Бижомарт Қапалбек: Латын әліпбиіне көшу үшін өзгеге НЕГЕ жалтақтауымыз керек?
Елімізде мемлекеттік тілді қолдау саясаты қалай жүріп жатыр? Латын әліпбиіне көшу мәселесіне не кедергі? Іс қағаздары қашан қазақ тілінде жүргізіледі? Осы сынды сан түрлі сауалды NEGE тілшісі филология ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры Бижомарт Сейсенбекұлы Қапалбекке қойған еді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне қатысты ұсынылған екі жобаның да шикілігін айтты. Сонда ғалымдар ортақ бір жобаны жетілдіре алмағаны ма?
– «Қазақ тілі» қоғамы академик-ғалым Әбдуәлі Қайдардың кезінде ашылды. Бұл қоғам өз заманында қазақ тілінің көкейкесті мәселелерін шешуге атсалысты. Одан кейін қоғам белгілі ғалым Өмірзақ Айтбайға табысталды. Ол кісі ғалым Ерден Қажыбекке аманаттап кетті. Бұдан өзге тіл мәселесімен айналысатын А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы бар. Бұларды мемлекет қаржыландырады. Содан кейін де мемлекеттің ұстанған саясатын жүргізеді. Сондықтан мемлекетке бағынбайтын ұйым ретінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жұмыс істеп келеді.
Ал енді латын әліпбиіне келсек, 2017 жылы тұңғыш президент үш жобаны мақұлдап, бекітті. Бұлар әртүрлі жоба, яғни бір жобаның жетілдірілген нұсқасы емес. Мәселен, Парламентте таныстырылған жоба диграфқа негізделді. Бұл таңбаларды қос әріппен беру. Екіншісі – апострофқа, үшіншісі – акутқа негізделді. Үш нұсқаны да қоғам қабылдамады.
Соған қарамастан тілге қатысы бар мекемелер бірігіп, жалпыхалықтық диктант өткізіп, қоғамға күштеп енгізгісі келді. Алайда, ғалымдар қарсы шығып, дұрыс еместігін білдірді. Сөйтіп, ғалымдар арасында өзара тайталас жүрген соң, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «латын әліпбиі жобасын жетілдіру керек» деп қайтарған еді. Бірақ сең қозғалған жоқ.
– Сол жобаларды күштеп енгізудің бір дәлелі – көптеген мекеме маңдайшасына атауын латынша жазып, іліп қойды. Бірізділік жоқ. Осы дұрыс па?
– Халықтың латынға көшкісі келетіні, латын әліпбиін қолдайтыны осыдан көрінеді. Осы мәселе қызу талқыға салынып, жобалар ұсынылып жатқанда сол кездегі президент Назарбаев бекіткен алғашқы нұсқамен талай мекеме маңдайшасын ауыстырып тастады. Одан кейін екінші нұсқа бекітіліп еді, жұрт енді сонымен жазды. Тіпті, кейбірі ағылшынның 26 таңбасымен де жазып жатты. Шын мәнінде, былығып кетті. Көшеден үш жобаның нұсқасын да таба алатын жағдайға жеттік. Мекеме атауын ауыстырғыштар өздері шатасып қалды.
– Оны жасап жүрген қарапайым халық емес, шенеуніктер ғой?
– Солар бастады ғой. Алғашқы нұсқа шыққан кезде Тұңғыш президенттің кітабын аударып, таныстырды. Тіпті, газет-журналдар атауын латыншаға ауыстырып жіберді. Тағы да бірізділік болмады. Қарапайым «и» әрпін әртүрлі нұсқада жазды. Газет атауының өзінде бейберекетсіздік болды. Тым құрығанда, жоба ресми бекітіліп, емле-ережесі жасалса мейлі ғой. Ғалымдар өздерінің жобасын тықпалап, бекіттіруге тырысты. Барлығы асығыстық танытты. Негізі оның ақиқаты – менікі дұрыс деу емес.
Ғалымдар кеңесіп, пішіп, ортақ келісімге келуі керек. Әліпби жасауда да басымдық бір нәрсеге бағытталуы керек. Біріншіден, «әліпбиге не үшін өтеміз?» дегенге жауап болуы қажет. Біреулер «Біз түркі елдерімен жақын боламыз» дейді. Енді бірі «латынға өтсек, ағылшын тілін жақсы меңгереміз» десе, тағы бірі «әлемдік технологияға тезірек енеміз» дейді.
Соның ішінде ең негізгісі – қазақ тіліне реформа жасау. Қалған дүниенің бәрі кейінгі мәселе. Сол сияқты әліпби жасауда ең бірінші мақсат не? Кез келген нәрсенің сипаты болады. Сол жасалмаған. «Әліпби қандай болу керек?» деген арнайы нұсқаулық жоқ.
