28 июля 2025 г. 9:58

«Жаңа Қазақстанда да жемқорлар жетерлік» – Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов

Фото: ғаламтордан

Парламент Мәжілісі депутаттығы сайлауына 8 мәрте қатысып, 5 рет халық қалаулысы атанған Нұртай Сабильяновқа шығыс өңірі халқының артқан жүгі ауыр. Ол бұл үдеден шығып, аймақтағы күрделі мәселелердің шешімін табуына тікелей атсалысқанын айтады.

NEGE тілшісі таяуда демалысқа шығып, 19 күн бойы 6 аудан елді мекендерін аралап, халықпен кездесулер өткізіп келген депутатты әңгімеге тартты.

«Абай облысына ақша жетпей жатыр»

– Нұртай Салихұлы, Парламенттің бірнеше шақырылым депутаты болдыңыз. Қазір Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы ретінде қай бастамаларыңыз қолдау тапты? Жалпы, Парламенттің жұмысына қандай баға бересіз?

– Жалпы, 7-ші шақырылымда, яғни 2021-2023 жыл аралығында депутат болған жоқпын. 2023 жылы 19 наурызда Абай облысының халқының қолдауымен бірмандатты округтен депутат болып сайландым. 2 жыл 4 айда бірқатар мәселені қарастырып, шешімін табуға атсалыстық. Өзім осы уақытта Абай облысының 10 ауданы мен 2 қаласындағы 150-ден аса елді мекенге барып, халықпен ашық кездесулер өткіздім. Қазірдің өзінде шешімін тапқан мәселелер бар.

Қазақстан бойынша 2015 жылдан бастап 60 мыңнан астам пәтер жалға берілген екен. Айталық, сатып алу құқығынсыз арендаға берілген үйлерді жекешелендіруге қатысты тиісті заң жобасын бір жарым жылдай талқылап, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгіздік. Біздің комитет бұған бастамашылық етті. Заңға былтыр қараша айында Президент қол қойып, 4 желтоқсаннан қолданысқа енгізілді. Нәтижесінде азаматтар жалға алған үйін, пәтерін жекешелендіру құқығына ие болды. Соның ішінде 10 санатқа жататын азаматтар (1 және 2 топ мүгедектігі бар адамдар, Семей полигонынан және Арал экологиясынан зардап шеккендер, әскери қызметкерлер, т.б.) баспанасын тегін жекешелендіре алады.

Екінші, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуді жақсартуға байланысты өзгеріс енді. Яғни, бұрын әкімдіктер тұрғын үйді салғаннан кейін ғана кезекте тұрғандарға берсе, енді әкімдік салынған дайын тұрғын үйді сатып алып, баспанаға мұқтаж азаматтарға беру мүмкіндігін алды. Демек, бұл баспанамен қамтамасыз етуді жеделдетеді. Одан бөлек құрылыс компаниялары арасында бәсеке дамып, тұрғын үйдің сапасын жақсартуға септігі тиеді.

Тағы бір жағымды жаңалық – депутаттар ауылдарды медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету үшін елді мекенге баратын маманға 8,5 млн теңге беру туралы заң нормасын қабылдады. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу туралы заңды жаңадан қабылдап, мердігерлерге қойылатын талапты күшейтіп, мемлекет қаржысын тиімді пайдалануды қамтамасыз еттік. Сонымен қатар тұрғын үйге үлескерлік қатысу мәселесін толық реттеуге қол жеткіздік. Елді мекендерге жоғары жылдамдықты интернет жеткізуге орай заңға түзету енгізіліп, биылдан бастап оптикалық талшықтық байланыс желісі тартылады. Нәтижесінде 2 жарым жылда 3 мыңнан аса ауыл интернетке қол жеткізеді.

– Сізді сайлаған Абай облысы елді мекендерінде ауыз су, жол, жұмыссыздық мәселесі күрделі екені баршаға аян. Қазір бұрынғымен салыстырғанда ілгерілеушілік байқала ма?

