Біртанов судьяны қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті
Кеше, яғни 12 шілдеде экс-министр Елжан Біртанов пен оның экс-орынбасары Олжас Әбішевке қатысты кезекті сот отырысы жалғасын тапты. Оларға жалған ақпараттандыру платформасын іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды және мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде шығын келтірді деген айып тағылған еді.
Кешегі отырыста судья Әлкенов сот отырысында аудио және бейнежазбаны тоқтату және сот отырысы залында отырғандар мен онлайн қатысушылар үшін де тыйым салу туралы шешім қабылдады. Ал Денсаулық сақтау экс-министрінің қорғаушылары сот отырысына төрағалық еткен судья Ибрагим Әлкеновты ҚК 158-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті.
NEGE тілшісі Елжан Біртановтың қорғаушысы Серік Сағалиевтің сот процесі жайында пікірін білді.
– Серік Қайриденұлы, экс-министр Елжан Біртановтың ісі қалай өрбіп жатыр? Кеше өткен сот отырысында бірқатар заң бұзушылыққа жол берілгені айтылды...
– Біз іс құжаттарымен таныстық, бәрін білеміз. Кәсіби заңгер, қорғаушы ретінде айтсам, тағылған айып бойынша менің қорғауымдағы азамат Елжан Амантайұлы Біртановтың кінәсі дәлелденбеген.
Іс сотқа биыл қаңтар айында түсті. Істі судья Ибрагим Әлкенов қарайтын болды. Ол заңды шешімге келіп, қаңтар айында істі қайтадан прокурорларға қайтарды. Өйткені, олар заңда көрсетілгенді орындамай, біздің берген өтінішімізді қарамады. Тергеуші біздің өтініш бойынша құжаттарды іске тіркеп, қосса да, орыс тіліне аударған жоқ. Берген құжаттар ағылшынша болды. Біз «мұны аудару керек, зерттеу керек» деп айтсақ та, тергеушілер сол күйінде жібере салды.
Сосын прокурорлар сотқа жолдады. Әлкенов мұны көріп: «Біріншіден, қорғаушылардың өтінішін қарап, жауабын беру керек едіңіздер. Құжаттарды аудару қажет еді», – деп Қылмыстық істер кәсіби кодексінің қандай бабы бұзылғанын айтып, көрсетті. Бірақ бұл шешіммен прокурорлар келіспеді. Олардың наразылығын Нұр-Сұлтан қаласындағы Қылмыстық істер жөніндегі алқасы қарап, құптамады. «Сіздердің берген өтініште еш негіз жоқ. Сот процесін қараған судья Әлкеновтікі дұрыс. Құжатты аударып, зерттеп, соның арқасында сотқа дейін дұрыс, заңды шешім шығару керек» деп жазып жіберді.
Бас прокуратура істі қабылдап алды да, бір ай ұстады. Ештеңе істеген жоқ. Біздің берген өтінішті қанағаттандырусыз қалдырды. Соттың берген, көрсеткен қаулысын орындамады. Құжат аударылған жоқ, бірақ екінші рет мамыр айында қайтадан сотқа жіберді.
Судья Әлкенов «қаңтар, наурыз айында сот актілерінде көрсетілген заң бұзушылық түзелген жоқ» десе де, істі қабылдап алды. Сосын бір сөзінде «өзім аудартқызамын» деді. Біз судьяға: «Тергеу орындарының жұмысын істемеуіңіз керек. Өйткені, тергеу орындары, прокуратура аударып, зерттеп, соның негізінде шешімге келсе, істі сотқа жібермеуі мүмкін. Бәлкім, сот жалғаспайтын да шығар», – дедік. Бірақ судья Әлкенов бізді тыңдаған жоқ. Бірден сот мәжілісін тағайындады. Содан кейін оған біздің тарапымыздан қарсылық туындады.
– Іс құжаттарын ағылшын тілінде түсіруге не себеп? Орыс тілінде дайын қылып беруге не кедергі болды?
– Себебі, тапсырыс орындаушы Хорватияның Эриксон Никола тесла компаниясы. Олардың мамандары келіп, платформаны тексеріп, осы құжаттарды дайындады. Заң бойынша, аударманы қылмыстық процесті жүргізіп жатқан орган жасайды. Және де Нұр-Сұлтан қаласының сотының қаулысы бойынша прокурорлар аударып, ол құжаттарды зерттеп жан-жақты баға беру керек. Соттың қаулысында берілген тапсырмаларды орындамай, қайтадан сотқа жіберген.
