3 Желтоқсан 17:24
...

Bazis басшысы Беловичтің арызы: Татьяна Белова тергеу кезінде қысым көргенін мәлімдеді

Татьяна Белова
Фото: NEGE

1 желтоқсанда Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотында Bazis құрылыс компаниясының негізін қалаушы, олигарх Александр Белович пен ресейлік Владислав Лихачевтің арызы негізінде қамауда отырған Татьяна Беловаға қатысты қозғалған іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті, деп хабарлайды NEGE тілшісі. 

Татьяна Беловаға Alfa Stom стоматологиялық клиникалар желісінің құрылтайшысы Лилия Аношинамен бірлесіп, алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Лилия Аношина – Bazis құрылыс компаниясының негізін қалаушы олигарх Александр Беловичтің бұрынғы жұбайы. Қазір Лилия Аношинаның өзі Қазақстанда емес. Ол бұған дейін елге келсе, қудалаудан қауіптенетінін мәлімдеген еді.  

Владислав Лихачев – Ресей Федерациясының азаматы. Сонымен қатар ол Лилия Аношинаның бірінші некесінен туған қызы Лара Эртлдің бұрынғы күйеуі. Яғни, Владислав Лихачев Лилия Аношинаға күйеу бала болған.

Процеске олигарх Александр Беловичтің өзі қатыспады, оның атынан сотқа өкілі келді. Iстi алдын ала тыңдау барысында прокурор айыптау актісін оқыды. 

Прокурордың айтуынша, Лихачев Ресей Федерациясына АҚШ-тан әкелінген автомобильдерді сатумен айналысқан. Алайда 2022 жылдың ақпанында Ресейге қарсы енгізілген халықаралық санкцияларға байланысты тиісті банк операцияларын жүргізу мүмкін болмай қалады. Соның салдарынан Лихачев көлік компанияларымен тікелей есеп айырысу мүмкіндігінен айырылады.

Прокурордың айыптау актісіндегі тағы бір эпизод бойынша, 2024 жылғы мамырда Беловa мен Аношина алдын ала сөз байласып, Bazis құрылыс компаниясының негізін қалаушы Александр Беловичтен аса ірі көлемде қаржы алу мақсатында бопсалау әрекеттерін жасағаны айтылды.

Алдын ала тыңдауда сотталушы Татьяна Белова мен оның қорғаушыларының 20 қарашадағы жаңа айыптау актісімен таныспағаны белгілі болды. Сонымен қатар Татьяна Белова істің алқабилердің қатысуымен қаралуынан бас тартты.

Қорғау тарапы аталмыш қылмыстық істі тоқтау туралы және сот тергеуі кезінде айыпталушы Белованы үйқамаққа жіберу туралы сотқа өтініш берді.

«Шындығында, бұл іс бойынша жағдай мүлде басқаша. 2024 жылғы 4 наурызда Алматы қаласының прокурорының орынбасары Ауғанбаев қылмыстық құрамның болмауына байланысты істі тоқтатқан. Алматы қаласының прокурорының орынбасарының шешімінде бұл істің тек азаматтық-құқықтық қатынастарға жататыны нақты көрсетілген. Біз прокурордың орынбасарының қорытындысын толық қолдаймыз. Іс тек Ресей Федерациясының азаматтары Лихачев, Чистов және Носов арасындағы азаматтық-құқықтық қатынастарға байланысты. Ресей Федерациясының осы үш азаматы АҚШ-та сатып алынған көлікті бөлісе алмаған. Көлік Беларусь Республикасына жеткізілген, Чистовқа сенімхат арқылы берілген, және олар Ереванда ресімделген, Қазақстанда емес. Сондықтан бұл көліктерді Қазақстанмен, Беловамен немесе Аношинамен байланыстыру мүмкін емес», – деді Татьяна Белованың қорғаушысы Сәуле Кобжанова.