– Бұрын бір әкім табан аудармай басқарған Шығыс Қазақстан облысында мәселе шаш-етектен болды. Ал Абай облысы бөлек құрылғаннан кейін қаражат тәуір бөліне бастаса да, қордаланған мәселелерді шешуге жетпей жатыр. Жақында 19 күн бойы Абай облысының 6 ауданындағы 30-ға жуық елді мекеніндегі халықтың мұң-мұқтажын тыңдап келдім. Сол баяғы жол, тұрғын үй, интернет, ауыз су мәселесін жеткізді. Депутат болып сайланған соң алғашқы жалпы отырыста Абай облысындағы жол мәселесін көтердім. Соның ішінде кезінде жөндеу жұмысы тоқтап қалған Қалбатау-Аягөз-Үшарал жолы толығымен жөнделіп, қолданысқа берілді. Одан кейін Семей-Қайнар жолының 50 шақырымы жөнделді. Былтырдан бастап Қарағанды-Баршатас-Аягөз-Боғас республикалық жолын жөндеуге қаражат бөлінді. Ал басталғанына 7 жыл болған Қалбатау-Майқапшағай республикалық тасжолына жан бітіп, соңғы екі жыл қарқынды жүріп жатқан жұмыс биыл аяқталады.

Сол сияқты Ақтоғайдың 84 шақырым жолы, Семей-Ақжар облыстық жолы да өзекті. Абай ауданының орталығы Қарауыл мен Аягөз арасындағы 150 шақырым жол өте нашар. Абайдың 180 жылдығына келетіндер сол жолмен жүретін болса, соны ескеру керек. Бір сөзбен айтқанда, Абай облысында аудандық, ауылға баратын жолдардың әлдеқашан тозығы жеткен. 

Н.Сабильянов. Фото: ғаламтордан

Сондықтан Парламент мәжілісінде өңірлерге қосымша субвенция, қосымша қаражат беретін Республикалық бюджет пен жалпы сипаттағы трансферт туралы заң жобаларын талқылаған кезде Абай облысына қосымша қаржы бөлуді қарастырамыз. 

Ал ауыз су мәселесіне келсек, республикалық бюджетті қарастырған кезде былтыр Абай облысындағы 15 елді мекенге, биыл Семей мен Аягөз қаласымен қоса 22 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге қосымша қаражат бөлінді. Дегенмен, бөлінген ақша толық жетпейтін болғандықтан өзім республикалық бюджет комиссиясының мүшесі ретінде қайтарылған активтер, жемқорлардан қайтқан қаражатты елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсауды ұсынып едім, мұны премьер-министр Олжас Бектенов пен вице-премьер Қанат Бозымбаев қолдады. Биылдың өзінде комиссияның шешімімен арнайы мемлекеттік қордан 165 млрд теңге ауыз суға көзделді. Оның 10 млрд-ы Абай облысына берілді.

Айтпақшы, Абай облысында және басқа өңірлерде көтерілген тағы бір мәселе – елді мекендердегі 80-85 пайызға тозған электр желілері мен жабдықтар. Электр жарығы жиі өшеді, трансформаторлар жиі істен шығады. Осы мәселеге қатысты мен Үкіметке депутаттық сауал жолдадым. Үкімет қолдады. Парламент Мәжілісінде коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған заң жан-жақты талқыланып, қабылданды. Қаражат қарастырылып, жұмыс биылдан бастап жүргізіледі.

«Банктерге ақша беруді тоқтату керек»

Қаражат талай жылдан бөлініп келді ғой. Неге осы уақытқа дейін елді мекендер ауыз суға жарымай келді? Бюджет ақшасының тиімсіз жұмсалуына кім жауапты?

– Бұл мәселе Абай облысында да бар. Мысалы, ауыз су бармаған 15 ауылға кезінде қаржы бөлінген. Бірақ сол қаржы мақсатсыз жұмсалған. Екінші, жұмыс сапасыз атқарылған немесе жобалық-сметалық құжаттың құнын өзгертіп жіберген. Жосықсыз мердігер жұмысын аяқтамай, тастап кетіп қалған. Кезінде осыған байланысты құқық қорғау органдарына депуаттық сауал жолдап, қылмыстық іс қозғауға түрткі болдым. Тағы бір түйткіл – Семей қаласының жылу құбырларына қатысты көтерілді. Жылу қазандықтары мен трассаларын ауыстыруға тиісті қаражат бөлгіздік. 

