10 октября 2025 г. 9:05

«34 жылда екі заң ғана қазақ тілінде жазылған» – Сенатор Бибігүл Жексенбай

Фото: kaz.inform.kz

Парламентаризм институты ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай заң шығару үдерісінде қазақ тіліндегі drafting орталықтарын құру керектігін айтты.

Сенатор өз пікірінде заң жобаларының бастапқы нұсқасын мемлекеттік тілде әзірлеу міндетін қатаң қадағалау тиіс екеніне екпін түсірді. Себебі, елімізде заң жобаларының 70 пайыздан астамы бастапқыда орыс тілінде дайындалады. 

NEGE тілшісі Сенат депутаты Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙҒА тіл мәселесіне қатысты бірқатар сұрақ қойды. 

Бибігүл Нұрғалиқызы, бұдан былай қазақ тілін білу мен оны қолдану заң жүзінде міндеттелуі мүмкін деген мәселе көтердіңіз. Бұл мәселені айтып, көтеріп жүргенімізге 34 жыл болды. Бірақ мұны биліктің өзі талап етіп отыр ма, қалай ойлайсыз? Бұл мәселені қазір көтеруге не түрткі болды? 

– Бұл сұрақтың өзегі – тіл саясатының нақты құқықтық тетіктерін күшейту. 34 жыл бойы бұл бастама қоғам тарапынан көтеріліп келді, бірақ биліктің өзі нақты талап қою деңгейіне енді жетіп отыр. Қазір бұл мәселенің көтерілуіне негізгі түрткі болған факторлар – қоғамдық сұраныстың өсуі (жастар мен мемлекеттік қызметтегі буынның қазақ тіліне көшуі); Президенттің соңғы жолдауларында тіл саясатына қатысты саяси ерік байқалуы; ұлттық бірегейлік пен ақпараттық қауіпсіздік мәселесі. Бұл әсіресе цифрлық кеңістікте өзекті.

Осы 34 жылда тек екі заң ғана мемлекеттік тілде жазылыпты. Қазір қазақ тілінде сөйлейтін халықтың саны артты ғой. Ресми мәлімет бойынша, 80 пайыздан астамы қазақша сөйлейді, түсінеді. Әуелі заң жобасы орысша жазылады да, дайын болған соң ғана қазақшаға аударылады. О баста қазақша ойланып, қазақша жазылса, оның сапасы да басқаша болады. Заңның негізгі бөлігі Үкіметтен дайындалып келеді. Одан кейін аударылады, Мәжіліс қарап, Сенатқа өткізеді. Менің ұсынысым – екі тілдегі мәтін қатар жазылуы керек. Яғни, жұмыс тобы екі тілді болуы тиіс. Бізде көбінесе орыстілді.

Бұған дейін мемлекеттік тілді дамытуға қатысты қаншама бағдарлама болды. Мәселен, 2001-2010 жылдарға, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бірақ тілдің көсегесі көгерді деп ойлайсыз ба?

– Иә, үш кезеңдік бағдарламалар болды, бірақ олар негізінен инфрақұрылым мен әдістемеге бағытталды. Яғни, тіл үйрету орталықтары, оқулықтар, курстар. Ал шешуші нәрсе – міндеттеу мен жауапкершілік тетігі болмады. Қазір қоғам «қазақ тілін білу – азаматтық жауапкершілік» деп түсінетін деңгейге жетті. Демек, жаңа кезеңде бағдарламалық емес, заңнамалық және институционалдық бетбұрыс керек.

ғаламтордан

Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге алдымен Үкімет, министрліктер, содан кейін облыс әкімдіктері көшу керек болған. Алайда, әлі күнге ақпаратты алдымен орыс тілінде аламыз. Бұған не дейсіз?

– Бұл – ең үлкен жүйелік қайшылық. «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп заңда жазылғанымен, әкімшілік практика әлі де орыс тілінде. Себебі, нормативтік базада «міндеттеу» мен «жаза» тетігі жоқ, аудармаға тәуелді бюрократиялық модель қалыптасқан, тілдік менеджмент пен кадрлық саясат әлсіз. Негізгі шешім – үкімет пен министрліктерге қазақ тілінде құжат айналымын заңмен бекіту, сонда төменгі деңгей өздігінен бейімделеді.