Владислав Лихачевтің айтуынша, 2022 жылы Ресей Федерациясында санкциялар енгізілгеннен кейін ол бұрынғы қайын енесі Л.Аношина арқылы Т.Беловaға 230 000 АҚШ долларын берген. Бұл қаражат екінші деңгейлі банктердің карталарынан картаға аудару жолымен жеткізілген. Ақша АҚШ-тағы сақтандыру компанияларынан автокөлік сатып алу үшін берілген.

Қылмыстық іс бойынша айыптау актісінде Беловаға үш эпизод бойынша айып тағылғаны көрсетілген. Адвокаттың айтуынша, бұл эпизодтардың мазмұны заң тұрғысынан негізсіз.

«Мәселен, алаяқтық бойынша айып тағылған эпизодқа келсек, істі тіркеуге негіз болған Ресей Федерациясының азаматы Лихачевтің мәлімдемесінде Белова мен Аношина белгісіз тұлғамен бірге бес автокөліктің қаражатын жымқырған деп көрсетілген. 5 көлік сатып алынып, Беларусь Республикасына жеткізілген. Бұл факт сот-экономикалық сараптама №5165, 2025 жылғы 19 наурыздағы қорытындысымен де расталған. Істе көрсетілген автокөліктер Қазақстан Республикасының аумағына жеткізілмеген және Беларусь Республикасының аумағында Ресей Федерациясының азаматы Носовқа, Ереванда Ресей азаматы Чистов арқылы берілген сенімхат негізінде алынған», – деп атап өтті Кобжанова.

Татьяна Беловa аударған қаражат АҚШ-тағы автокөлік сатушысының шотына ресми банктік аударымдар арқылы жіберілген. Қорғаушының айтуынша, бұл төлем құжаттармен және сот-экономикалық сараптама қорытындысымен расталған. Сондай-ақ, тергеп-тексеру барысында Белова Т. мен Аношина Л.-ға қатысты алаяқтық жасалды деген айыпты растайтын ешқандай дәлел табылмаған.

Лихачевтің өзі де ақша шарт бойынша, өз еркімен аударғанын, ақшаның бір бөлігі қайтарылғанын, сондай-ақ Беловадан да, Аношинадан да ақша ұрлау фактісін растайтын құжаттар жоқ екенін мәлімдеген.

Адвокат Кобжанованың айтуынша, заңға сәйкес, егер алаяқтықтың белгілері дәлелденбесе, ал тараптар арасында тек келісімдік міндеттемелер болса, мұндай іс қылмыстық құрам болмағандықтан тоқтатылады.

Прокурор барлық материалдарды тексеріп, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ болғандықтан істі тоқтату туралы шешім қабылдаған.

«Бұдан байқағанымыз, тергеуші алаяқтықтың негізгі құрамын, Лихачевтің мүлкін заңсыз иемдену белгілерін дәлелдей алмай отыр. Себебі Беловaның бұл мүлікке ешқандай қатысы жоқ. Іс тоқтатылған еді, бірақ кейін қайта жанданды. Бұл толықтай заңсыз, оған ешқандай негіз жоқ. Нәтижесінде Беловa 16 айдан астам уақыт қамауда отыр. Мұндай ұзақ мерзімге қамау ақылға қонбайды. Бұл Қазақстан Конституциясының 16 және 17-баптарына, сондай-ақ Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 147 және 148-баптарына қайшы келеді», – деді адвокат Кобжанова.

Лихачев бұл істі Ресейде ұйымдастыруға тырысқан, бірақ үш рет «қылмыс құрамының жоқтығы» негізінде тоқтатылған. Яғни іс ҚР аумағында да, Ресейде де қылмыстық құрам жоқ деп танылған.

Носов Лихачевтен сатып алынған автокөліктерді алғанын және оларды сатқанын растайды. Барлық видеоқұжаттар, сатылым шарттары адвокаттар тарапынан Қазақстандағы тергеуге ұсынылған, бірақ іс материалына қосылмаған. Носов өз қауіпсіздігін ойлап, Қазақстанға келе алмай отыр.

Сонымен қатар, істе Proton Telegram арқылы IP мекенжайын анықтау бойынша сұрау салынбаған.

Жәбірленуші В. Лихачев – «Call-Prikol / Колл Прикол» атты платформаның бірлескен құрылтайшысы. Бұл сервис арқылы қолданушылар автоматты телефон сценарийлерін жасап, сөйлесулерді жазып, сақтай алады. Сондықтан ұсынылған аудио, мәтін және скриншот материалдардың шын мәнінде нақты сөйлесулерге немесе хабарламаларға сәйкес келуі күмәнді.

Тергеу органдары түпнұсқа құрылғылар мен техникалық журналдарды тексермеген, сондықтан Лихачевтің материалдары сотта қабылданатын дәлел ретінде қаралмайды.

Сондай-ақ, Лихачевтің коммерциялық жобаларға қатысуы бұл материалдардың жасанды түрде жасалған болуы мүмкіндігін көрсетеді. Сотқа ұсынылған кез келген электрондық материалдың шындыққа сәйкестігін тексеру міндетті.

Маңызды факт: Мәскеу қаласының Басман сотында Аношина бұрынғы күйеубаласы Лихачевке қатысты азаматтық талап арыз беріп, 160 млн рубльді қайтаруды сұрап отыр. Мемлекеттік техникалық сараптама Лихачевтің қолының түпнұсқалығын растаған, ол бұрын бір жыл бойы бұл фактіні жоққа шығарған.

4 наурыз 2024 жылы Лихачевтің арызы бойынша іс бірден жабылған, Мәскеуде де үш рет іс қозғалмаған.

Сотталушы Татьяна Белова да өзіне тағылған айыппен келіспейді.

«Мен 16 айдан бері қамауда отырмын. Бұл уақыт мен үшін оңай өтіп жатқан жоқ. 9 ай бойы дұрыс тергеу болмады. Барлық дәлел біржақты қаралып жатыр. 9 айдың ішінде біздің бірде бір өтінішіміз қанағаттандырылмады. 2024 жылдың 24 шілдесінен бастап мен заңсыз қамауда отырмын. Мені қамамақ түгілі, ұстауға ешқандай негіз жоқ. Сол себепті мен тергеушілерді сотқа шақыру туралы өтініш жасаймын. Мен тергеу қалай жүргізілгенін, Лихачевпен беттестіру қалай өткенін тергеушілердің өз аузынан естігеніңізді қалаймын. Мен бұл істі тоқтату туралы өтінішті қолдаймын», – деді Белова.

Судья Беловадан тергеу кезінде қандай да бір психологиялық қысым болды ма деп сұрады. Белова болса, өзіне қысым жасалғанын растады.

2 желтоқсанда жарияланған шешімде судья Бақыт Нұрланов қорғау тарапының сотталушы Белованы үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішхатын қанағаттандырмады. 

«Адвокаттар тарапынан айыпталушы Беловaға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішхат келіп түсті. Қорғаушылар өтінішхатты мынадай уәждермен негіздеді: айыпталушының денсаулық жағдайы қамауда ұстауға мүмкіндік бермейді», – деді судья. 

Тараптардың пікірін тыңдай келе, сот мынадай шешімге келді:

«2024 жылғы 26 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған тергеу сотының қаулысына сәйкес, қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы заңды және негізді қолданылған. Айыпталушыны қамауда ұстауға болмайтынын дәлелдейтін медициналық құжаттар іске қоса ұсынылмаған. Қазіргі уақытта бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ. Қорғау тарапынан бұлтартпау шарасын өзгерту қажеттілігін растайтын өзге дәлелдер де ұсынылмаған», – деді судья Нұрланов. 

Сонымен қатар, Татьяна Беловаға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы өтінішхат та қанағаттандырылмады. 

Қылмыстық іс бойынша негізгі сот талқылауы 2025 жылдың 11 желтоқсанына тағайындалды.