Сосын әркім өз ойындағысын ұсынып келді. Оның шешімі – нұсқаулық қабылдау. Соған сәйкес жоба жарай ма, жоқ па, анықтауға болады. Таңдалған бес-алты жобаны ғалымдар толықтырып, жетілдіріп, бекітуі керек. 300 жоба деген не сұмдық? 7-сынып оқушысынан бастап химик, физик ғалымдарға дейін жоба ұсынды. Егер талабы мен нұсқаулығы болса, кім көрінген бұл мәселеге басын сұқпас еді.
– Ол нұсқаулықты қай мекеме жасауы керек?
– Әрине, ғылыми мекеме. А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты атқаратын шаруа. Бірақ бұл мекеме нұсқаулық жасап, қай жоба дұрыс не бұрыс екенін анықтап берудің орнына өздері де жоба ұсынып жүр. Институттағы төрт-бес ғалымның әрқайсысының өз жобасы бар. Әркім реформатор, Байтұрсынов болғысы келеді. Бұл бүкіл ғалымның пікірін ортаға салып, іріктеп, үкіметке ұсынатын мекеме емес пе? Негізі функциясы осы ғой. Бірақ институт жоба ұсынған 300 адамның біреуі болып жүр. Демек, институт өз миссиясын білмейді. Ғылым әртүрлі пікір-таластан, ғылыми тұжырымнан шығу керек қой.
– Латын әліпбиіне көшуге билік тармақтарының өзі мүдделілік танытпайтын сияқты ма, қалай ойлайсыз?
– Мәселе сонда. Берілген тапсырма сол күйінде тұрғаны да сол. Есіңізде ме, осыдан он жыл бұрын «2020 жылдан бастап оқулықтар латынға ауыстырылады, 2025 жылға дейін бүкіл қоғам латынға өтеді» деген дүниелер айтылып еді. Соның бәрі далада қалған сияқты.
Меніңше, билік еліміздің латын әліпбиіне көшуін қалап тұрған жоқ. Тіпті, арғы жағында «өтпей-ақ қойсақ, қалай болады?» деген ой жатуы мүмкін. Әйтпесе, латынға өтудің өзі – қазақ тілінің нағыз реформасы.
Біздің қазіргі қолданыстағы жазуымыз – Кеңес кезіндегі саясиландырылған әліпби. Қазақ тілінің табиғатынан мүлдем алыс. Кезінде А.Байтұрсыновтың жасаған емлесін зынданға тастап, 42 әріптен тұратын Кеңес дәуірінің әліпбиін енгізді. Біздің тіл ғылымы сол саясиландырылған әліпбимен әлі келе жатыр. Ал тарих пен әдебиет саясиландырылған шешімдерден кетіп, ғылымның жолына түсіп келеді. Мысалы, «кеңес әдебиеті» деген жоқ, қазір «ұлттық әдебиет» бар. Тарих та коммунистік идеялогиядан арылды.
– Көп ғалым Ахмет Байтұрсыновтың 28 дыбыстан тұратын әліпбиіне көше салуды құп көреді. Сіздің ойыңыз қандай?
– Әліпбиге өтудің өзі – ғылым. Оның ғылыми негізін ғалым А.Байтұрсынұлы 1910 жылы жасап, 28 дыбыстан тұратын қазақ әліпбиін дайындады. Шын мәнінде, Байтұрсынұлының әліпбиіне ауыса салу керек. Араб таңбаның орнына латынды қойып, қалғанын қалдырса, түк қиын емес.
Басқа түркітілдес мемлекеттер ертерек көшіп кетті. Қалып тұрғаны Қазақстан мен Қырғызстан. Байтұрсынұлының салған жолын пайдалансақ, баяғыда өтуге тиіс едік. Бізде әріптану, сауаттану өте оңай. Латын қарпін енгізу де солай. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиімен балалар төрт аптаның ішінде сауаттаныпты. Тілдің өзі жүйеге түскен, ауызша әбден жетілген. Содан әлі ұзап кеткен жоқпыз. Бірақ шеттен енген терминдерді орыс емлесімен жазып үйренген қауым қазіргі кеңестік әліпбиде қала бергенді құп көреді. «Латынға өтсек, кері кетеміз» деп ойлайды. Ал екінші топ «қазақ тілінің әуезді тіліне қайта келеміз» деп латынға тезірек көшуді құптайды.
– Латын әліпбиі жобасын дайындауға пәрмен берілгенде кейбір жазушылар бұрын жарық көрген кітаптарын латынға аударуға тура келетінін және оқырман жоғалтып алатынын айтып еді. Бұған не дейсіз?
– Ол түк мәселе емес. Кез келген кириллицада жазылған кітаптың электронды нұсқасы бар. «Абай жолының», Мұқағали өлеңдерінің электронды нұсқасын оңай тауып аласыз. Оны арнайы конвертер бағдарламасы арқылы тез-ақ аудара салуға болады. Баяғыдай кітапты қайта басып жатпайды ешкім. Сондықтан цифрлық-электронды технологияның дамыған тұсында еш қиындығы жоқ. Бір әліпбиден екіншісіне көшіру аз уақыттың шаруасы.