«Кеңес одағы ыдырағаннан кейін көптеген ел өзінің «Тіл туралы» заңдарын жаңартты. Мысалы, Әзербайжан Республикасының мемлекеттік тіл туралы заңының 1-бабында: «Әрбір азамат әзербайжан тілін білуге міндетті» деп нақты жазылған. Францияда №94-665 заңына сәйкес, француз тілін меңгеру белгілі бір сала қызметкерлері үшін міндетті саналады» дедіңіз. Иә, бізден басқа мемлекеттің бәрі мемлекеттік тілінің аясын кеңейтуге баяғыда кіріскен. Неге біз мұны кейінге қалдырып келдік?

– Иә, Әзербайжан, Франция, Балтық елдері, Өзбекстан сияқты елдер тіл заңдарын нақты орындау деңгейіне жеткізді. Ал бізде кейінге қалдырылуының басты себептері – көптілді қоғамды «теңгеру» саясаты; саяси сақтық пен инерция; қазақ тілін дамыту экономикалық немесе технологиялық басымдыққа айналмауы. Бірақ енді жаңа буын мемлекеттік қызметкерлері мен цифрлық дәуірдің коммуникациясы қазақ тілін табиғи түрде алдыңғы орынға шығарып отыр.

«Қазақ тілінің аясын кеңейту қағаз жүзінде ғана емес, цифрландырумен бірге қарқын алуы керек» депсіз. Бұған дейін қағажу көріп келген қазақ тілі цифрлық кеңістікте дамиды деп ойлайсыз ба?

– Бұрын тіл саясаты «қағаз жүзінде» жүрді, енді ол «цифрлық кеңістікте» жүріп жатыр. Егер біз қазақ тілін цифрлық өнімдерге, атап айтқанда платформалар, чат-боттар, мемлекеттік порталдар, жасанды интеллект жүйелеріне енгізсек, тілдің болашағы сол жерде шешіледі. Цифрлық контент, аудиовизуалдық өнімдер мен мемлекеттік онлайн-сервистер қазақ тілінде толыққанды дамыса, тілдің беделі мен қолдану аясы заңсыз-ақ кеңейеді. Яғни, цифлық жүйе заңдардың сәйкестігін, бекітілген терминдердің бірізділігін қамтамасыз етеді. Жасанды интеллект арқылы қордағы сөздерді орнымен қолдануға бағыттайды. Қазір бір термин бір заңда басқаша, екіншісінде мүлдем басқаша пайдаланылады. Содан кейін қазақ тіліндегі заңдарды адамдар түсінбейді де орыс тіліндегі нұсқасын оқуға мәжбүр болады.

Қазақ тілі туралы айтылмаған сөз қалмады. Бірақ нәтиже жоқтың қасы. Мемлекеттік тіл мәртебесін шын мәнінде арттыруға не кедергі? Жоғарғы билікте осы мәселеге шынайы саяси ерік бар ма?

 – Барлық мәселені саясатқа айналдырудың қажеті жоқ. Жұмыс жүйелі түрде орнына қойылып, заң жүзінде бекітсек, құжат міндетті түрде екі тілде әзірленуі керек. Сол кезде қаласа да, қаламаса да Үкімет заңның қазақ тілінде жазылуына назар аударады. Негізгі кедергі – саяси шешімнің нақты әкімшілік тетікке айналмауы. Бізде «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деген қағида бар, бірақ ол декларация күйінде қалып келеді. Яғни заңда бар, ал өмірде оның орындалуын талап ететін механизм мен жауапкершілік жүйесі жоқ.

Тағы бір мәселе – қазақ тілін қолдану мемлекеттік қызметтің, экономиканың, ғылым мен технологияның табиғи тіліне айналмады. Көп жағдайда қазақ тілін білу «қосымша артықшылық» ретінде қаралады, ал шын мәнінде ол азаматтық міндет пен кәсіби талап болуы тиіс. Ал саяси ерікке келсек, соңғы жылдары бұл бағытта қозғалыс бар. Мемлекет басшысы бірнеше рет мемлекеттік тіл – елдің біріктіруші күші екенін атап өтті. Қазір билік тармақтарында қазақ тілін міндетті қолдану мәселесі нақты талқылана бастады. Бірақ мәселе тек саяси ерікте емес, оны іске асыратын жүйелі басқару мен бақылау механизмінде.

