2 Ақпан 12:19
...

Эпштейн ісінде Кәрім Мәсімовтің аты аталған

Эпштейн ісі
Фото: primeminister.kz

АҚШ Әділет министрлігінің Эпштейн ісі бойынша жариялаған құжаттарында Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі әрі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сотталған Кәрім Мәсімовтің есімі кездеседі.

Астана, NEGE. 2026 жылдың қаңтар айының соңында АҚШ Әділет министрлігі Джеффри Эпштейнге қатысты резонанс тудырған іс бойынша шамамен 3,5 млн қосымша файл жариялады.

Бұл құжаттар Дональд Трамп Джеффри Эпштейннің іс материалдарының ашықтығы туралы заңға қол қойғаннан бастап жарияланып келеді.

Эпштейнге жолданған электронды хаттарда Кәрім Мәсімовтің де аты аталған.

Хат авторы Қазақстанда Мәсімовпен көршілес тұрғанын айтып, Эпштейннен оны танитын-танымайтынын сұраған.

«Джеффри, менің қасымдағы үйде Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов тұрады. Сен оны танисың ба?» – делінген хатта.

Құжаттан скриншот/justice.gov/epstein
Құжаттан скриншот/justice.gov/epstein

Сондай-ақ 2014 жылы жолданған хаттарда Эпштейннің айналасындағы адамдардың кемінде үш рет Мәсімовке оның сәлемін жеткізгені көрсетілген. Атап айтқанда, әлдекім Эпштейннен: «Мәсімовке айтарың бар ма?» деп сұраған. Ал Эпштейн оған: «Жоқ, тек достық ниетпен сөйлесе бер» деген.

Айта кетейік, жақында Кәрім Мәсімовтің экс-күйеу баласы Азамат Қапенов Мәсімов әулетінің шетел азаматтығын қалай алғаны туралы ашық мәлімдеме жасады.