29 Қаңтар 12:30
...

Жау емессіңдер, бірақ... Банк қожайындарына НЕГЕ тықыр таяна бастады?

банки
Фото: Фото: Nege.kz

8 жыл бұрын мемлекеттен көмек алған банктер биыл осы қаржыны уақытынан бұрын қайтаруға барын салмақ. NEGE дереккөзі кем дегенде екі банк акционерінің Президенттің кешегі ескертуінен кейін осындай шешім қабылдағанын жеткізді.

     2017 жылы қаржылық тұрақтылықты арттыру бағдарламасы аясында 6 банк, оның ішінде Еуразиялық банк, ЦентрКредит банкі, Нұрбанк, Bank RBK, АТФ Банк пен Цесна (Jusan Bank) мемлекеттен 700 миллиард теңге көмек алған болатын. Бұл қаражат банктерге 15 жылға берілді. Қазір олардың табысы артқандықтан, мемлекет тарапынан қаржыны уақытынан бұрын қайтару бойынша талаптар көбейіп келеді.

банк
Фото: Nege.kz

   2023-2024 жылдары жоғарғы базалық ставканың арқасында банктер мол табысқа кенелді. Мысалы, 2024 жылы банктердің таза кірісі 2,2 триллион теңгеден асқан. Бұл абсолютті рекорд. 2024 жылдың 11 айы бойынша, банктердің активтері 15,1%-ға өсіп, 59 триллион теңгеге жетті. Соңғы төрт жылда банктердің активтері кем дегенде екі есеге көбейген.

Депозиттер базасы 13,3%-ға ұлғайып, 40 триллион теңгені құрады. Ал кредиттік портфель 35 триллион теңгеге жетіп отыр. Осы кредиттердің басым бөлігі жеке тұлғаларға тұтынушылық несие ретінде берілген. Экономикаға тартылғаны бар-жоғы шамамен 12 триллион теңге. Үкіметке банктердің экономиканы қаржыландыруға құлықсыз екені ұнамайды.

банк
Фото: Nege.kz

Мемлекеттің ең көп қарызы Jusan банкте жатыр. Биыл аталған банкте қордаланған үлестірілмеген кіріс көлемі 500 миллиард теңгеге жетті. Кемінде оның 300 миллиард теңгесін Jusan банк мемлекетке қайтара алады. Сонда қалған қарызы шамамен 400 миллиард теңгені құрайтын еді. Алайда, банк қожайыны Ғалымжан Есенов жұмған ауызын ашпай отыр. «Мемлекетке рахмет» деп бір ауыз сөз айтпады.

  Өз кезегінде, RBK банкі мемлекетке кемінде 214 миллиард теңге қарыз. Кешеден бері RBK банк қожайыны Владимир Ким мен ЦентрКредит банкінің қожайыны Бақтияр Бәйсейітов қарыздың қомақты бөлігін мемлекетке биыл қайтару жолдарын қарастыра бастады дейді, NEGE дереккөзі. Тіпті банктің өзінде, ол әсіресе RBK-ға қатысты, қарыз қайтаруға резервтер жетпей жатса, оны акционер басқа компаниялардан тартуы мүмкін.

Банктер «Жаңа Қазақстанмен» жауласуға дайын емес. Сондықтан Президенттің биылғы репликасына кемінде орындап жатқандай түр байқатуы керек. Келесі аптадан бастап «қарыз қайтарудағы ИБД» кезеңін көретін боламыз.