Бедеулік «жасарып» барады: құрсақ ана туралы не білеміз?
Шілде айында заңға өзгеріс енгізіліп, енді суррогат ананың қызметіне тек некеде тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары ғана жүгіне алады. Содан бері не өзгерді?
Астана, NEGE. Қазақстанда шамамен әрбір алтыншы ерлі-зайыпты бедеулікке тап болады. Табиғи жолмен бала сүйе алмай жүрген мыңдаған отбасы экстракорпоралды ұрықтандыруға (ЭКҰ), донорлық жасушалар мен суррогат ананың көмегіне жүгінеді.
Алайда суррогат ана мәселесі қоғамда әлі де түрлі пікір туғызып отыр. Көпшілік суррогат ана болу үшін қандай талаптар қойылатынын, оған кімдердің жүгіне алатынын және заң екі тараптың құқығын қалай қорғайтынын біле бермейді.
Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу үшін біз Welcome Baby суррогат ана агенттігінің негізін қалаушы әрі директоры Манара Маратқызымен сұхбаттасқан едік.
– Манара ханым, бүгінде Қазақстанда бедеулік мәселесі қаншалықты өзекті? Экстракорпоралды ұрықтандыруға (ЭКҰ) және суррогат ананың көмегіне жүгінетін отбасылар саны артып келе ме?
– Қазақстанда бедеулік мәселесі бүгінде өте өзекті. Қазір ЭКҰ клиникаларына барсаңыз, ұзын-сонар кезекті көресіз. Біреулер алғашқы кеңес алуға келсе, енді біреулер ЭКҰ бағдарламасына дайындалып жүреді. Ал кейбірі бірнеше рет бағын сынап көрген.
Айта кету керек, суррогат ананың көмегіне жүгіну – бедеулікті емдеудің ең соңғы кезеңі. Бұл тәсіл басқа емдеу жолдары нәтиже бермеген жағдайда ғана қолданылады.
Сонымен қатар бедеулік мәселесі жылдан-жылға «жасарып» келеді деуге болады. Біздің агенттікке суррогат ананың көмегіне жүгінген ең жас ерлі-зайыптылар 25 жаста болды. Олар осыдан төрт жыл бұрын отбасын құрған. Ем қабылдап, ЭКҰ арқылы бірнеше рет бала сүюге тырысқанымен, одан еш нәтиже шықпаған. Ал бізге жүгінген ең егде жастағы ерлі-зайыптылар 65 жаста еді.
Әр отбасының тарихы әртүрлі. Дегенмен біз ЭКҰ-ның жүктілікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін медициналық тәсілдердің бірі ғана екенін үнемі түсіндіреміз. Бұл – ғажайып емес әрі баланың дүниеге келетініне жүз пайыз кепілдік бермейді. Тіпті ЭКҰ мен суррогат ана бағдарламасын қатар қолданғанның өзінде, шамамен 60 пайыз жағдайда ғана оң нәтиже болады.
Бұл қызметтерге сұраныс жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2020 жылы айына бізге жылына ең көбі бес отбасы жүгінсе, қазір тек кеңес алу үшін аптасына он шақты жаңа ерлі-зайыпты келеді.
– Бүгінде Қазақстанда суррогат ананың көмегіне көбіне қандай отбасылар жүгінеді? Клиенттеріңіздің ортақ портретін сипаттап бере аласыз ба?
– Суррогат ананың көмегіне көбіне 30 жастан асқан, негізінен 37–40 жас аралығындағы ерлі-зайыптылар жүгінеді. Олардың басым бөлігі – бала сүюді жас кезінде кейінге қалдырғандар. Бірі мансап құруға көңіл бөлсе, енді бірі баспана мәселесін шешуге, көлік сатып алуға немесе алдымен қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге ұмтылған.
Көптеген жұп үйленгеннен кейін де балалы болуды кейінге қалдырып келгенін айтады. Олар әуелі пәтер сатып алу, қызметте өсу, қаражат жинау, саяхаттау сияқты мақсаттарын жүзеге асыруды көздеген. Алайда уақыт өте келе табиғи жолмен бала сүю мүмкіндігі азайып, репродуктивті технологиялардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Біздің клиенттеріміздің басым бөлігін осындай отбасылар құрайды. Сонымен қатар өтініштердің шамамен 20 пайызы бір баласы бар, бірақ медициналық себептерге байланысты екінші рет бала сүйе алмай жүрген жұптардан түседі. Ал тағы 30 пайызын үшінші немесе төртінші баланы қалайтын, алайда табиғи жолмен жүкті бола алмай жүрген отбасылар құрайды.
Бұрын Қазақстандағы суррогат ана бағдарламаларына шетел азаматтары да жиі қатысатын. Алайда заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін шетелдіктерге мұндай бағдарламаларға қатысуға тыйым салынды. Оған дейін шетелдік клиенттердің үлесі шамамен 10–15 пайызды құраса, қызметке жүгінушілердің басым бөлігі әрдайым Қазақстан азаматтары болған.
– Қазақстанда суррогат ана болу қалай реттеледі? Қолданыстағы заңнама жеткілікті ме, әлде тәжірибеде заңда көзделмеген жағдайлар кездесіп жата ма?
– Қазақстанда суррогат ана болуды реттейтін негізгі құжат – Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі. Дәл осы құжат суррогат аналықты қолданудың құқықтық негіздерін айқындайды.
Заңнама бірнеше жылдан бері қолданыста болғанымен, суррогат ана тақырыбы ұзақ уақыт бойы қоғамға беймәлім болып келді. Мұндай мүмкіндікке бедеулік мәселесімен ұзақ уақыт күрескен немесе заманауи репродуктивті технологиялар туралы жақсы білетін санаулы отбасылар ғана жүгінетін.
Қазірдің өзінде көптеген адамның суррогат бұл туралы түсінігі үстірт. Мен бұл салада жұмыс істей бастаған кезде тіпті жақын таныстарымның өзі оны бала саудасымен немесе қандай да бір заңсыз әрекетпен байланыстыратын. Яғни қоғам бұл тетіктің қалай жұмыс істейтінін толық түсінбейтін еді.
Заңдағы олқылықтарға келсек, олар көбіне негізгі құқықтық нормалардан емес, тәжірибеде кездесетін ерекше жағдайлардан туындайды.
Мысалы, бір жағдайда суррогат анаға бір ғана эмбрион салынған. Алайда кейін эмбрион екіге бөлініп, нәтижесінде егіз бала дүниеге келді. Мұндай жағдайлар өте сирек кездескенімен, болуы мүмкін. Сол кезде төлем мәселесі туындады. Себебі келісімшартта бір бала дүниеге келгені үшін ғана сыйақы қарастырылған, ал іс жүзінде екі бала туған. Сондықтан отбасы бастапқыда жоспарламаған қосымша қаржылық шығынға тап болды.
Тағы бір ерекше жағдай кездесті. Алты рет ЭКҰ бағдарламасынан нәтиже шықпаған ерлі-зайыптылар суррогат ананың көмегіне жүгінген. Алайда көп ұзамай әйел табиғи жолмен жүкті болып қалған. Нәтижесінде отбасында бір мезгілде екі сәби дүниеге келді: бірі – әйелдің өзі босанған баласы, екіншісі – суррогат ана дүниеге әкелген сәби.
Мұндай жағдайлар өте сирек кездесетіндіктен, заңда егжей-тегжейлі реттелмеген. Сондықтан осындай мәселелер туындаған кезде олар тараптар арасындағы келісімшарт талаптары мен әр жағдайдың ерекшелігі ескеріле отырып, жеке қарастырылады.
– Қазақстанда суррогат ана болуға көбіне қандай әйелдер шешім қабылдайды? Заңнама үміткерлерге қандай талаптар қояды және келісімшарт жасалғаннан кейін тараптарға қандай міндеттер жүктеледі?
– Германия мен Ұлыбритания сияқты бірқатар елде суррогат ана болуға тек өтеусіз негізде рұқсат етілген. Яғни әйел бұл үшін ешқандай сыйақы алмайды және суррогат ана болуға альтруистік ниетпен келіседі. Ал Қазақстанда суррогат аналық ақылы негізде жүзеге асырылады. Сондықтан мұндай қадамға көбіне қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер барады. Әдетте олардың шешімі қаржылық қиындықтарға, несие мен қарыздың көбеюіне немесе табыстың азаюына байланысты болады.
Суррогат ана болуға ниет білдірген әйелдер келген сайын, олардың мұндай шешім қабылдауына не себеп болғанын сұраймын. Көпшілігі қаржылық қиындыққа тап болғанын, тіпті алаяқтардың құрбаны болғанын айтады. Экономикалық тұрақсыздық та бұл бағдарламаға қатысуға ниетті әйелдердің санына әсер етеді. Ал материалдық тұрғыдан қиындық көрмейтін, тұрақты табысы бар әйелдер мұндай шешімді өте сирек қабылдайды.
Сонымен қатар заңнамада үміткерлерге қойылатын нақты талаптар бар. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, суррогат ана 20 мен 35 жас аралығында болуы керек.
Ең басты талаптардың бірі – әйелдің табиғи жолмен дүниеге әкелген өз баласының болуы. Бұрын бала тумаған немесе тек асырап алған баласы бар әйел суррогат ана бола алмайды. Егер үміткер некеде болса, жұбайының нотариат куәландырған жазбаша келісімі міндетті түрде қажет. Бұл құжат суррогат ана мен биологиялық ата-аналар арасында жасалатын келісімшартқа қоса тіркеледі.
Заңнамада денсаулыққа қатысты талаптар да қарастырылған. Суррогат ананың өз балаларының дені сау болуы және диспансерлік есепте тұрмауы қажет.
Жүктілік кезінде суррогат ана дәрігерлердің барлық ұсынымын орындауға міндетті. Ол алкоголь мен есірткі қолданбауы, дұрыс тамақтануы, салауатты өмір салтын ұстануы, шамадан тыс дене жүктемесінен бас тартуы және келісімшартта көрсетілген өзге де талаптарды сақтауы тиіс.
Өз кезегінде биологиялық ата-аналар да суррогат ананың алдында белгілі бір міндеттер атқарады. Заңға сәйкес, олар босанғаннан кейінгі 56 күн бойы суррогат ананы материалдық жағынан қамтамасыз етуге міндетті. Ал босану асқынумен өтсе немесе кесарь тілігі жасалса, бұл мерзім 72 күнге дейін ұзартылады. Бұл талаптардың барлығы Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінде бекітілген.
– Бүгінде Қазақстанда суррогат ананың қызметі қанша тұрады? Төлем қалай есептеледі және әйелдің мұндай бағдарламаға қанша рет қатысуына рұқсат етілген?
– Суррогат ананың қызмет құны тараптардың өзара келісімімен белгіленеді. Бұл мемлекеттік қызметке жатпайды, сондықтан оның тарифтерін мемлекет немесе монополияға қарсы органдар реттемейтінін түсінуіміз қажет.
Қазіргі таңда суррогат ананың орташа сыйақысы шамамен 8 млн теңгені құрайды. Бұл қаражат бала дүниеге келгеннен кейін төленеді.
Негізгі сыйақымен қатар, келісімшартта суррогат ананы ай сайын қаржылай қамтамасыз ету де қарастырылған. Оның мөлшері әдетте айына 400–500 мың теңге шамасында. Бұл төлемдер жүктілік кезеңінде жүргізіледі. Мысалы, егер әйел баланы жеті ай көтерсе, осы әр жеті айдың әрқайсысы үшін төлем алады.
Бала дүниеге келгеннен кейін биологиялық ата-аналардың суррогат анаға қосымша алғыс білдірген жағдайлар да болған. Көбіне олар келісілген сомадан бөлек тағы 1–2 млн теңге төлейді. Кейде ерекше оқиғалар да болып жатады. Мәселен, суррогат аналардың бірі бала босанғаннан кейін отбасының оған бір бөлмелі пәтер сыйлағанын айтқан. Алайда мұндай жағдайлар өте сирек.
