі міндетті түрде чемпион атанады. Италия мен Бельгия өз тобында жоғары ұпай жиып, бірінші орынмен алға шықты. Плей-оффтағы қарсыластары көрші топтан екінші орын алған құрамалар. Демек, бұл кездесу де олар үшін қиынға соқпасы анық. Осы құрамалар жартылай финалға өтіп тұр десек болады. Басқалары жайлы айту қиын. Мәселен, 2016 жылы Уэльс жартылай финалға дейін жетті. Бельгия секілді көшбасшыларды тоқтатып, жанкүйерлер күтпеген нәтижені көрсетті. Қазіргі қарқыны да жаман емес, тамаша ойнап жатыр. Биыл да осындай оқиғалар болуы әбден мүмкін.

Тағы да айтамын, осы жылғы Еуропа біріншілігінің чемпионы белгілі. Ол – Франция, Италия немесе Бельгия.

– Мынадай бір қызық сұрақпен сұхбатты түйіндейік. Сен – бапкерсің делік, арманыңдағы құраманы жасақтауға мүмкіндік бар. Ол құрамада кімдер ойнайды?

– Мен Роналду, Месси, Неймар секілді кіл мықтыларды бір құрамаға біріктірер едім. Төмендегі кестеден мен жасақтаған үздің құраманы көре аласыздар. 

Тегтер: