Футбол федерациясы «Ордабасымен» өткен матчтан кейін «Елімайды», Карповичті және төрешіні жазалады
Қазақстан футбол федерациясының бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті Премьер-лига клубтары арасындағы футболдан Қазақстан чемпионатының 13-туры аясындағы «Елімай» – «Ордабасы» матчы бойынша шешім шығарды. Екі клуб арасындағы кездесу 14 маусымда Семейде өткен еді.
Астана, NEGE. Шешімге сәйкес, «Елімай» командасының бас бапкері Андрей Карпович төрт матчтан шеттетілді. Мұндай шешім қабылдауға оның «матчтағы ресми тұлғаның әрекеттеріне агрессивті түрде келіспеушілік білдіріп, ойыншылар, клуб өкілдері мен төрешілер бригадасы арасында жанжалдың туындауына себеп болғаны, сондай-ақ беделге нұқсан келтіретін мәлімдемелер жасағаны» түрткі болған.
Бас бапкермен бірге «Елімай» командасының ойыншысы Жан Әли Пайруз да төрт матчқа ойыннан шеттетілді. Ол, Федерация өкілдерінің мәлімдеуінше, «алаңның ортасында бас төрешіге физикалық қысым көрсетуге әрекеттену арқылы спорттық емес мінез-құлық танытқан».
Ал клубтың басқарушы директоры Федор Симинидиге 1 қазанға дейін «Елімай» қатысатын матчтар өтетін стадиондарға кіруге тыйым салынды. Бұған қоса ол 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Ол «матч аяқталғаннан кейін төрешілер бөлмесіне кіріп, матчтың ресми тұлғасына балағат сөздер айтып, қорқыту әрекеттерін жасағаны үшін» жазаланған.
«Команда жанкүйерлерінің матчтың ресми тұлғаларына қатысты қорлайтын сөздер айтуы, төрешіге тиген заттарды лақтыруы, сондай-ақ бөгде тұлғаның төрешілер бөлмесіне кіруіне жол беру салдарынан қауіпсіздіктің қамтамасыз етілмеуі үшін тәртіптік құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша «Елімай» футбол клубына 300 АЕК (1 297 500 теңге) көлемінде айыппұл салынсын», – делінген Федерация хабарламасында.
Сондай-ақ бір ойыншы мен команданың екі өкілінің алаңнан қуылуына байланысты тәртіпсіз мінез-құлық үшін клубқа тағы 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Жалпы алғанда клуб 23 шілдеге дейін 1,7 млн теңгедей айыппұл төлеуге міндеттелді.
Ал бас төреші Арман Есмұратов «Елімай» өкілдерінің атына «балағат сөздер айтып, Әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны» үшін 1 қазанға дейін қызметінен шеттетілді.
Еске салсақ, таяуда Қазақстан футболында төрешіге қатысты тағы бір дау шықты. «Елімайдың» бас бапкері Андрей Карпович «Ордабасыға» қарсы матчтан кейін төреші Арман Есмұратовтың жұмысын сынға алып, оның өзін және ойыншыларды балағаттағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, оның айтуынша, Есмұратов чемпионаттың қалған бөлігінде «Елімайды» қыспаққа алатынын айтып, өзіне қоқан-лоқы көрсеткен.
Осы жайтқа байланысты Есмұратовқа қатысты ұсақ бұзақылық бабымен әкімшілік іс қозғалып, оған сот 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады.