Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығанын айырылды
Астана сотында боксшы Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Астана, NEGE. Іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 3-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы) бойынша қозғалған.
Сот мәліметінше, Елеусінов алкогольдік масаң күйде автокөлік жүргізіп келе жатып, үш бірдей жол-көлік оқиғасына себеп болған.
Жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзу салдарынан жүргізуші:
- жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соқтығысқан;
- басқа автокөлікпен соқтығысып, инерцияның әсерінен тағы бір автокөлікке соғылған;
- кейіннен Kia Sportage автокөлігімен соқтығысып, соққы салдарынан аталған автокөлік Toyota Hilux автокөлігіне соғылған.
Жол-көлік оқиғаларының салдарынан көлік құралдарына механикалық зақым келген, бұл материалдық шығынға алып келген.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес Елеусіновте алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған. Сот отырысында ол өз кінәсін толық мойындаған.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламасыз болғандықтан, сот Елеусіновке 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындады», – деп хабарлады Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов екі жол-көлік оқиғасын жасап, ұсталғаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Полиция мәліметінше, Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеген спортшы бірнеше автокөлікпен соқтығысып, оқиға орнынан бой тасалаған.