Bazis басшысының арызы бойынша қозғалған істің сот отырысына прокурор қатыспады
Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотында Bazis компаниясының негізін қалаушы Александр Белович пен ресейлік Владислав Лихачевтің арызы негізінде қамаудағы Татьяна Беловаға қатысты іс бойынша сот отырысы кейінге қалдырылды.
Алматы, NEGE. Оған мемлекеттік айыптаушының процеске келмеуі себеп болды. Судья Бақыт Нұрланов прокурордың қатысуынсыз сот процесін жалғастыру мүмкін емес екенін айтты.
«Бүгінгі сот отырысына мемлекеттік айыптау тарапынан бірде-бір өкіл келмеді және сотқа келмеу себептері туралы ешқандай хабарлама жолданбаған. Мемлекеттік айыптаушы сот отырысына қатыспағандықтан, қазіргі уақытта сот талқылауын жалғастыру мүмкін емес. Осыған байланысты, мемлекеттік айыптау тарапының бүгінгі сот отырысына қатыспауын ескере отырып, сот процесін кейінге қалдыру қажет деген қорытындыға келді», – деді судья.
Мемлекеттік айыптаушының процеске келмеу себебі сот тарапынан анықталады. Келесі сот отырысының күні мен уақыты әзірге белгісіз. Судья процесс қатысушыларына нақты уақыты қосымша хабарланатын мәлімдеді.
Татьяна Белованың адвокаттары мемлекеттік айыптау тарапының әрекетін айыптаудан бас тарту деп есептейтіндерін жеткізді.
Іс бойынша жәбірленуші деп танылған Bazis құрылыс компаниясының негізін қалаушы Александр Белович пен Ресей Федерациясының азаматы Владислав Лихачев сот отырысына келді.
Тақырыпқа орай: Bazis басшысы Белович сотта төбе көрсетті
Сот отырысы кейінге қалдырылған соң айыпталушы Татьяна Белова журналистердің сұрағына жауап берді. Белованың айтуынша, ол әлі күнге дейін айыптау актісін қолға алып, таныспаған.
Сонымен қатар БАҚ өкілдері оның денсаулығына қатысты бірнеше сауал қойды. Бұған дейін сот адвокаттардың Беловaның денсаулығына байланысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш хатын қанағаттандырмаған болатын.
«2022 жылы мен омыртқама күрделі ота жасаттым. Екі омыртқааралық дискім алынып, орнына титаннан жасалған имплант орнатылды. Бұл имплант уақытша қойылған. Үш жылдан кейін мен Астана қаласындағы нейрохирургия орталығына баруым керек еді. Сол жерде бұл құрылымды алып тастау мәселесі шешілуі тиіс болатын. Сондай-ақ сол уақытта маған мүгедектік белгілеу мәселесі де қаралуы керек еді», – дейді Белова.
Ол қазір мүгедектікке қатысты мәселені шеше алмай отырғанын жеткізді. Айтуынша, қарапайым дәрігерді шақырып, бір дәріні алып ішудің өзі қиын.
«Маған арнайы төсек қажет. Сонымен қатар массаж бен жүзу тағайындалған. Мұны маған ауруханадан шыққан кезде жазып берген. Бұл шаралар титан имплантты күтуге және омыртқамның жағдайын сақтауға арналған», – дейді Белова.
Контекст
Татьяна Беловаға Alfa Stom стоматологиялық клиникалар желісінің құрылтайшысы Лилия Аношинамен бірлесіп алаяқтық жасағаны үшін айып тағылып отыр. Лилия Аношина – Bazis құрылыс компаниясының негізін қалаушы олигарх Александр Беловичтің бұрынғы жұбайы. Қазір Лилия Аношина Қазақстанда емес. Ол бұған дейін елге келсе, қудалаудан қауіптенетінін мәлімдеген еді.
Владислав Лихачев – Ресей Федерациясының азаматы. Сонымен қатар ол Лилия Аношинаның бірінші некесінен туған қызы Лара Эртлдің бұрынғы күйеуі. Яғни, Владислав Лихачев Лилия Аношинаға күйеу бала болған.