«Сенен ұлды болғым келеді деді» – Жанқош Тұраров зорлады деген қыз сұхбат берді
Әлеуметтік желіде танымал боксшы Жанқош Тұраров 28 жастағы қызды зорлады деген ақпарат тараған еді. Алматы қаласының полиция департаменті 19 тамыз күні түнгі 11 шамасында Әуезов ауданының полиция басқармасына түскен ақпаратты растады. Алайда, танымал боксшы Жанқош Тұраров: «Үш қыз өсіріп отырған әкемін. Төсектес қыз керек болса, маған зорламай-ақ келетін жағдайым бар! Қайдан шыққан жала екенін өзім де түсінбей отырмын. Қазір мәселенің мән-жайын анықтап, кім, қандай жала тағып отырғанын анықтайтын боламын» деген.
Ал бүгін жәбірленуші Әнару Құрманәлі арнайы сұхбат беріп, мән-жайды ашып айтып берді.
– Әнару, «Жанқош Тұраров зорлады» деп арыз түсірген екенсің. Бұл нақты ғой?
– Иә, арыз түсірдім.
– Жанқош Тұраровты қашаннан бері танисың? Екеуіңізді не байланыстырады?
– Жанқошты 2018 жылдан бері танимын. Ол кезде студент едім. «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне жазып, суреттеріме лайк басатын. Ол кезде оның отбасылы, бала-шағасы бар екенін, тіпті бокшсы екенін де білген жоқпын. Жеке парақшасында ондай ақпарат болмаған. «Басы бос, үйленбеген» деп тұрды. Содан кейін жай ғана сөйлесіп кеттім.
– Ал бетпе-бет қай кезде кездестің?
– Ол 2018 жылдың ақпан айында жазып бастады. Сол айдың ортасында кездестік. Жанымда құрбым болды. Сол кезде алғаш кездесіп, таныстық. Отбасылы екенін кейін білдім. Сонда да «Сен пәк қыз екеніңді білемін. Дегенмен, сен адам ретінде қатты ұнайсың» деді. «Сіздің отбасыңыз бар екен. Үйленген адаммен кездесе алмаймын» дегенімде: «Отбасым болса да, сен маған ұнайсың. Қарындасым ретінде ағалық қамқорлық көрсетемін, ешқандай жамандық ойламаймын» деген. Бір ай бойы күн сайын жаза берді.
Сосын маған: «Апам хал үстінде жатыр. Соны келіп көріп кетсе, жақсы болар еді» деп бір мекенжайды жіберді. «Әрине, сіз үшін жаным ашиды. Себебі, өзім де бір жарым жыл бұрын анамнан айрылғанмын. Бірақ «Не үшін мен баруым керек? Бара алмаймын» деп едім, «Апам ұзаққа бармайды. Дәл сенің келгеніңді қалаймын. Сенен басқа ешкім керек емес» деген соң, айтқан жерге бардым. Сөйтсем, қонақүй екен. Ол кезде қонақүйдің не екенін білмейтін студент қызбын.
Мен қонақүйге емес, апасының жағдайын білуге барған адам едім. Содан 4-қабатқа көтерілдім. Өзі ғана екен. «Ауырып жатқан апаңыз қайда?» деп едім, «Қазір-қазір келеді. Сен шөлдеп қалған шығарсың» деп бір литрлік Tassay суын ұсынды. Соны ішіп едім, бір мезетте басым айналып, есімнен тана бастадым. Аяқтарым жүрмей қалды. Сосын жатын бөлмедегі төсекке апарып, жатқызды. Есімді жартылай ғана білемін. Санам анық емес, бұлдырап кетті. Киімімді шешіндіріп, табанымнан бастап бүкіл денемді сүйе бастады. Түнгі 3-4 шамасы оянып не болғанын түсінбедім. Тыржалаңаш екенмін. «Не болды? Неге бұлай жатырмын?» деп сұрап едім, «Ештеңе болған жоқ. Өзің де мені жақсы көресің ғой. Менің артымнан сонша қыз жүгіреді» деді. Бірақ сол кезде-ақ менің еркімнен тыс зорлап тастаған.
– Неге арызды сол кезде түсірмедің?
– Жанқош жуынатын бөлмеге кеткенде телефонына әйелі звандап жатқанын көрдім. Сол кезде де «Жоқ, мен отбасылы еркекпен қарым-қатынаста болмаймын. Үстіңізден арыз жазамын» деп едім, басқаша сөйлей бастады. «Негізі әйеліммен ажырасайын деп жүргенмін. Оған деген ешқандай сезімім жоқ. Жақсы көрмеймін. Сені әйел қылып алғым келген, сол үшін жазып жүрмін. Саған деген сезімім бар, қанша айдан бері басым кетіп жүр. Сен маған ұлбала туып берсең» деді. Сол сөздеріне сеніп, арыз жазбадым ол кезде. Бірақ «Әйеліңіз болса да, осындай әрекетке қалай бардыңыз? Намаз оқитын, қажылыққа барған адамсыз» деп едім, «Мен сені ұнатамын» деді.
– Сонда 2018 жылдан бері қарым-қатынасты үзбедің бе?
– Қаншама жыл ол менің артымнан аңдып жүрді. Осы жағдайды ұмытайыншы деп, Алматыдан Ақтауға да кетіп қалдым. Сол жақта жүрсем де менің артымнан іздеп келді. Бүкіл жастығымды, пәктігімді құртып, осындай жағдайға әкелді.
– Дегенмен, жақындық байланыс жалғаса берді ме?