– Сот отырысы кезінде көзге түрпідей көрінген қандай заң бұзу дерегін айтар едіңіз?
– Бұған дейін Квятковская деген аудармашыны тағайындаған болатын. Ол сот мәжілісіне Санкт-Петербург қаласынан онлайн қатысты. Сосын біз Қылмыстық істерді жүргізу кодексінің 3-бабында көрсетілгендей, бұл заң тек Қазақстан Республикасымен ғана шектелетінін және осы елде ғана қолданылатынын айттық. Қазақстанның азаматы болса да, процесс барысында осы аумақта болуы керек. «Ал аудармашы Ресейде отыр. Ертең дұрыс аудармаса, оны қалай жауапқа тартасыз?» дедік. Оны да тыңдамады. Бірақ аудармашының өзі кейін «қатыса алмаймын» деп шығып кетті. Басқа мемлекетте отырған адамды аудармашы ретінде іске тағайындау заңға қайшы. Сонда құжаттарды Ресейге жібере ме, оны да түсіндіре алмады.
– Сонда өзімізде білікті аудармашы жоқ па?
– Қазір Шынар Ерболатқызы атты басқа аудармашы тағайындалды. «Бұл аудармашының қабілетін дәлелдейтін қандай құжаты бар?» деп сұрадық. Бірінші құжаты – жоғары оқу орнын бітірген дипломы. Бүгінгі күнге дейін тағайындалған аудармашының дипломын көрсетпегендіктен, сот мәжілісінде зерттеген жоқпыз.
– Екінші, заң бұзу дерегіне тоқталсаңыз...
– Тергеу әркекеттері біткеннен кейін күдікті адам, оның қорғаушылары іс құжаттарымен танысуға құқы бар. Содан кейін міндетті түрде тергеуші күдікті және оның қорғаушыларынан: «Сіздер іспен таныстыңыздар. Бұл істі толықтыру мақсатында қандай талап-арыздарыңыз бар? Сотқа кімді куә ретінде шақырасыздар?» деп сұрауы керек.
Бұл іске күдікті ретінде Олжас Әбішев те қатысып жатқаны белгілі. Оның құқығы басынан бұзылған. Ешкім әлгіндей сұрақты қойып, пікірін білмеген. Тергеу алдындағы талап-арызын сұрамастан сотқа жібере салған.
«Дәлел болса, сұрақты сот процесі кезінде қоямыз, қарастырамыз» деп айтты. Онда заң не үшін керек? Нұр-Сұлтан қалалық аппеляциялық сотының шешімі қайда қалды? Бұл шешімді прокурорлар да, судья Әлкенов те орындаған жоқ. Конституцияның 76-бабындағы «Соттың актілерін міндетті түрде орындау керек» деп көрсетілген норманы неге орындамайды? Осы сұраққа нақты жауап бере алмады.
Тергеудің ең негізгі құжаты – қорғауымыздағы адамдардың іс-әрекетін дәрежелеу туралы қаулы шығады. Және іс біткеннен кейін айыптау актісі жазылады. Оны заң бойынша прокурор сотқа жіберер алдында бекітуі тиіс. Ол актілер күдіктілердің іс-әрекетін дәрежелеу қаулысында «Платформа бойынша жұмысты кім, қашан қабылдады? Қандай бағаға қай жұмыс атқарылмады?» деген жайттың бәрі көрсетілуі керек. «Егер бұларды білмесек, тағылып отырған айыптан қалай қорғанамыз?» деп оны да айттық.
Сондай басы ашық сұрақ көп. Сот процесі өтіп жатқанмен, әлі күнге жауап алу, сот тергеуі басталар емес. Куәгерлерден, жәбірленушілерден жауап алынған жоқ. Біз фактіні ғана, яғни көз алдымыздағы бұзылып жатқан заңды ғана айтып келеміз. Бірақ соттан да, прокурордан да толық жауап жоқ.
