18 Желтоқсан 16:28
...

Bazis басшысы Белович сотта төбе көрсетті

Татьяна Белова
Фото: NEGE

Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотында Bazis құрылыс компаниясының негізін қалаушы Александр Белович пен ресейлік Владислав Лихачевтің арызы негізінде қамауда отырған Татьяна Беловаға қатысты қозғалған іс бойынша басты сот отырысы басталды. 

Алматы, NEGE. Сот процесі барысында прокурор үш эпизодтан тұратын айыптау актісін оқыды. 

Судья Бақыт Нұрланов тараптардың пікірін тыңдап, алдымен жәбірленушілерден жауап алуды бекітті. Кейін іске қатысты материалдар сараланады, артынша куәгерлер айғақ береді.

Іс бойынша жәбірленуші деп танылған Bazis құрылыс компаниясының негізін қалаушы Александр Белович пен Ресей Федерациясының азаматы Владислав Лихачев сот отырысына келді. Алайда олар БАҚ өкілдеріне процесс барысында өздерін фото-видеоға түсіруге рұқсат берген жоқ.

Белованың соты
Фото: NEGE

Сотта айыпталушы Татьяна Белованың адвокаты Сәуле Кобжанова Александр Беловичтен қай елдің азаматы екенін сұрады.

Александр Белович: Қазақстан Республикасының азаматымын.

Сәуле Кобжанова: Сізде Канаданың паспорты бар ма?

Судья: Сұрақ алынып тасталады.

Сәуле Кобжанова: Құрметті сот, менің қолымда жәбірленушіде Канаданың азаматтығы бар деген құжат тұр. Бұл құжаттар Франция сотынан алынған. Ол елде Монакодағы жылжымайтын мүлікке қатысты сот процесі болған. Франция сотындағы құжатта Александр Беловичте канадалық төлқұжатпен қатар қазақстандық төлқұжат көрсетілген. 

Осы тұста судья Нұрланов Александр Беловичтің азаматтығын нақтылап сұрады.

Судья: Жәбірленуші қазір бізге Қазақстан азаматы екенін атап өтті. 

Сәуле Кобжанова Александр Беловичте канадалық төлқұжаттың бар-жоғын анықтау мақсатында Канада елшілігіне ресми сұрау салу туралы сотқа өтінішхат жолдайтынын жеткізді.

Судья мемлекеттік айыптаушының өтініші бойынша сот процесін кейінге қалдырды.

Контекст

Татьяна Беловаға Alfa Stom стоматологиялық клиникалар желісінің құрылтайшысы Лилия Аношинамен бірлесіп, алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Лилия Аношина – Bazis құрылыс компаниясының негізін қалаушы олигарх Александр Беловичтің бұрынғы жұбайы. Қазір Лилия Аношинаның өзі Қазақстанда емес. Ол бұған дейін елге келсе, қудалаудан қауіптенетінін мәлімдеген еді.

Владислав Лихачев – Ресей Федерациясының азаматы. Сонымен қатар ол Лилия Аношинаның бірінші некесінен туған қызы Лара Эртлдің бұрынғы күйеуі. Яғни, Владислав Лихачев Лилия Аношинаға күйеу бала болған.