Думан Нағашыбекұлы: Мамытбековтың кезінде шаруалардың тынысы ашылды
Мал бағуды ар санамай, атакәсіп ретінде табыстың кілті санаған Думан Нағашыбекұлына бұл саладағы кез келген мәселе тайға таңба басқандай.
NEGE тілшісіне мал шаруашылығын, оның ішінде ірі қара мал санын көбейтуді мақсат етіп, осы жолда басын тасқа да, тауға да соққан кәсіпкер-шаруа кешегі мен бүгінгіні салыстырып, бірқатар түйткілді тізбектеп берді.
– Сонау 2012 жылы құрылып, шаруа қожалықтарының басын қосқан «Қалмақ малдары» палатасы жұмысының қарқыны бәсеңдеген жоқ па?
– Палата дегеніміз – шаруалар құрған қоғамдық ұйым. Сүт бағытындағы ірі қара малдың әр түрі – ангус және ақбас сиырынан басталатын барлық тұқымның өз палатасы болды. Шамамен 20-30 палата құрылған шығар. Соның ішінде «Қалмақ малдары» палатасы да бар. Ол кезде елімізде бірде бір қалмақ малы болмады. Біз шаруа қожалықтарына мал тұқымы жайында кеңірек ақпарат беріп, ірі қара малды шетелдің қай мемлекетінен әкелу керектігі жөнінде толыққанды кеңес беріп отырдық. 4-5 жылда палатаны белгілі бір деңгейге көтердік. Қазір кеңестің мүшесімін.
Иә, сол кезде шаруалардың бастамасымен құрылған республикалық палаталар талай шаруа атқарды. Соның ең негізгісі – әр мал тұқымы бойынша құрылған палаталар ауыл шаруашылығы саласындағы заңдарға өзгеріс енгізуге біршама түрткі болды. Яғни, еліміздің әр өңірінен құрылған осы сынды палаталар үкіметтің мал шаруашылығын қадағалау функциясын арттырып, бәсекелестік ортаға бейімдеу мәселесіне едәуір ықпал етті.
2011-2016 жылдары Асылжан Мамытбеков министр болып тұрғанда ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай ілгерілеушілік болды. Ең алдымен заңнамалық құжаттарға тың өзгерістер енгізіп, мал шаруашылығы, оның ішінде асыл тұқымды малды өсіру, сырттан әкелу ісін реттеді. Нарықтық экономикаға көшкен Қазақстан үшін оған дейінгі заңдар да ескірген еді.
Бір сөзбен айтқанда, сол кездегі министрлік еліміздің заңдарын Еуропа елдеріндегі заңдарға сәйкестендіріп, нарық талабына сай ауыл және мал шаруашылығының дамуына ыңғайлы құжат дайындап берді. Нәтижесінде Қазақстанда мал шаруашылығының дамыту арқылы ет экспорты әлеуетін арттыруға үлкен жол ашылды. Осылайша, бізде осы уақытқа дейін болмаған шаруаларды қолдау, мүддесін қорғау, оларды субсидия арқылы ынталандыру тетігі пайда болды.
Бұдан шетелден асыл тұқымды ірі қара мал әкеп, мал саны мен сапасын көбейтуге бетбұрыс жасалды. Тіпті, сол аралықта бізге әлемдік деңгейде ет комбинатын салғысы келетіндер қызыға бастады. Олар да «Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына мемлекет қолдау білдіріп, заңнамалық тұрғыда өзгеріс енгізіліп жатыр» дегенді естіп жатты.
– Бұл шаруалар ерекше қуанған жылдар мен мемлекет тарапынан жасалған қолдау ұзаққа созылды ма, әлде...
– Өкінішке қарай, бізде тәп-тәуір басталған шаруа аяқсыз қалады. Оның үстіне саладағы министрлердің жиі ауысуы да дәстүрге айналып кеткен. Кез келген іс соңына жетсе екен дейсің. Бір министр бастаған реформаны екіншісі іліп кетіп, жалғастырса болмай ма? Бұл еңбектің желге ұшқанымен пара-пар ғой.