Бұрын заңнамада әйелдің суррогат ана ретінде қанша рет қатыса алатынына шектеу қойылмайтын. Егер денсаулығы мүмкіндік берсе, ол мұндай бағдарламаға бір, екі, үш немесе одан да көп рет қатыса беретін. Алайда 2026 жылдың маусым айында заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді әйел суррогат ана ретінде үш реттен артық қатыса алмайды. Үш бағдарламадан кейін қайтадан суррогат ана болуға заң жүзінде рұқсат берілмейді.
Менің ойымша, бұл – дұрыс шешім. Себебі босанғаннан кейін ағзаның толық қалпына келуі үшін кемінде бір жарым жыл қажет. Тек содан кейін ғана, медициналық қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда, әйел бағдарламаға қайта қатыса алады.
– Қазақстан заңнамасы суррогат аналық бағдарламасына қатысушылардың құқықтарын қалай қорғайды? Егер тараптардың бірі келісімшарт талаптарын бұзса не болады және суррогат ана дүниеге келген балаға құқық талап ете ала ма?
– Суррогат ана болу бағдарламасына қатысатын тараптардың барлық құқықтары мен міндеттері келісімшартта нақты көрсетіледі. Егер тараптардың бірі келісімшарт талаптарын бұзса, дау Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес сот тәртібімен қаралады.
Жақында осындай істердің бірі сотта қаралды. Ерлі-зайыптылар суррогат ананың өз міндеттемелерін орындамай, эмбрионды екінші рет көшіру рәсіміне келмегеніне байланысты сотқа жүгінді. Сот талапкерлердің пайдасына шешім шығарып, суррогат ананы келтірілген қаржылық шығынды өтеуге міндеттеді.
Жалпы, келісімшартта суррогат ананың да, биологиялық ата-аналардың да жауапкершілігі нақты белгіленеді. Егер тараптардың бірі өз міндеттемесін орындамаса, екінші тарап сотқа жүгінуге құқылы. Ұсынылған дәлелдерді зерттегеннен кейін сот құқық бұзушылықтың бар-жоғын анықтап, тиісті шешім қабылдайды.
Қазақстан заңнамасының Ресей заңнамасынан айтарлықтай ерекшеленетін тұстарының бірі – суррогат ананың құқықтық мәртебесі. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес, суррогат ананың өзі көтеріп, дүниеге әкелген балаға ата-аналық құқықтары болмайды. Ол бала туғаннан кейін оны биологиялық ата-анасына беруге міндетті. Бұл талап заңда нақты бекітілген.
Сондықтан бағдарлама басталмай тұрып, әрбір үміткерге дүниеге келген балаға ешқандай құқық талап ете алмайтыны толық түсіндіріледі. Әдетте әйелдер бұл талапты алдын ала біліп, саналы түрде келісім береді.
Сонымен қатар суррогат ана болу бағдарламасы толық құпия сақталады. Нотариалды куәландырылған келісімшартқа сәйкес, биологиялық ата-аналар суррогат ана туралы мәліметті үшінші тұлғаларға, оның ішінде балаға да жария етуге құқығы жоқ.
– Жүктілік кезінде іштегі баланың ауыр даму патологиясы анықталса, қандай шешім қабылданады? Мұндай жағдайлар тәжірибеде қалай реттеледі?
– Менің тәжірибемде жүктілік кезінде ультрадыбыстық зерттеу барысында ұрықтың ауыр даму патологиясы анықталған жағдай болды. Дәрігерлердің айтуынша, баланың денесі қалыпты дамығанымен, бас сүйегінің өсуі айтарлықтай кешеуілдеген. Медициналық тексерулердің нәтижесінде ауыр диагноз қойылды.
Дәрігерлермен кеңескеннен кейін биологиялық ата-ана жүктілікті тоқтату туралы шешім қабылдады. Ол кезде жүктілік мерзімі шамамен бес ай болғандықтан, суррогат анаға медициналық көрсетілім бойынша жүктілікті тоқтату рәсімі жасалды. Мұндай жағдайда келісімшарт талаптарына сәйкес суррогат анаға өтемақы төленеді.
