Экономист: Алдағы 20 жылда пәтер бағасы түспейді

Елордада пәтер бағасы онсыз да қымбат болып тұрған кезде сол жағалауда Mega Garden сауда орталығы салынады деген жаңалық жұртты елең еткізді. Бірі «аудан жанданады» десе, енді бірі «үй бағасы тағы өседі» деп алаңдап отыр.

NEGE, ЖИ көмегімен жасалған

Астана, NEGE. Экономист Қажыкелді Шамбылдың сөзінше, мұндай үлкен нысанның салынуы сол маңдағы жылжымайтын мүлік бағасына әсер етпей қоймайды. Адам көп келеді, сұраныс артады, соған қарай баға да өседі.

«Кез келген ірі нысан, көрнекті ғимарат немесе жұртшылық көп шоғырланатын объект салынса, оның маңайындағы тұрғын үйдің де, жалға берілетін коммерциялық нысандардың да, жер телімдерінің де бағасы өсетіні – қалыпты құбылыс. Біздегі ЭКСПО, Бас мешіт сынды нысандардың маңындағы тұрғын үйлерді мысалға алып, жағдайдың қалай өзгеретінін болжауға болады. Жаңа Megа жобасы сәтті болса, сұраныс артып, баға шамамен 20–30 пайызға дейін өсуі ықтимал деп айтуға болады», – деді сарапшы.

Астанада пәтердің бір шаршы метрі қазір шамамен 400 мың теңгеден басталып, одан әрі қымбаттай береді. Соған қарамастан, ел ішінде «баға бір күні төмендеуі мүмкін» деген үміт те бар. Осы үміттің ақталуы мүмкін бе?

Сарапшының айтуынша, бағаның өсуіне әсер етіп отырған екі басты фактор бар.

nege.kz

Өсімнің ең басты себебі – алыпсатарлықта. Қажыкелді Шамбылдың айтуынша, адамдар арасында «үй міндетті түрде қымбатқа сатылуы керек» деген түсінік қалыптасып кеткен. Ал шын мәнінде, уақыт өткен сайын тұрғын үйдің тозатыны ескеріле бермейді. Соның салдарынан нарық қолдан қыздырылып отыр. 

«Үйдің пайдалануға берілген кезінен біраз уақыт өткенін, сапасы төмендегенін ескеріп, оның бағасы сол қалпы қалуы немесе арзандауы керек. Біздікілер керісінше істеп, бағаны өсіріп алады», – деді маман.

Құрылыс материалдарының басым бөлігі сырттан келетіні де бағаға әсер етіп отыр. 

«Екінші мәселе – импортқа тәуелділік. Біз құрылыс материалдарының едәуір бөлігін сырттан аламыз. Ал бұл салада инфляциялық қысым өте жоғары. Кей жылдары құрылыс материалдарының қымбаттауы 20 пайыздан асып кеткен кезеңдер болды. Қазіргі уақыттағы үйлердің қасбеті, дыбыс оқшаулау технологиясы, бизнес-класс пен комфорт-класста қолданылатын материалдар бәрі шетелден келеді», – деп түсіндірді сарапшы.

Осының бәрін ескерген Қажыкелді Шамбыл баға одан әрі өспесе, айтарлықтай түспейді деп санайды. 

«Алдағы 20 жылда баға түспейді, доллар арзандамаса, құрылыс материалдары арзандамаса, жаңа аудан ашылмай тұралап қалса, 5–6 жылда 70–80 пайызға дейін өсуі мүмкін. Жалпы, Қазақстанда тұрғын үй бағасы ұзақ уақыт бойы көбіне өсіп келеді. Соңғы 20 жылда нарықтың айтарлықтай арзандағанын өзім көрген жоқпын», – деді сарапшы.

Сондықтан ол баспана аламын деушілерге егер үй шынымен қажет болса, сатып алу-алмау туралы шешімді тым ұзаққа созбауға кеңес береді.

Қазір оқып жатыр

Тоқаев: Біріккен Ұлттар Ұйымына түбегейлі реформа жасау керек

Ақтөбеде 20 күн бұрын жоғалып кеткен баланың денесі өзеннен табылды

«Көліктер жүзіп барады»: Нөсер жаңбырдан Алматы көшелерін су басты

4 жылдан кейінгі алтын: дзюдошы Әділет Алмат Азия чемпионы атанды