– Өзім депрессияға түсіп жүргенде, қай қалаға барсам да аңдуын қоймады. Тіпті, 20 күн бойы кіндік шешемнің үйінде тұрып, бір апта төсек тартып жатып қалдым. Өзімді өзім қатты кінәладым. Бірақ «Мен саған үйленем, сені жақсы көремін» деген соң әрі қарай да төсектес болуға мәжбүрлі түрде көндім.
– Соңғы рет, яғни 19 тамызда арыз жазуға не себеп болды?
– Ол таныс құрбыларым арқылы Алматыда екенімді білген. «Сәлем, қалайсың? Мен сені сағындым. Сені көргім кеп тұр» деп хабарлама жазып, мекенжайымды сұрады. «Мен сізбен кездесе алмаймын. Отбасылы адамсыз, мені ұмытыңыз» деп едім, «Әйеліммен ажырасайын деп жатырмын.
Қазір ара қатынасымыз өте нашар. Үш қыз туды, бір ұл тумады. Сендей адамнан, сендей ұрпақтан ұлды болғанымды қалаймын. Отырып, сөйлесейік» деген соң, мекенжайымды бердім. Оқиға 12 тамыз күні болды. Мен оған сезімімді, ішкі жан дүниемдегі қиналысты айтқым келді. Сөйлесіп, бәріне нүкте қоям деп шештім.
Анама шығарған монологымды көрсеттім. «7 жылдай уақыт өтті. Менің өмірімді құрттыңыз. Қаншама адам сөз айтты, бәріне қарсылық таныттым. Жаныма дақ салдыңыз» деп әңгілемесіп отырғанда, ырқыма көнбей шешіндірмекші болып, тап басты. Қарсыластым, айқайладым. Бірақ ол күшке салып, шашымды тартып, мойнымнан буындырып, өз дегенін істеді.
– Оқиға 12 тамыз күні болғанмен, арызды 19 тамыз түсірдің ғой?
– Иә, мен біраз күн ойландым. Себебі, ол «Мен сені жақсы көремін. Әйеліммен ажырасамын» деп сендірген еді. Қанша жылдан бері араласып келсем де, жамандыққа қиған жоқпын. Өмірім сол адаммен өтіп келе жатса да, 19 тамызда Әуезов ауданынан полиция шақырып, арыз жаздым. Бұл шешімім туралы оған қаншама рет айттым. Мен шаршадым. 7 жыл өмірім өтіп кетті. Осы адамға кездесіп, маған жасаған қиянаты, анама берген сертім күн сайын есіме түседі. Сол кезде қатты эмоцияналды күйде болдым.
– Екеуіңнің қарым-қатынасыңды Жанқош Тұраровтың әйелі біле ме?
– Бәрін білмесе де, жартылай білген ғой. Олардың арасында ажырасу туралы әңгіме де болған. Осы оқиғаға дейін де, кейін де маған хабарласып, арызды қайтарып алуым үшін шантаж жасады. «Сен не істей аласың? Қыздығыңды алған кезде қайда қалдың? Қолыңнан ештеңе келмейтін, өз сөзіңді айта алмайтын қорқақ адамсың. Арыз берсең, қай жерге дейін баратыныңды көрейік» деді.
– Енді нақты талабың қандай?
– 20 тамыз күні беттестіру болды. Сол кезде Жанқош Тұраров «Алла разылығы үшін кешірші. Мен сені жақсы көрдім, ұнаттым. Саған деген сезімім бар. Мен сені ешқашан тастамаймын. Біз мәңгілікке бірге боламыз. Саған істеген әрекеттерім үшін бәріне жауап беремін. Сенің психологиялық, медициналық жағдайыңа көмек беремін. Қазір саған 2 млн теңге жіберейін» деді. «Маған ақша да, ештеңе де керек емес. Жағдайым да дұрыс» дедім. Қазір экспертиза, бәрін жасаттым. Жауабын күтіп отырмын. Нақты талабым – Жанқош Тұраров Жасұланұлы осы әрекеті үшін заңды түрде жазасын алғанын сұраймын.
– Бірақ Жанқош Тұраров «Маған жала жауып жатқан кім екенін, қандай арыз екенін түсінбеймін» деді. Әйелі де күйеуін жақтап жатыр. Не дейсің?
– Ол мен таныған 6 жарым жылдан бері қандай адам еді, дәл сондай адам. Мүлдем өзгерген жоқ. Менің қолымда барлық дәлел бар. Бүкіл жазбалар да тұр. Егер осы іске дәлел керек болса, бәрін көрсетуге дайынмын. Бұл – менің шындығым. Айтып жатқан сөзімнің бәрі рас. Тәрбием де бар. Өмірде ең қателескен жерім – Жанқош Тұраровты жақсы адам санап, ұнатқаным, соған пәктігімді бергенім.
– Егер ол отбасын, бала-шағасын қалдырып саған келсе арыз жазар ма едің?
– Жоқ, мәселе онда емес қой. Мені анам адал қыз етіп тәрбиеледі. Сол үшін ғана. Бір адамға алданып қалдым. Бірақ оған тұрмысқа шығам деп ойламадым. Екінші әйел болу туралы да айтып қалды, бірақ мен «ешқашан ондайға бармаймын» дедім.
– Білуімізше, 4 шілде күні Қонаев қаласында да сенің атыңнан зорлауға қатысты арыз түскен екен. Осы туралы айтып бересің бе?
– Сол арыз түсірген уақытта болған оқиға. Телефонымның қуаты бітіп, Қонаев қаласынан Алматыға қарай таксиді жол бойына шығып ұстадым. Бұл басқа адам болса да, меніңше, оған да Жанқоштың қатысы бар деген күдігім бар. Себебі, ол мені аңдып жүретін. Бұл оқиға туралы егжей-тегжейлі айтқым келмейді.