26 августа 2024 г. 15:44

«Бөгде адамдардың тапсырмасы бойынша арызданған болуы мүмкін» – Жанқош Тұраровтың адвокаты пікір білдірді

Фото: NEGE

Әлеуметтік желіде танымал боксшы Жанқош Тұраров 28 жастағы Әнару Құрманәліні зорлады деген ақпарат тараған болатын. 

Алматы, NEGE. Оқиғаға қатысты жәбірленуші тарап Әнару Құрманәлі арнайы сұхбат беріп, мән-жайды түсіндірген еді. Артынша Жанқош Тұраров журналистерді жинап, өз шындығын айтатынын мәлімдеді.

Бүгін Алматы қаласында осы дауға қатысты журналистердің қатысуымен Жанқош Тұраровтың адвокаты Самат Мамутов баспасөз жиынын өткізді.

«Арызданушы Әнару Құрманәліге қатысты интернет желісінде тараған бейнематериалдар бойынша полиция басқармасына тексеру жүргізу туралы өтініш білдірдік. Әнару Құрманәлі Жанқош Тұраровқа 19 тамыз күні түнде Әуезов аудандық полиция басқармасына (масаң күйде) сол жерде басқа адамдармен жанжалдасып, төбелесіп, киімі жыртылып, жартылай жалаңаш күйінде арыз түсірген. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруге өтініш бердік. Арызданушы Әнару Құрманәлінің өз әрекетіне жауап бермейтін теріс қылықтары интернет желісінде де тарап жүр. Бұл деректер бойынша да тексеру жүргізу туралы тағы да өтініш бердік. Егер бұл деректер расталса, арызданушыға іс бойынша сот-психиатриялық және наркологиялық сараптама жүргізуді сұраймыз. Бізге оның психотроптық заттарды қолданғаны туралы ақпарат келіп түсіп жатыр.

Мүмкін ол танымал болу, ақша бопсалау, Жанқош Тұраровтың абыройын түсіру немесе бөгде адамдардың тапсырмасы бойынша арызданып отырған болуы мүмкін.

Әнару Құрманәлі ҚР Қылмыстық кодексінің 201-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жарияламау туралы қолхат берген. Бірақ ол өзінің уәжін БАҚ арқылы сұхбат беріп, халыққа жалған ақпарат таратып, қоғамдық пікірді өзінің пайдасына бұру мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеруге кедергі келтіру үшін әрекеттер жасап жүр. Ол деректер бойынша арызданушы Құрманәліге 423-бап бойынша қылмыстық іс тіркеп, жауапқа тарту туралы өтініш берілді.

Осыған байланысты сіздерден тексерілмеген жалған ақпараттарды таратпауларыңызды сұраймыз. Зорлық туралы іс жабық қаралып жатыр, ол жариялауға жатпайды. Әнару Құрманәлінің арызында көрсетілген деректер бойынша ақпараттарды біз жария ете алмаймыз. Себебі біз жарияламау туралы қолхат бергенбіз. Іс біткеннен кейін қорытындысын жариялайтын боламыз», – деді Жанқош Тұраровтың адвокаты.