Халықтың әл-ауқаты қалай? Сіз экономикалық реформаларды қолдау туралы айтасыз, көтересіз. Бірақ аймақтағы жұрттың әлеуметтік жағдайы жыл өткен сайын төмендеп жатқанда, олигархтар байыған үстіне байып жатыр. Бұл әлеуметтік әділетсіздікке алып келмей ме?

– Мұндай мәселе бар. Өйткені, азаматтар кәсіпкерлікпен айналысамын десе, шаруа қожалықтарын құрып, ауыл шаруашылығын жүргіземін десе, жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмайды. Банктен 20-25 пайызбен алатын несиемен ешқашан экономиканы дамытпаймыз. Сондықтан біздің комитет Үкіметке Қазақстанда жеңілдетілген несие жүйесін енгізу туралы ұсыныс берді.

Мәселен, Қазақстанның даму банкі арқылы ірі кәсіпкерлік субъектілерін қолдап, қаражат бөлеміз. Бірақ бұл жобалардың ішінде олигархтардың да ірі бизнесі бар. Яғни, енді Қазақстанның даму банкіне реформа жасап, шағын және орта бизнесті де қаржыландыруға бет бұру керек. Сосын кәсіпкерлікті қолдайтын «Бәйтерек» ұлттық холдингі, «ҚазАгро», «Даму», «Өнеркәсіпті дамыту қоры» және тағы басқа даму институттарының жұмысын бір жүйеге келтіріп, жеңілдетілген несие жүйесін енгізіп, банктерге берілетін субсидияны алып тастау керек. Шағын және орта бизнесті қолдау үшін жылына 300 млрд теңгеге жуық қаражат «Даму» қорына беріледі. «Даму» оны банктердің жоғары пайызбен беретін несиесін төмендету үшін субсидия ретінде банктерге береді. Яғни, банктер 22 пайызбен берілетін несиенің 14 пайызына мемлекеттен қолдау алады. Кәсіпкер 8 пайызын өзі төлейді.  

Фото: ғаламтордан

Жалпы, әлемдік экономикада банктерді мемлекет қолдап, қаржыландырмайды. Керісінше, банктер бір-бірімен бәсекелесіп, экономиканы қаржыландыруға жұмыс істейді. Бізде банктер байып барады. Өйткені, 10 жылда 2 трлн теңгеден артық қаражат банкті қолдауға кеткен. Яғни, жылына 200-300 млрд теңге бөлініп отыр деген сөз. Бірақ одан экономикада даму көрсеткіші байқалмады. Сондықтан Салық кодексінде банктердің табысына 25 пайыз салық салу қарастырылды. Алдағы күзде Мәжілісте екінші деңгейлі банктер туралы жаңа заң талқыланатын болады. 

Елімізде саяси-экономикалық жүйені түбегейлі өзгерту үшін не істеу керек?

– Мемлекет кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға қаражат бөледі немесе кәсіпкерлік субъектілері кәсіп ашып, іс бастаймын дегендерді жетелейді. Бірақ содан өндіріс орны ашылды ма, зауыт-фабрика құрылды ма, тауар немесе өнім шығарылды ма, осы жағына назар аудармайды. Мәжілісте Қазақстандық тауар өндірушілердің реестерін құру туралы мәселе көтеріп, заңға өзгерістер енгіздік. Яғни, енді өзіміздің тауар өндірушілер Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жүргізетін реестерге тіркелу керек болады. Әйтпесе, бұған дейін CT- KZ индустриялық сертификаты беріліп келді. Бұл – қазақстандық тауар өндірушілерді дәлелдейтін құжат. Бірақ бізде көрші мемлекеттің тауарын әкеліп, өзінің этикеткасын тіге салады да, «отандық өнім» дейді. Не ғимараты, не зауыты, не құрал-жабдығы жоқ. Онымен қоймай, салықтық жеңілдік алып, мемлекеттік сатып алуға қатысады. Осы көзбояушылықты жою үшін, енді қазақстандық тауар өндірушілердің реестері ақпараттық жүйесі болады. Онда Қазақстан бойынша кім қандай тауар шығаратыны, қандай құрал-жабдығы бар, қанша жұмысшы істейтіні, бәрі айқын көрінеді. Бұл жүйе 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Сондықтан елімізде ең алдымен өндіріс пен ауыл шаруашылығын қолдау керек. Жалпы, еліміз даму үшін жемқорлықпен күресуду күшейту маңызды. 