– 12 шілдедегі сот отырысында судья Әлкенов сот отырысында аудио және бейнежазбаны тоқтату және сот отырысы залында отырғандар мен онлайн қатысушылар үшін де тыйым салу туралы шешім қабылдады. Біртановтың өзі судья Әлкеновті ҚК-нің 158-бабын бұзғаны үшін заңды жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарауды сұрады. Осы талап ескерілсе, іс басқа судьяға өтуі мүмкін бе?
– Осы әрекетімен судья Әлкенов заңсыздық пен озбырлық жасап, барлық заң нормасын толығымен өзгертіп, әрбір азаматтың конституциялық құқығына қол сұғып отыр. Конституцияның 20-бабына сәйкес, әркiмнiң заңда тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен, сондай-ақ баптың 1-тармағына сәйкес ақпаратты алуға және таратуға құқығы бар. Конституцияның 20-бабында әркімнің сөз және шығармашылық бостандығына кепілдік берілген. Цензураға тыйым салынады. Бұл шешімді шығару арқылы судья Әлкенов баптың ережелерін бұзды.
Біртанов: «Қазақстан Республикасы Кодексінің 2-бөлігі – журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргені, іске төрағалық етуші өкілеттігін асыра пайдаланғаны, Конституцияның 77-бабының 1-тармағының және 1-бөлігінің талаптарын жүйелі түрде бұзғаны үшін, қылмыстық іс жүргізу кодексінің 10-бабы бойынша жауапкершілікке тартуды ұсынамын. Мен судья Әлкеновке қарсылық білдіремін, өйткені оның әрекеті азаматтардың Қазақстанның сот жүйесіне деген сенімін толығымен жояды», – деді.
«Бұл дұрыс емес. Қоғамдық пікірден неге қорқасыз? Бәрін заңды түрде атқаруыңыз керек. Егер біздің кінәміз дәлелденіп жатса, оны да жұрт көрсін. Заңға сәйкес пе, жоқ па, шешім шығарасыз, болды. Сіз ешкімге тәуелді болмауыңыз қажет. Онда істі басқа судьяға беріңіз», – дедік. Басқа судья қарап, «Әлкеновтің іс-әрекетінде Қылмыстық кодексте көрсетілген заң бұзушылық жоқ» деп біздің қарсылықты қабылдамады.
Бұл сот жүйесіндегі үрдіс қой. Бәрі бір ұжымда істейді, бір-бірін таниды. Сондықтан да судьялар бір-біріне қара күйе жаға алмайды. 12 мамырдан бері екі ай өтті. Сол кезде сот істі заңды түрде прокурорға қайтарса, сот актісіндегі заң бұзушылықтарды түзеп, ендігі іс қаралып жататын еді.
– Судьяға ықпал ететін фактор бар ма?
– Оны айта алмаймын. Оған дәлел де жоқ. Бірақ іс барысындағы фактілерді айтып бердім. Біртановтың да, қорғаушыларының да пікірі бір. Бұл жерде заң бұзылып жатыр. Олжас Әбішевтің де құқы өрескел бұзылғанын көрдік.
– Сіздіңше, сот процесі қанша уақытқа созылуы мүмкін?
– Мұны айту қиын. Соттың әрекеттері күмән тудырып отыр. Судья өзі қаңтар айында «Мына жерін бүйту керек, сөйту керек. Құжатты аудару керек» деп айтты да, істі қабылдап алды. Бұл қалай? Әрі қарай қалай өрбитінін білмеймін. Әділ шешім бола ма, жоқ па, оны да айта алмаймын. Оның бәрі қандай сұрақ қойып, баға берілгендігінен көрінеді ғой.
Сот тергеуі басталғанда біз де талап-арызымызды айтып отырамыз. Кешегі күнге дейін сот мәжілісі ашық өтіп келді. Бүкіл халық көріп, біліп отырды. Содан кейін де үмітті болдық. Дәлел келтірсек те, бізге заңға сәйкес жауап берілмейді. Осыдан кейін қарсылық туындайды. Енді журналистер қатысса да, бірақ жазуға, түсіруге рұқсат берілмейді деді. Ол жерде адамдар тез сөйлейді, бәрін жазып үлгеру мүмкін емес. Ертең бір журналист естігенін жазып, қате жіберсе, жауапкершілікке тартуы мүмкін. Мұны да айттық. Бізде үміт бар. Сол үміт әділ шешім шығаруға әкеледі деп сенеміз.