Коллаж: aikyn.kz

Қазақ тіліне шынайы мәртебе беру үшін ең алдымен үш нәрсе қажет. Біріншіден, заңнамалық деңгейде міндеттеу – мемлекеттік қызметкердің, педагогтың, дәрігердің қазақ тілін білуі талап ретінде бекітілуі тиіс. Заңдардың қазақ тілінде жазылуы үшін стандартталған терминологиялық база жасалуы керек. Көптеген елдерде мемлекеттік терминологияны біріздендіру – заң шығару мен нормативтік актілердің сапасын қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі саналады. 

Екіншіден, әкімшілік жауапкершілік пен бақылау – қағазда емес, нақты орындау мәдениеті қалыптасуы керек.

Үшіншіден, цифрлық кеңістіктегі басымдық – мемлекеттік тіл барлық ресми порталдар мен сервистердің негізгі тіліне айналуы тиіс.

Қазір қоғам дайын, жастардың басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейді. Сондықтан енді билік те нақты қадам жасауға тиіс – сөзден іс кезеңіне өту уақыты келді.

– Әлем елдерінде терминолиялық үйлесімділікті қамтамасыз ету үшін көптілді терминологиялық дерекқор жұмыс істейді. Қай мемлекеттің озық үлгісін тәжірибеге енгізуге болады?

– ЕО елдерінде терминологиялық үйлесімділікті қамтамасыз ету үшін арнайы IATE (InterActive Terminology for Europe) атты бірыңғай көптілді терминологиялық дерекқор жұмыс істейді. Ол заң шығару, аударма және ресми құжат айналымында қолданылатын терминдерді стандарттайды. Барлық институттар мен мүше мемлекеттер осы базаға сүйенеді.

Ал екі мемлекеттік тілді (ағылшын және француз) ресми қолданатын Канадада TERMIUM Plus атты ұлттық терминологиялық жүйе бар. Ол үкіметтік құжаттарда, заң мәтіндерінде және білім беру саласында қолданылатын сөздер мен тіркестердің бірізділігін қамтамасыз етеді.

Финляндия және Швецияда терминологиялық үйлестіру Ұлттық тіл комитеттері мен Тіл кеңестері арқылы жүзеге асады. Олар жаңа терминдерді бекітпес бұрын қоғамдық талқылау өткізеді, сала мамандарының пікірін жинақтайды және бекітілген сөздерді ресми тізілімге енгізеді.

Түркітілдес мемлекеттер ішінде Әзербайжанда Мемлекеттік терминология комиссиясы, Өзбекстанда Терминология орталығы жұмыс істейді. Олар заңнамада және мемлекеттік басқаруда қолданылатын терминдерді бекітіп, бірізді қолданылуын бақылайды.

Сондай-ақ, Түркияның Тіл қауымдастығы (Türk Dil Kurumu) ғылым, білім және мемлекеттік басқару салаларындағы жаңа ұғымдарға қатысты терминдерді жүйелі түрде бекітеді. Бұл шешімдер нормативтік күші бар құжаттарда міндетті түрде қолданылады.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, терминологиялық біріздендіру жұмыстары тиімді болуы үшін орталықтандырылған терминологиялық база (ашық платформа түрінде) құрылуы қажет, ведомстволық және салалық үйлестіру механизмі болуы тиіс, жаңа терминдерді бекіту және жария талқылау рәсімі заңнамалық деңгейде бекітіледі.

Ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес, Ғылым және жоғары білім министрлігі нормативтік құқықтық актілерде қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерінің бірыңғай сөздігін әзірлеу жұмыстарын жүргізуде.

Осы тапсырма аясында 1600 терминнен тұратын сөздік жобасы дайындалды. Жоба барысында әртүрлі мағынада және түрліше қолданылып жүрген терминдер сарланып, біріздендіру жұмыстары жүргізілді. Ендгі міндет стандарттау жұмысы жасалуы крек.