Референдум Референдум
11 Наурыз 10:14
...

Алматыда суррогат ана қытайлық жұптан 7,5 млн теңгесін ала алмай жүр

Жүкті
Фото: freepik.com

Суррогат ана қызметін ұсынған алматылық келіншек шетелдік тапсырыс берушілерден қызмет ақысын төлеуді талап етеді.

Референдум

Астана, NEGE. Тапсырыс беруші баладан бас тартқан, деп хабарлайды КТК.

Арна тілшісінің хабарлауынша, 27 жастағы Кристина Гаврилюк бөтен біреудің баласын ақша үшін көтеріп беруге келіскен. Қызметіне 7,5 миллион теңге сұраған. Суррогат анамен келісімшартты Қытайдан келген ерлі-зайыпты жасаған. Әйелге эмбрион Алматыда салынған. Болашақ ата-ана жүктілік кезінде ақшасын уақытында беріп, тіпті шамамен 200 мың теңге көлемінде жалақы да төлеп отырған. Алайда Кристина денсаулығындағы асқынуларға байланысты баланы жетінші айында, мерзімінен бұрын босанып қойған. Осыдан кейін тапсырыс берушілер шала туған шарананы алудан бас тартқан.

«Кесарь тілігінен кейін баланы бірден алып кетті, болды. Шамамен төрт сағаттан кейін маған медбике келіп, баланы тапсырғандарын айтты. Мен "Бәрі дұрыс па, бала тірі ме?" деп сұрадым. Ол "Жоқ, бәрі жақсы" деді. Биологиялық ата-анасы алдымен баланың денсаулығын тексеру үшін анализ алуды талап етті. Анализдер бәрі қалыпты екенін көрсетті. Бала салмақ қоса бастады. Кейін олар ДНҚ-тест жасауды талап етті. ДНҚ-тест олардың баламен туыстығын растады. Осыдан кейін куратормен байланыста болдым. Бірақ кейін биологиялық анасы жауап бермей, баланы алып кетуді сұрады», – дейді Кристина.

Кристина дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Ол өзінің алты жастағы қызын тәрбиелеп отыр. Бұған дейін екі рет суррогат ана болған және екі жағдайда да бәрі сәтті аяқталған. Ал үшінші рет ақысын ала алмай отыр. Кристина бөтен баланы тәрбиелеуге де, оған жауапкершілік алуға да ниеті жоқ екенін ашық айтады. Сондықтан босанғаннан кейін бірден нәрестеден бас тарту туралы өтініш жазған.

Биологиялық ата-анасы туралы дерек өте аз. Олар – Қытай азаматтары. Қазір қайда екені белгісіз. Ал процедура жасалған клиника бұл жайтқа пікір білдіруден бас тартқан. Суррогат ана полицияға жүгінген.

«Бұл факт бойынша деректерді зерттеу нәтижесінде қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері болмағандықтан, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 79-бабына сәйкес мұндай жағдайлар тек сот арқылы қаралуға тиіс. Сондықтан азаматтық тәртіппен сотқа талап-арыз беру ұсынылды», – дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазақстанда суррогат ана болуға ресми түрде рұқсат етілген. Суррогат ананың құқықтары мен міндеттері «Неке және отбасы туралы» заңмен реттеледі. Ол әйелге медициналық көмек, денсаулығын қорғау және келісілген сыйақыны алу кепілдігін береді. Құқық қорғаушылар алданған әйелге сотқа жүгінуге кеңес береді. Биологиялық ата-ана шетел азаматтары болғандықтан, суррогат анаға Қытай елшілігіне және Сыртқы істер министрлігіне жүгіну ұсынылды.

«Биологиялық ата-анаға қатысты Қылмыстық кодекс бойынша ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғауға болады. Олар баласын тастап, Қазақстан аумағынан кетіп қалған, яғни өз баласының өмірі мен денсаулығына қауіп келтірген», – дейді заңгер Ғабит Өмірбеков.

Қазір жаңа туған нәресте Сәбилер үйіне орналастырылған. Дәрігерлер оның жағдайын қалыпты деп бағалап отыр. Бала өсіп, салмақ қосып келеді. Алайда, өкінішке қарай, ересектерге бұл сәби керек болмай тұр. Енді оның тағдыры мемлекеттің жауапкершілігінде. Қазіргі таңда нәресте ата-анасы бас тартқан бала ретінде тіркелген.

Референдум