Асылжан Мамытбеков министр болып келгенде қайтті? «Жігіттер, қысы-жазы мал бағып жүресіңдер. Суықта, боранда тоңып қалмас үшін мына күртешені киіп алыңыздар. Бұл аяздан қатты қорғамаса да, денелеріңізді жылы ұстап тұратын болады», – деді. Енді бұл жерде түсінікті болу үшін образды түрде айтып отырмын. Яғни, ол ыңғайлы субсидиялаудың ережесін бізге кигізген күртеше сияқты жинақы қылып реттеп берді.
Ал кейін келген министрлердің ешқайсысы жаңашыл бағдарлама енгізген жоқ. «Үстеріңдегі күртешені шешіп тастаңдар. Біз сендерге бұдан да жылы күртеше береміз» деп айтпайды. Тіпті, сол бар күртешеге қалташа, басқа дүние қосуға болмай ма? Керісінше, Мамытбеков берген күртешені жұлып алып, теріс айналдырып кигізіп қойды. Ал біз «Оны бізге оң күйінде киген дұрыс, солай қолайлы әрі ыңғайлы» десек, оның бар қалтасын жұлып алып тастағысы келеді. Былайша образды түрде айтқанда, мазаққа айналдырғысы келеді.
– Кезінде қабылданған «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», сондай-ақ «Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Сыбаға» несиелеу бағдарламасы іске қосылған еді. Бұдан сіздерге едәуір көмек болды ма?
– Әрине, болды. Сол уақытта ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсетілген-ді. Етті малды өсіру, көбейту бойынша елімізде ірі қара малдың басын 7 млн-нан 15 млн-ға жеткізу көзделген. Ал «Сыбаға» бағдарламасы шаруа қожалықтарына ірі қара малдың аналық басының санын көбейтуге және бұқалардың сатып алуға несие беруді жүзеге асырды. Мұның бәрі «ҚазАгро» АҚ-на қарасты «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ еншілес компаниясы арқылы жүргізілді.
Шаруалардың тынысы ашылып, несиеге мал мен жер алып, кәсібін дамытуға тырысты. Бір айта кетерлігі, сол кезде біз 500 бас мал бағып жүргенде күніне болмаса да, аптасына бір мәрте Өзбекстаннан шаруалар хабарласып, малды тірідей сатып алуға қызығушылық білдіріп, ұсыныс жасайтын. Бірақ бізде «Мал басын 3 мың басқа жеткізбейінше, сатпаймыз» деген жоспар болды. Сұраныс болған сайын адам осылай әрекет етеді екен. Содан мал басын 1 мыңға жеткізіп едік, «Мал басы Өзбекстанға кетіп жатыр» деген министрлік шекараны жауып тастады.
Осы тыйымның салдарынан өзбектер өзіне қажетті малға қол жеткізе алмады, ал біз бар малымызды сатып, пайда көре алмадық. Айналып келгенде, өзіміздегі алыпсатарларға жем болдық. Осылайша, не экспорт үлесі артпады. Мәселен, өзбектер Қазақстанға келіп жұмыс істеп, ай сайын еліне ауқша аударады. Бұл – Өзбекстанның табысы саналады. Егер біз оларға мал сатсақ, Өзбекстанның ақшасы біздің экономикаға түсетін еді. Сондай дүниенің бәріне тосқауыл қойып тастады. Ет экспортын дамытуға бағытталған бағдарламаға қатысты жұмыстың бәрі тежеуілдеді. Салынған қаншама бордақылау алаңы, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар (репродукторлар) мал басын азайтып, тіпті асыл тұқымды мал басын етке өткізіп, шығынын жабуға мәжбүр болды. Мұның бәрі ауыл шаруашылығы саласына деген немқұрайлылықтан.
Қазір аяқ астында жатқан тері тулағын да кәдеге жараттық қой. Кезінде терінің бағасы 15 мыңнан 20 мыңға дейін көтерілген. Себебі, Қытайда теріні түрлі бұйым жасауға пайдаланылады. Теріден бөлек, ішек-қарны, қойдың ащы ішегін де сатып, шығынымызды жауып отырдық. Бұған да тыйым салынған соң Қытайға тері мен ішек өткізіп жүргендер басқа жолмен тасымалдауға көшті. Ал біз терімізді қайта өткізетінімізді білмей қалдық. Бізде бірде бір тері өңдейтін ірі өндіріс орны жоқ.