«Парламенттің жұмысын әкімдердің жұмысымен шатастыратындар бар»

– Парламентте талқыланатын заңдар ішінде халықтың мүддесіне қарсы шешімдер де айтылады. Ондай жағдайда өз ұстанымыңызды қорғай аласыз ба, әлде көппен бірге үндемей дауыс бере салған кездер болды ма?

– Парламент мәжілісінде ең көп заң жобаларына бастамашы болатын – Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті. Біз әр заң жобасын қарастырып, ұсынысты енгізерде халыққа, мемлекетке қандай оң әсерін тигізетініне жан-жақты талдау жүргіземіз. Комитет төрағасы ретінде біздің комитет жетекшілік еткен әр заң жобасына жауап бере аламын. Бұл заң жобалары кейбіреулерге ұнамауы мүмкін. Біз унитарлы мемлекет болған соң, елге де, халыққа да бірдей жұмыс істейтін, қоғамдық қатынастарды реттейтін заң шығаруымыз керек.

Мәселен, қалалардағы мопедшілер жол ережесін бұзып, апаттың жиілеуіне әкелді. Міне, соған орай заң қабылдап, 6 айда реттедік. 4 сәуірден бастап әр мопед жүргізушісі жүргізу куәлігін алып, көлігін тіркеп, басына каска киюі керек болды. Одан бөлек жол сапасын тексеретін компанияларға талапты күшейттік, халыққа қызмет көрсету орталықтарында істейтіндердің жауапкершілігін мемлекеттік қызмет көрсететіндермен теңестірдік. Өйткені, олар әр азаматтың жеке дерегіне қол жеткізе алады. Сондай-ақ, біздің комитетте заман талабы сұрап тұрған «Жасанды интеллект» туралы заң жобасын талқыланып жатыр. Көрші мемлекеттерде ондай заң жоқ.

Сіз білсеңіз, Парламентте «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңды бір жарым жылдан бері талқылап келеміз. Алуан түрлі ұсыныс, кедергі келтіретіндер де бар. Қазір сауда жасайтын онлайн қосымшалар жетерлік. Егер сіз тауар сатып алғанда одан ақау шықса, қайтара алмайсыз. Яғни, тұтынушы ретінде құқыңыз қорғалмайды. Осыған орай заңға өзгеріс енгізілуде Әріптестеріміз енгізген кейбір ұсыныстармен келіспеуіміз де мүмкін.

Халықтың Парламентке деген сенімі неге төмен? Депутаттың жауапкершілігі неде?

– Жалпы, әрбір азамат қоғамда өз пікірін білдіруге құқылы. Дегенмен, Парламенттің жұмысын әкімдердің жұмысымен шатастыратындар бар. Ауылға барғанда «Біздің мәселені қалай шешесіз? Қандай көмегіңіз болады?» деген сұрақ жиі қойылады. Негізі жергілікті жердегі облыстық, аудандық жолдарды жөндеу, ауылды жарықтандыру мәселесін шешу, жобалық-сметалық құжатты әзірлеу – әкімдердің құзыретінде. Егер өңірлерде әкімдер дұрыс жұмыс істесе, мұндай әңгіме болмас еді. Парламенттегі басты жұмыс – заң шығару, халық көтерген мәселені шешуге бағытталған жұмыстар жүргізу. Депутаттың жауапкершілігі – заң жобаларын талқылауға белсенділік танытып, ұсыныстар енгізу, мәселені тілге тиек етіп қана қоймай, шешуге ықпал ету.  

