Бас прокуратура «Эпштейн файлдарында» аты аталған қазақстандықтарды тексереді
Ақорда кулуарында бас прокурор Берік Асылов Джеффри Эпштейнге қатысты жарияланған құжаттарда есімі аталған қазақстандықтарға қатысты сұраққа жауап берді.
Астана, NEGE. Бас прокурор қазақстандық шенеуніктердің Эпштейн қылмыстарына қатысы бар-жоғы тексерілетінін мәлімдеді.
«Әрине, бұл – маңызды мәселе. Оны бүкіл әлем талқылап жатыр. Сондықтан Бас прокуратура да, басқа ведомстволық органдар да бұл фактілердің болған-болмағанын тексеріп жатыр», – деді Берік Асылов.
Атап айтқанда, Эпштейннің Қазақстанға келген-келмегені, келген жағдайда, не себепті келгені тексерілмек.
Айта кетейік, қаржыгер, сексуалдық қылмыстар үшін сотталған Джеффри Эпштейн ісіне қатысты жарияланған архив құжаттарында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сотталған Кәрім Мәсімовтің, Қазақстан Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетовтің есімдері аталады.
Таяуда депутаттар осы тұлғаларға қатысты тексеру жүргізуді талап еткен. Соның ішінде мемлекеттік құпия деректердің тарап кетпегенін тексеру қажеттігі айтылған.