– Көп жылдар мемлекеттік тілді дамытуға қатысты мекемелерде еңбек еттіңіз. Қайбір жылдары Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасында қызмет атқарғаныңызды білеміз. Мемлекеттік тілді қолдау саясаты қашан өз сүрлеуіне түседі?
– Қазақ тілі өз мемлекетінде, яғни Қазақстанда еркін тыныстауы тиіс. Тіл саясаты мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін ғана көтеру керек. Қазақ тіліне кедергі жасайтын басқа тілдерге тежеу салу қажет. Шын мәнінде, тіл саясаты деген сол. Ал оны жүзеге асыратын Тіл комитеті, өңірдегі тіл басқармалары. Бұлар – тіл саясатын жүргізетін құрылымдар.
Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасында үш жылдай істедім. А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтында, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығында да қызмет атқардым. Сонда менің байқағаным, біздегі тіл саясаты негізгі функциясын атқара алмай келе жатыр.
Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, одан кейін Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны есте. Бұл мемлекеттік бағдарламалар үш кезең ішінде жүзеге асып, Қазақстан мемлекеті әлдеқашан қазақ тілінде сөйлеуі тиіс болатын. Алайда, бюджеттен қомақты қаражат көзделіп, тіл саясатын жүргізетін тиісті мекемелерге бөлінсе де, ештеңе өзгерген жоқ. Бұл екі бағдарлама тек қағаздағы есепте ғана жүзеге асты. Бірақ билік тармақтары, жоғары лауазымды шенеуніктер мемлекеттік тілге көшкен жоқ. Керісінше, биік мінберлерде қазақша қойылған сауалға орысша жауап беріп жүр. Оған тіпті, ұялмайды да.
Міне, 30 жылда да қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде өз тұғырына қонған жоқ. Тек қарапайым халық оянып, түсініп, қоғамдық ортада қазақ тілінде сөйлеу туралы талап қойып жатыр. Осының бәрі тіл саясатының босаңсып кеткенінен.
Тілдің қоғамдағы қызметін зерттейтін мамандардың атйуынша, Қазақстандағы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі жағдайы мемлекеті жоқ, Ресейдің құрамындағы Татарстандағы татар тілінің жағдайымен тең. Неге? Оған бір жағынан геосаяси жағдай себеп. Әлі күнге Ресейден сескенеміз. Екінші жағынан, бізде билік іс қағаздарын қазақшаға ауыстыруға асығар емес.
– Қазір айтсақ күлкілі сияқты. Тіпті, 2009 жылға дейін іс қағаздары мемлекеттік тілге көшеді деп еді ғой...
– Бізде бәрі сөз жүзінде айтыла береді. Ниет жоқ. Байқасаңыз, билікте отырғандар мұны қазақ тілінің өзінен көреді. «Қазақ тілі оған дайын емес. Ғылым тілі бола алмай жатыр. Күте тұрайық...» деп сырғытып келе жатыр. Бұл дұрыс емес. Мысалы, түркімен, өзбек тілі, әзірбайжан тілі өз елінде орыс тілінсіз-ақ бүкіл функциясын атқарып отыр ғой. Ал біз орыс тіліне кенеше жабысып алғанбыз. Біздің шенеуніктер қазақ тілімен мемлекетті басқара алмайтындай көрінеді.
– Мемлекеттік тіл туралы заң қашан қабылдануы тиіс?
– Мұны да жылжытпай жатыр ғой. Біздің шенеуніктерге қазіргі жағдай ұнайды. Бәрі қазақша сөйлеп кетсе, өздерін сауатсыз санайтын сияқты. Тіл саясатының ілгері жылжымауына тек геосаяси жағдай ғана емес, біздегі орыстілді қазақтар да кедергі жасап отыр. Қазір баласын орыс мектебіне беріп жатқан қазақтар баршылық.
Халық – жетекшіл ғой. Қазақ тілін талап етпеген соң баяғы соқпаққа түсіп жатыр. Мемлекеттік деген анықтауыш үш-ақ нәрседе бар. Мемлекеттік шекара, мемлекеттік қауіпсіздік, мемлекеттік тіл. Мәселен, мемлекеттік шекара бұзылса, мемлекеттік қауіпсіздікке кесірі бар. Мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келсе, оның қорғалуын талап етеміз. Ал мемлекеттік тіл бұзылса да, ешкім қорғай алмай тұр.
Көше тола қате жазылған сөз, билік құрылымында шенеуніктер қазақша қате сөйлейді. Әйтпесе, мемлекеттік тіл де мемлекеттік шекара мен мемлекеттік қауіпсіздік сияқты қорғалуы керек еді. Себебі, алдында мемлекеттік деген анықтауыш тұр ғой. Қазақ тілі – мемлекеттің тілі. Басқа елде тілін жерге қаратқан ешкім жоқ.
Халықаралық «Қазақ тілі» академиясы латын әліпбиіне көшу, мектептегі оқулық, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты мәселелермен айналысуда. Одан бөлек тіл саясатының дұрыс жүргізілмеуіне байланысты зерттеулер жасадық. Мұның бәрін алдағы уақытта жария етеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!