10 апреля 2025 г. 14:00

Байсейітовке бәрібір. «ЦентрКредит» мемлекетке қарызын НЕГЕ жырымдап қайтарып жатыр?

Фото: Фото: Nege.kz

«ЦентрКредит» тобы 2024 жылдың қорытындысы бойынша 202 миллиард теңге таза пайда тапты. Бұл – банк тобының тарихындағы жаңа рекорд. Бірақ банктің негізгі акционерлері Бақтияр Байсейітов пен Владислав Ли бұл кірістен де дивиденд алмайтын болды.

Былтыр да олар 2023 жылдың таза пайдасы – 136 миллиард теңгеге тиіспей, барлығын банк еншісінде қалдырған болатын. Соның арқасында банкте қордаланып жатқан үлестірілмеген таза кіріс көлемі 570 миллиард теңгеге жетті.

Фото: "ЦентрКредит банкі" АҚ 2024 жылғы шоғырланған аудиторлық есебі. Аудитор: KPMG

Осы кірістен «ЦентрКредит» банкі 2017 жылы мемлекеттен алған қарыздың 10 миллиард теңгесін мерзімінен бұрын қайтарып бермек. 2024 жылдың аяғында банк 20 миллиард теңге қарызын ертерек өтеп тастаған болатын. Олар енді мемлекетке тағы 30 миллиард теңге қарыз.

Қалған 30 миллиард теңгені мемлекетке бірден қайтара салуға «ЦентрКредит» банкінің қаржысы оңай жетіп тұр. Капиталында, қаржылық ахуалында ешқандай кері кету болмайды. Банктің басты акционері Бақтияр Байсейітовтің қарызға келгенде түпкі шешімді сағыздай созып жүргені мүлде түсініксіз. Биылғы жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шыдамы таусылып, банктердің мемлекет алдындағы берешегі туралы қатаң ескерткен болатын. Ал Байсейітовке бәрібір сияқты.

Фото: Nege.kz

Өткен жылдың қорытындысы бойынша «ЦентрКредит» банкі бюджетке 52 миллиард теңге салық төледі. Қазір «ЦентрКредит» тобындағы (банк пен еншілес қаржылық ұйымдарды қоса алғанда) активтердің қаржылай көлемі 7 триллион теңгеден асады. Бұл көрсеткеш бойынша олар Қазақстан бойынша Halyk пен Kaspi-ден кейінгі үшінші орында.

«ЦентрКредит» банкінің негізгі табысы кредит беруден келіп отыр. Былтырғы проценттік түсім 301,8 миллиард теңге болған. Ал комиссиялық қызметі көп кіріс әкелмеді. Комиссиядан банк 38,7 миллиард теңге түсірген.

NEGE дереккөзінің айтуынша, биыл «ЦентрКредит» банкі мемлекет алдындағы қарызын тағы да қысқартуы ғажап емес. Банк басқармасы биылдың көрсеткіштеріне қарай отырып, егер қаржы ұйымы үшін барлығы сәтті жүрсе, тағы да 20 миллиард теңгені ертерек төлей салуы мүмкін. Себебі, былтыр дәл солай істеген болатын.