«Әріптестерім маған «Ескі Қазақстанның адамы» деп қарады»

Абай облысындағы қордаланып қалған түйткілдің ұңғыл-шұңғылына дейін жіті білесіз. Облыс құрылғанда «Сабильянов әкім болуы керек» дегендер болды. Егер сізді ұсынғанда, келісер ме едіңіз?

 – Облыс әкімдері Президент әкімшілігінің ұсынуымен және жергілікті мәслихаттар келісуімен тағайындалады. Мен ол кезде депутат болған жоқпын. Өйткені, депутаттықтан 2020 жылдың аяғында кетіп, 2023 жылдың наурызында қайта сайландым. Ал облыс 2022 жылы құрылды. Сондықтан жергілікті мәслихат депутаттары дауыс беріп, қолдаған азамат облыс әкімі болып тағайындалды. 

 2020 жылға дейін мәжілісте 16 жыл депутат болдым. Қайта айналып келіп, бірмандатты округтен сайландым. 

Парламентке жаңадан сайланып, «жаңа Қазақстан» болып келген кейбір әріптестерім де маған «Ескі Қазақстанның адамы» деп қарады. Ескі Қазақстанда да адал азаматтар жұмыс істеді, жаңа Қазақстанда да жемқорлар жетерлік. Одан комитет төрағасы ретінде олардың қандай ұсыныс бергенін, қалай қорғай алатынын бес саусақтай білемін.

Фото: ғаламтордан

– Кәсіпкер ретінде жергілікті өңір халқына қайырымдылық жасап, көмектесіп жүресіз. Халықтың, оның ішінде депутаттар мен блогерлердің табыс көзін жариялау қоғамға қаншалықты тиімді? Жалпы, декларация саяси ашықтықты арттыра ма? Сіз қандай бизнеспен айналысатыныңызды бүкпей айта аласыз ба?

– Кезінде бизнеспен айналысқанымды жасырмаймын. Фабрика да болды. Қазір де бар. Заң талабына сай сенімді басқаруға бергем. Мәжіліс депутаты болған соң араласпаймын. Өзім 1992 жылдан бастап әр жыл сайын декларация тапсырып келемін. Өйткені, сол кезден бастап түрлі істі қолға алдым. Салық төлегеннен кейін алынатын дивиденд, табысымды көрсетуім керек. Егер тексеру болса, «салығымды төлеп, пайдамды тауып отырмын» деймін. Депутат болып сайланғанға дейін тек қана кәсіпкерлік субъектілерде жұмыс істедім. Кейбіреулер мені 1991 жылдан бастап депутат болып келеді деп ойлайды.

Сізді «елдің есінде биліктің жүйесін қолдайтын «мәңгі депутат» ретінде қалып қоймай ма?» дейтіндер де бар екен...

– Егер екі рет бірмандатты округтен сайлансам, қалай мәңгі депутат боламын? Әр адам өз кандидатурасын ұсынып, үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Соның ішінде халық дауысты жас азаматқа бере ме, тәжірибесі бар адамға бере ме, өзі шешеді. Ал енді бірі «әлеуметтік желіде оқырманым көп әрі өзім белсенді болсам, халық маған дауыс береді» деген пікір қалыптастырып алған. Мүлдем олай емес. Абай облысынан 8 кандидат тіркелді. Соның төрт-бесеуі маған қарсы жұмыс жүргізді. Бірақ ешқайсысының үстінен шағым түсіріп, жамандап, жалған ақпарат таратқан жоқпын. Өйткені, депутаттар арасында сайлауға қатысты тәжірибесі мол адам шығармын. Парламент Мәжілісі депутаттығына 8 рет қатысып, үш рет жолым болмады. 18 жылда бес шақырылымда депутат атандым. Жемқорлықтан аулақ болдым. Мемлекеттің мүлігін жекешелендіріп алған жоқпын. Бюджет қаражатына қол сұққан емеспін. Сондықтан ешкімнің алдында ақталмаймын. Өйткені, менің депутаттық қызметіме баға беретін – Абай облысының халқы. Мақсатым –  сол сенімді ақтау.