Референдум Референдум
25 Ақпан 11:53
...

Мәсімов, Келімбетов: Депутат «Эпштейн файлдарында» аты аталған қазақстандықтарды тексеруді талап етті

Асхат Рахымжанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Депутат Асхат Рахымжанов Джеффри Эпштейнге қатысты жарияланған құжаттарда есімі аталған қазақстандық лауазымды тұлғаларға қатысты тексеру жүргізуді талап етіп, бас прокурор мен ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының атына сауал жолдады.

Референдум

Астана, NEGE. Депутат әлемдік саяси кеңістікті «Эпштейн файлдары» деп аталатын жарияланым төңірегіндегі жанжал әлі де дүр сілкіндіріп отырғанына назар аудартты.

«Жарияланған құжаттарда басты мемлекеттік лауазымдарды атқарған «Ескі Қазақстанның» саяси элитасының өкілдері бар. Мұндай дәрежедегі шенеуніктердің адамгершілік келбеті мен жеке байланыстары – жеке бас мәселесі емес, ұлттық қауіпсіздік пен елдің беделі.

Мәселен, қазір мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті басып алуға әрекеттенгені үшін жазасын өтеп жатқан бұрынғы премьер-министр және ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің есімі құжаттарда кемінде сегіз рет аталады. Жазбалардан Эпштейн мен Мәсімовтің жеке таныс болғаны анық көрінеді.

Осыған орай көптеген сұрақ туындайды. Жоғары лауазымды қазақстандық шенеунікке Эпштейнмен кездесуге бастамашылық ету не үшін қажет болды? Бұл кездесулер қай жерде өтті? Сол атышулы аралда ма?», – деп сұрақты төтесінен қойды ол.

Сондай-ақ Рахымжанов бұрын вице-премьер болған және Ұлттық банкті басқарған Қайрат Келімбетов пен Эпштейннің Нью-Йоркте кездесуі де күмән ұялататынын атап өтті.

Ол Эпштейнге жолданған хаттарда мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты жоғары лауазымды генералдың да аты аталғанын айта келе, «ол да Мәсімов емес пе?» деген күдігін жеткізді. Сонымен қатар жарияланған құжаттардан Джеффри Эпштейннің Қазақстанға бірнеше рет келгені анықталғанын алға тартты.

«Бұл жанжалға қатысты халықаралық жарияланымдарда АҚШ-та қайғылы жағдайда қаза тапқан қазақстандық модель Руслана Коршунова да аталады.

Еске салайын, мұнда әңгіме жай ғана жеке тұлға туралы емес, кәмелетке толмағандарды сексуалдық қанаудың халықаралық желісін ұйымдастырушы ретінде танылған, саяси, қаржылық және барлау орталарымен тығыз байланысы болған адам туралы болып отыр», – деген депутат Бас прокуратура мен ҰҚК-ден Эпштейннің Қазақстанға жиі келуі мақсатын және «Эпштейн файлдарында» есімі аталған қазақстандық лауазымды тұлғалар мен олармен байланыста болған адамдар туралы ақпаратты тексеруді талап етті.

Бұған қоса ЖСДП фракциясының жетекшісі Қазақстандық басқа саясаткерлердің, кәсіпкерлердің және шоу-бизнес өкілдерінің Джеффри Эпштейнмен ел ішінде немесе шетелде байланысы болған-болмағанын анықтауды және ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлерге құқықтық баға беруді, соның ішінде мемлекеттік құпия деректердің тарап кетпегенін тексеруді талап етті.

Референдум