Сонымен қатар дәрігерлер табиғи жолмен болған жүктілік те, экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасы да дені сау баланың дүниеге келетініне жүз пайыз кепілдік бермейтінін әрдайым ескертеді. Егер генетикалық деңгейде қандай да бір өзгеріс болса, ұрықта даму патологиясы қаупін толық жоққа шығару мүмкін емес.
– Қазақстанда суррогат аналар мен биологиялық ата-аналарға міндетті психологиялық қолдау көрсету қарастырылған ба? Сіздің ойыңызша, мұндай сүйемелдеу жүйесі қажет пе?
– Қазіргі таңда Қазақстан заңнамасында суррогат аналық бағдарламасына қатысушыларға міндетті психологиялық сүйемелдеу қарастырылмаған. Бағдарлама коммерциялық негізде жүзеге асырылатындықтан, психологтың көмегіне жүгіну-жүгінбеуді тараптар өздері шешеді.
Мұндай психологиялық қолдауды заңнамалық деңгейде енгізген дұрыс болар еді. Бұл суррогат аналарға да, биологиялық ата-аналарға да бағдарламаның барлық кезеңінен психологиялық тұрғыдан жеңілірек өтуге мүмкіндік берер еді.
Өкінішке қарай, Қазақстанда психологтың көмегіне жүгінуге қатысты белгілі бір стереотиптер әлі де сақталған. Көптеген адам өз мәселесін маманмен талқылағаннан гөрі, туыстарымен немесе достарымен бөліскенді жөн көреді.
Дегенмен бұл көзқарастың біртіндеп өзгеріп келе жатқанын байқаймын. Әсіресе жас буын психологтердың қызметіне жиі жүгіне бастады. Алайда көптеген қазақстандық үшін кәсіби психологиялық көмек алу әлі де қалыпты тәжірибеге айналған жоқ. Сондықтан міндетті психологиялық сүйемелдеуді енгізу осы саланың маңызды бөлігіне айналып, оның пайдасы ықтимал кемшіліктерінен әлдеқайда көп болар еді деп есептеймін.
– Қазақстанда суррогат аналық пен донорлыққа қатысты қоғамдағы стигманы қалай азайтуға болады? Бұл тақырыптарға деген көзқарасты өзгерту үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Бұл жерде ақпараттандыру маңызды рөл атқарады. Көптеген теріс пікір адамдардың суррогат аналық пен донорлық бағдарламаларының қалай жұмыс істейтінін, олардың қандай қағидаттарға негізделетінін және отбасылардың неліктен мұндай шешім қабылдайтынын толық түсінбеуінен туындайды.
Адамдарға бұл жүйенің қалай жұмыс істейтіні жан-жақты түсіндірілген сайын, олардың көзқарасы да біртіндеп өзгереді. Әрине, бұл мәселеге ұлттық дәстүрлер, отбасылық құндылықтар мен жеке наным-сенімдер де әсер етеді. Соған қарамастан, Қазақстанда суррогат аналыққа қызығушылық пен оны қоғамның қабылдау деңгейі біртіндеп артып келеді.
Бір қызығы, Еуропаның өзінде суррогат аналыққа барлық мемлекет бірдей рұқсат бере бермейді. Сондықтан қоғамның бұл мәселеге көзқарасы елдің демократиялық даму деңгейіне ғана емес, адамдардың осы рәсімнің мәнін қаншалықты түсінетініне де байланысты.
Сол себепті бұл тақырып туралы ашық айтып, қоғамға оның қалай жүзеге асырылатынын түсіндіру өте маңызды. Әр адамның суррогат аналықты қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Алайда көп жағдайда бұл мәселе адамның өзіне немесе жақындарының өміріне тікелей қатысты болған кезде оның көзқарасы өзгереді.
Отбасы бедеулік мәселесімен бетпе-бет келмейінше, бұл тақырып оған еш қатысы жоқтай көрінуі мүмкін. Ал суррогат аналық ата-ана атанудың жалғыз мүмкіндігіне айналған кезде, оған деген көзқарас та өзгереді. Сондықтан қоғамды дұрыс ақпараттандыру мен ашық диалог стигманы азайтып, бұл мәселеге байыпты әрі саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді деп есептеймін.