«Енді асыға оралатын үйім бар»: Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлады

Продюсер Баян Алагөзова Қазақстанның халық әртісі, «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлады.

@bayanmaxatkyzy

Астана, NEGE. Продюсер жаңа баспананы актрисамен бірге аралап шыққан видеоны Instagram парақшасында жариялады. Пәтер жиһазбен және тұрмысқа қажетті заттармен толық жабдықталған. Тіпті жатын бөлмедегі төсек-орын жабдықтарына дейін дайындалған.

Баян Алагөзованың айтуынша, пәтердің дизайнымен өзі айналысқан.

«Жылағым келіп тұр... Ауласы қандай керемет. Әдемі, жайлы. Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Енді асыға оралатын үйім бар», – деді Меруерт Өтекешова.

«Сөздің қажеті жоқ. Ең бастысы – сіздің күлкіңіз», – деп жауап берді Баян Алагөзова.

Продюсер халық әртісіне пәтерден бөлек, Түркияға екі адамға арналған он күндік жолдама сыйлады. Меруерт Өтекешова Түркияға алғаш рет баратынын айтты.

Еске салайық, бұл оқиғаға «Қыз Жібек» фильміндегі камзолға қатысты дау түрткі болған еді.

6 мамырда Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлауға уәде берген. Өйткені халық әртісі кенже қызы және немересімен бірге жалдамалы пәтерде тұрып жатқанын айтқан еді.

Сол кездесуде продюсер актрисаға «Қыз Жібек» фильміндегі әйгілі камзолды да табыстаған.

Сондай-ақ продюсер халық әртісіне өмір бойы ай сайын 1 миллион теңге қаржылай қолдау көрсететінін де мәлімдеген.