14 Қаңтар 18:14
...

Сатылмай қалды. Тимур Құлыбаев НЕГЕ мұнай-газдан кете алмай отыр?

Кулибаев
Фото: Nege.kz

Тимур Құлыбаев 2025 жылы «Каспий нефть» акционерлік қоғамын сата алмады. Негізі, сарапшылар бұл мәселені «шешілдіге» балап қойған еді. Былтырғы жылдың соңы мен биылғы жылдың басында «Каспий нефть» АҚ директорлар кеңесі жасаған ірі мәмілелердің барлығы компанияның операциялық жұмысына қатысты шарттар болып шыққан. Оларда акционерлер құрамын өзгерту, сату бойынша ешқандай шешім қабылданған жоқ.

Тіпті Тимур Асқарұлы биыл компанияны сата ала ма деген күдік туындайды. Потенциалды сатып алушылар да «Каспий нефть» акционерлік қоғамын тезірек ала қоюға құлықты емес сияқты. Себебі мұнай нарығында белгісіздер көп болып тұр.

Каспий нефть
Фото: kase.kz

Сол себепті қазір «Каспий нефть» АҚ жасап жатқан шарттар мен мәмілелердің барлығы операциялық, өндірістік қажеттілікке байланысты болып отыр. Олардан компанияны сату бойынша қандай да бір дайындықтың белгілері байқалмайды.

Тимур Құлыбаев өзінің мұнай компаниясын қаншаға сатуы мүмкін? 2025 жылдың үшінші тоқсанында «Каспий нефть» АҚ капиталы 104 миллиард теңгеге дейін көтерілген болатын. Сондықтан компания бағасы осы сома төңірегі мен болашақ табыстар жиынтығынан құралуы ықтимал.

Кулибаев
Фото: Nege.kz

2024 жылы «Каспий нефть» компаниясы 33,5 миллиард теңге таза табысқа ие болды. Жағдайы бәлендей жаман емес. Әрине, 2024-2025 жылдары оның табысы нашарлап, есесіне тауарлар мен қызметтердің өзіндік құны өскенін көрдік.

Бірақ 2025 жылы компания әкімшілік шығындарын қатты қысқартты. Соның арқасында жылдық табысы кемінде 36 миллиард теңгеге баруы ғажап емес. Бұл шамамен аудит аяқталатын наурыз-сәуір айларында белгілі болады.

Nege.kz дереккөзінің сөзінше, 2025 жылдың алғашқы алты айы бойынша қорытынды шығып, қаржылық көрсеткіштер тәуір болғаннан кейін, Тимур Құлыбаев та «Каспий нефть» акционерлік қоғамын тез сатамын деген ниетінен қайтып, асықпай саудаласа бастаған. Бұл – өте дұрыс стратегия.

Мұнай-газ нарығынан тез кетіп қалудың ешқандай экономикалық негізі жоқ. Банк саласына теңгерімді баланс бола алмаса да, шағын диверсификацияның белгілі-бір моделі ретінде ұстап тұруға болады.

Мұнда «Каспий нефть» АҚ табыс әкеліп тұрса, ол құрамына кіретін холдинг – «Joint Resourced» НЕГЕ жыл сайын шығынға ұшырай береді деген сұрақ туындайды. 2024 жылы «Каспий нефть» 33,5 миллиард теңге таза кіріс алғанда, «Joint Resourced» АҚ 86 миллиард теңге шығынға батқаны ескерген жөн.