Барлау минуста. Құлыбаевтар мемлекетке 2 млрд теңге айыппұлды НЕГЕ төлемей жүр?

Тимур мен Динара Құлыбаевтардың көпшілік біле бермейтін, геологиялық барлаумен айналысатын «Фирма АЛМЭКС ПЛЮС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2025 жылды 382 миллион теңге шығынмен аяқтады. Сонымен қатар компания мемлекетпен соттасып, апелляцияда жеңіліп, нәтижесінде 2,1 миллиард теңге шамасындағы айыппұлды өтеуге міндеттелді. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша фирма кассацияны күтіп, айыппұлды төлемеген.

NEGE

Бір сөзбен айтқанда геологиялық барлау әлі жемісін бермеді. «Фирма АЛМЭКС ПЛЮС» бір жылдың ішінде 634,2 миллион теңге таза пайдадан 382 миллион теңге таза шығынға батты. 2024 жылғы пайда барлау нәтижесінен емес, өзінің еншісіндегі компанияны сатудан түскен бір реттік табыс болатын.

Фото: "Фирма АЛМЭКС ПЛЮС" ЖШС 2025 жылғы шоғырланған аудиторлық есебі. Аудитор: PWC

«Фирма АЛМЭКС ПЛЮС» ЖШС Атырау облысының Жылыой ауданында көмірсутек шикізатын барлау жұмыстарын жүргізеді. Қазір компания кен орнын бағалау және геологиялық барлау кезеңінде тұр. Яғни, әзірге толыққанды мұнай өндіріп, миллиардтаған тұрақты түсім алып отырған жоқ. Бірақ ақша жұмсау көлемі өте жоғары.

2025 жылдың өзінде компания барлау және бағалау активтеріне 4,7 миллиард теңге, негізгі құралдарға тағы 869 миллион теңге жұмсаған. Сонда инвестиция бойынша таза шығын 4,96 миллиард теңгеге жетті. Осы қаржының барлығын Құлыбаевтар First Petroleum Group арқылы құйып отыр.

Фото: NEGE

2025 жылдың мамырында барлау компаниясы мен оның қожайыны арасында 9,7 миллиард теңгеге қаржылық көмек туралы шарт жасалды. Былтырғы жыл барысында «Фирма АЛМЭКС ПЛЮС» соның 4,53 миллиард теңгесін алып үлгерді.

Ақша жұтып жатса да, Тимур Құлыбаев барлау перспективасына сеніп отыр. Және оның шикізат активтерінен кету бойынша стратегиясында өзгеріс бар сияқты. Ол «Шұбаркөл Премиум» компаниясын сатып, көмір бизнесінен кетсе де, мұнай өндіретін «Каспий нефть» акционерлік қоғамын сата қоймады. Айта кету керек, Каспий нефть те, Алмэкс плюс те Атыраудың Жылыой ауданында жұмыс істейді. Сондықтан Тимур Асқарұлы үшін дәл осы Жылыой құтты мекенге айналған секілді.

«Каспий нефтьтің» 2025 жылғы түсімі 32 пайыз төмендегенімен, таза пайдасы 66,4 миллиард теңгеге дейін өсті. Компания шығындарды қысқартып, еншілес компаниялардан алынған 34,2 миллиард теңге дивидендке қаржылық кірістерді қосып, жағдайын жақсартып алды.

Тимур Асқарұлы мұнайды барлау мен өндіру бизнесінен кетуге енді асықпайды деп санаймыз. Себебі сыртқы нарықтағы конъюнктура өте қолайлы болып тұр. Ормуз бұғазындағы шиеленіс мұнайдың әлемдік бағаларын өсірді. Ресейдегі жанармай тапшылығы ішкі нарықтағы бағаның қымбаттатуына ықпал етуде.

Нәтижесінде 2026 жыл «Каспий нефть» акционерлік қоғамы үшін өте табысты болады деуге негіз бар. Осы табыстан «Фирма АЛМЭКС ПЛЮС»-тің барлау шығынын оңай жауып отыруға болады. Жылыойда мұнай бар және Тимур Құлыбаев оны қалай да табуға ниетті. Үлкен тәуекелге қарамастан,  барлау жұмыстарын батыл қаржыландырудан қашпай отырғаны да содан.