6 мая 2022 г. 19:14

Еркін Отарғалымұлы: Өртке тікелей себепші – адам факторы

Фото:

«Апат айтып келмейді». Тілсіз жаудың да қай тұстан төнетінін болжай алмайсың. Мұндайда бізге бірінші көмекке келетін – өрт сөндірушілер. Nege.kz тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлымен әңгімелескен еді.

– Елорда бойынша төтенше жағдайдың алдын алуға байланысты нақты қандай шаралар атқарылып жатыр? Жыл өте келе қайғылы оқиғалар саны азайып келе ме?

– Департаментпен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселесі бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары кешені үнемі жүргізіліп тұрады. Қоғамда өрт қауіпсіздігінің алдын алу мәселелері мен болдырмау жолдары туралы ақпараттандыру, өрттің қаупі мен одан кейінгі зардабы туралы тұрғындарды құлақтандыру бойынша мақсатты жұмыстар атқарылады.

Бұл жұмыс бізде тоқтамайды. Департаменттің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы тұрақты түрде түрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған акциялар мен конкурстар өткізіп, арнайы нұсқаулықтар таратады. Тіпті, аулаларды аралап тұрғындармен жиын да ұйымдастырылады.   

Елордада жыл басынан бері 236 өрт оқиғасы тіркеліп, 7 адам жарақат алып, 8 адам қайтыс болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 26,4 пайызға төмен. Атап айтқанда, 2021 жылдың осы уақытында 284 өрт оқиғасы тіркеліп, 6 адам қаза тапты.

– Құрал-жабдықтар жаңарып жатыр ма? Жалпы, бұл саланы цифрландыру мен модернизациялау қалай жүзеге асып жатыр?

– Департаментке қарасты 12 өрт сөндіру бөлімі, 175 өрт сөндіру техникасы бар. Жергілікті атқару органы жыл сайын жаңа техника бөліп отырады.

– Өрт оқиғасы көбінесе қандай себептен туындайды? Тілсіз жау көп қабатты тұрғын үйлерде жиі тіркеле ме, әлде жер үйден бе?  

– Өрт оқиғасының себептері әр түрлі. Оның адами факторларға да қатысы бар. Егер әрбір саналы адам өзі тұратын үйдің, пайдаланатын заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, онда өрт қаупін бір сыпыра төмендетеді. Электр құралдарын шамадан тыс жүктеу, пеш мұржаларын ыстан тазаламау, пештегі жарықтарды сыламау, пешті жағу кезінде қараусыз қалдыру немесе тез тұтанатын заттармен тұтандыру, балаларды қараусыз қалдыру, үйде темекі шегу тағы да басқа осы сияқты жағдай өрт оқиғаларына әкеп соғуы мүмкін.

Біз тұрғындарға қауіпсіздіктің алдын алуға қатысты, яғни өрт қауіпсіздігі, суға түсу маусымы, жұқа мұз, су басу мерзімін қамтитын жадынамалар әзірлеп, таратамыз. Себебі, жұрт өрттің шығу себебін білсе де, іс жүзінде жүрдім-бардым қарап жатады.

– Департаментте қанша адам жұмыс істейді? Бұл саланы таңдайтын мамандарға қандай қасиет керек?

– Бүгінде департаментте Өрт сөндіру қызметінің  қызметкерлерін қоса есептегенде 1596 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 421 басшы құрам, 1055 қатардағы құрам, 16 әкімшілік мемлекеттік қызметші және 104 жұмысшы бар. Бұл саланы таңдайтын мамандарға ең алдымен батылдық, шапшандық, жауапкершілік, адамгершілік қасиеттері керек.

– Сала мамандарының жалақысы көңіл көншітерлік пе?

– Мамандардың жалақысы атқарып отырған лауазымына, шеніне, жұмыс өтіліне тікелей байланысты. Қазір қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша министрлікпен тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.                                      

Тегтер: