Байдың балаларын полициядағы лауазымды тұлғалар қорғаштайды – депутат

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматының әл-Фараби даңғылында үш адамның қазасына әкеп соқтырған жантүршігерлік жол апатына және жолдағы заңсыздыққа қатысты пікір білдірді.

Фото: ҚР Парламент Мәжілісі

Астана, NEGE. Базарбектің пікірінше, ішкі істер органдарында «ауқымды тазарту» жүргізетін уақыт келді.

«Барлық бейнекамера жазбаларын көтеруіміз керек, өйткені жұмыстан босатылған басқарушы шенеунік – соңғы адам емес. Мен өзім Алматыда, әл-Фараби даңғылының бойында тұрамын. Күнде спорткарлар мен элиталы автокөліктер жүйіткіп жүреді. Алайда олардың айыппұл төлеп жатқанын, біреудің жұмыстан қуылып, жауапқа тартылғанын көрмейміз. Сондықтан ішкі істер органдарында ауқымды тазарту жүргізу қажет. Тек ішкі істер департаментінде ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша тазарту керек», – деді депутат Парламент кулуарында.

Көшеде жарысушылар туралы айта келе, ол жоғары лауазымды шенеуніктер мен ірі бизнесмендердің балаларына да тоқталып өтті.

«Оларды ішкі істер департаменттеріндегі лауазымды тұлғалар қорғаштайды. Мұндай жағдай басқа өңірлерде де жеткілікті. Біз құқық қорғау жүйесін сондай адамдардан тазартуымыз керек. Біз бұл мәселе бойынша қазірдің өзінде президентке жүгінуге дайынбыз. Ішкі істер министріне тәртіпке қатысты қатаң талап қою қажет», – деді ол.

Сондай-ақ, Базарбек бұл мәселені талқыланып жатқан рақымшылық аясында да ескеру керек екенін атап өтті.

«Рақымшылыққа қатысты мәселелерді талқылағанда осы оқиғалар ескерілуі керек. Бұл заң жобасы бізге келгенде біз мұны назарға аламыз деп ойлаймын», – деді депутат.

Айта кетейік, Алматыдағы әл-Фараби даңғылында 21 наурызға қараған түні жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәлімет бойынша, апат алдында көше жарысы болған. Соның салдарынан үш адам қаза тапты. Жол апатына ұшыраған Zeekr жүргізушісі жансақтау бөлімінде жатыр. Сот оны қамауға алуға санкция берді. ІІМ мәліметінше, апат кезінде ол жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов көлік жарысына Алматы қаласы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкері қатысуы мүмкін деген күдігін жеткізіп, арнайы тексеру жүргізуді талап етті.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасымен резонанстық жол-көлік оқиғасы ерекше бақылауға алынды. Министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.

Қазір оқып жатыр

Temu маркетплейсінің табысы төмендеді

Рахмоновтың жұбайы 5 жылға сотталды

Астанадағы ең танымал монша тағы да сатылымға шығарылды

Құрылтайды кім басқарады?