– Кейбіреулер «Шаруалар мал санын көбейтуге берілетін субсидияға дәндеп алады» деген пікірді айтып қалады. Мұның шаруаға тиімді немесе кедергі тұсы қайсы?
– Шаруаларға субсидия беру 2010 жылдан басталды. Алғашында оған қолымыз жетпей жүрді. Себебі, оның белгілі бір критерийлері болды. Соған сәйкес болуға талпындық. 2012 жылы «Асыл тұқымды мал сатып ал. Сол кезде субсидия береміз» деген соң қиындығына қарамай алуға тырыстық.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 6 пайызбен несие береміз, ол үшін кепіл керек» деді. Мысалы, ауылда жерім, үйім бар. Бірақ ауылдағы үйдің құны қаладағыдай құнды болмайды. Содан бұл жүйе де бірте-бірте даму процесінен өткен соң, бізге: «Сатып әкелген малды кепілге қоясыздар», – деді. Бұл шаруаларға үлкен көмек болды. Егер малды 300-400 мыңға әкелсеңіз, жартысын мемлекет субсидиялап береді. Мұнымен несиені жауып тастасаңыз, жүктемеңіз төмендейді. «Мал алам» деп несиеге қол жеткізсеңіз, оны да субсидиялайды.
Негізі бұл өте жақсы құрал болды. Шаруаларды мал шаруашылығымен айналысуға ынталандырды. Қазақстанның жерінің 70 пайызы – жайылымды жер. Мұның әлеуетін пайдалануымыз керек. Ата-баба кәсібімен ұштастыра отырып, ғылыми-техникалық прогресті пайдаланып ет экспорты әлеуетін арттырсақ, шетелден келетін сұранысты қанағаттандырар едік. Қазір біз мұнайды ғана экспорттап отырмыз. Керісінше, Үкіметтің бюджетін толтырып, елдің әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретін бағдарлама еді. Өкініштісі, қазір шаруалар сол сатып алып, өсірген малын етке өткізіп жатыр.
– Өзіңіз субсидиямен қанша бас асыл тұқымды мал сатып алдыңыз?
– Өзім әу бастан ірі қара малын өсіруге бекіндім. «Сыбаға» бағдарламасы басталған кезде 200-300 басқа жеткізуді жоспарладық. Сөйтіп, Ресейдін 300 бас қалмақ малын, Даниядан 200 бас герефорд малын сатып әкеліп, жерсіндірдік. Біз көп ұзамай аналық мал басын 1000-ға жеткіздік. Үкіметтен игерілмей жатқан қосымша жайылым жер берілді. Бұл бағдарлама жыл сайын жетілдіріліп отырды ғой. Бірнеше жыл ішінде субсидиялау шаруалардың талабына қарай жақсы жағына өзгеріп, дамыды. Енді келесі баспалдақ бойынша субсидиядан өту керек еді. Оның жаман жері – оған бір үйреніп алсаңыз табысты да, бизнесті де ойламай байланып қаласыз. Оны сол кезде министрлік бірден түсініп, «Субсидиядан 3-4 жылда кетіп, ауыл шаруашылығына арналған несиені ұзақ жылға беруді бастау керек», – деді.
Әу баста құрылым рет-ретімен келе жатты. Кімге несие керек, ақша алады, малын бағады. «Оны қайда, кімге өткіземін және қалай бағамын? Қайда сойып, ішек-қарны мен терісін кімге өткіземін?» деген мәселенің бәрін шаруалардан алып тастады. Біз бұған дейін баяғы ғасырдағыдай өмір сүріп келдік. «Малды соярдан бұрын жүнін қырқып алып, жуып-жайып, сабап, түтіп, жүн иіріп, шұлық тоқып аласың» емес, әр адам өз шаруасымен айналысуы керек. Мал бағасың ба – мал бақ. Күзде төлдегенде бұзауын бөлек бағатын орынға бер. Ал қазір малды бағамыз, көбейтеміз. Оның бұзауын бағып, жем беріп, семіртіп, базарға апарып сатуымыз керек. Ал «Сыбаға» бағдарламасында осының бәрі алынып тасталып, шаруаға әлдеқайда жеңілдік жасалды. Бұл тізбек кәдімгідей жеңіл болды.
(Жалғасы бар)