2 декабря 2025 г. 18:14

«Тәрбие – тал бесіктен»: Баланы ұрыспай тәртіпке үйретуге бола ма?

Фото: pixabay.com

Бала тәрбиесі – әр отбасының үлкен жауапкершілігі. Кейбір ата-ана баласына сабырмен түсіндіріп, ақылмен тәрбиелеуді құп көреді. Ал енді біреулері «сөз ұқпайды» деп ұрысып, тіпті қол көтеріп, таяқтың астына алуға дейін барады.

«Айқайлап ұрысу – баланы тәртіпке үйретеді» деген пікір қалыптасқан. Алайда мамандар бұл пікірдің қате екенін түсіндірумен әлек. Баланың психологиялық дамуына айқайдың да, қорқытып тәрбиелеудің де айтарлықтай кері әсері бар, – дейді психолог Жансая Кенжебаева NEGE тілшісіне берген сұхбатында.

«Айқаймен тәрбилеу – мүлдем нәтижесіз тәсіл. Ұрысу да, дауыс көтеру де баланың тұлға болып қалыптасуына пайда емес, керісінше зиян әкеледі. Мұндай қарым-қатынас оның нәзік психикасын жұқартып, ішкі сеніміне сызат түсіруі мүмкін. Балаға түсіністік пен сабыр көрсетілгенде ғана ол өзін қауіпсіз сезініп, жақсы дамиды», – дейді психолог.

Маманның айтуынша, бала мұндай жағдайда өзін еркін дамытуды емес, үнемі қорғанудың жолын ғана іздейді.

«Біріншіден, бала тыңдауды қояды. Ұрыс естіген сәтте оның миы «қауіп» дабылын қабылдап, бірден қорғаныс режиміне көшеді. Сол себепті ол бұл уақытта сіздің сөздеріңізді толық түсініп, қабылдай алмайды. Демек, айқай – тәрбие тәсілі емес, тек қорқыныш тудыратын әрекет. Екіншіден, сенім жоғалады. Бала ұрысқақ ата-анасына сенім артып, жақындай алмайды. Қорқады, сырын айтпайды. Осылайша эмоциялық байланыс әлсірейді. Үшіншіден, дауыс көтеру қалыпты жағдайға айналады. Бала үйде көргенін қайталайды. Төртіншіден, бала «жақсы болайын» деп емес, «ұрыс естімейін» деп әрекет етеді. Бұл оның ішкі мотивациясын өлтіреді. Тәртіп тек қорқынышпен емес, саналы түсінікпен қалыптасуы керек», – дейді маман.

Жансая Кенжебаева, Фото: жеке мұрағатынан

Балаға дауыс көтеру дұрыс емес болса, ата-ана баланы тыңдату үшін қандай тәсіл қолдана алады?

«Бала эмоцияны ата-анадан үйренеді. Сабыр – ең мықты тәрбие құралы. «Мынау дұрыс емес, себебі…» деп байыппен түсіндірсеңіз, бала әрекеттің мәнін ұғып, неге болмайтынын өзі түсінеді. Сонда ол қорқыныштан емес, саналы түрде қателікті қайталамауға тырысады. Отбасындағы тәртіп, тазалық, үй тапсырмасын орындаудың ережесі болуы керек. Баланы ұру – тәрбие емес, баланың психикасына сызат түсіру», – дейді психолог.

«Айқайламасам, тыңдамайды» деген ой – шын мәнінде уақытша әсер ететін қате түсінік. Бала қорыққаннан ғана тіл алуы мүмкін, бірақ бұл – тәрбие емес, қысқа мерзімді бақылау. Жансая Кенжебаева айқайдың орнына әлдеқайда тиімді, баланың да, ата-ананың да жүйкесін сақтайтын әдістер бар дейді.

  • Көзбе-көз, сабырлы дауыспен сөйлесу. Бұл балаға өзін маңызды, құрметті тұлға ретінде сезінуге мүмкіндік береді.
  • Таңдау құқығын беру. «Қазір жинайсың ба, әлде тамақтан кейін бе?» деген сияқты сұрақтар баланың жауапкершілік сезімін оятады.
  • Нәтижесін түсіндіру. «Ойыншықты жинамасаң, ол сынып қалуы мүмкін» деген секілді түсініктемелер баланы ойлануға үйретеді.
  • Үлгі болу. Бала айтқаныңызды емес, көргеніңізді қайталайды. Сондықтан өзіңіздің әр іс-әрекетіңізді бақылауда ұстаңыз.

«Ашуланған сәтте 10–15 секунд терең тыныс алу миға «тыныштық» сигналын беріп, сабыр сақтауға көмектеседі. Кейде жағдайдан оқшауланып, бір бөлмеде демалу да эмоцияны реттеуге мүмкіндік береді. Осындай әдістерді қолдану арқылы ата-ана мейірімді, әділ және нәтижелі тәрбие бере алады», – дейді психолог.

Кейбір ата-ана баласына дауыс көтермейді, бірақ ерлі-зайыптылар өзара жиі жанжалдасып жатады. Психологтың айтуынша, мұндай қарым-қатынас та баланың тәрбиесіне кері әсерін тигізеді.

«Егер ерлі-зайыптылар баланың көзінше жиі жанжалдасса, бала өзін қауіпсіз сезінбейді, қорқыныш пен мазасыздыққа душар болады. Кейде өзін кінәлі санап, «мен үшін ұрысып жатыр» деп ойлауы мүмкін. Мұндай жағдайда агрессия немесе тұйықталу сияқты мінез-құлық қалыптасады. Керісінше, ата-анасы бір-біріне құрметпен қарап, сабырмен сөйлесетін отбасында өскен бала эмоциясын сауатты білдіріп, тұлға болып қалыптасады. Шындығына келгенде, отбасы ішіндегі қарым-қатынас – баланың ішкі әлемінің айнасы», – дейді Жансая Кенжебаева.

Психологтың айтуынша, балаңыз ұйқыға кеткен кезде оның жадына жақсы қасиеттерді сіңіруге болады. Оған ежелден келе жатқан өзіміздің бесік жырымыз дәлел. Бесік жыры тек әнмен әлдилеп, ұйықтату үшін ғана емес, баланың бейсанасына жақсы ойлар мен тілектерді сіңіру үшін айтылған.

«Ана ретінде бұл әдісті күнделікті емдік мақсатта немесе баланың санасына жағымды сенімдерді сіңіру үшін қолдануға болады. Балаңызды ұйықтатып жатып, оның құлағына былай ақырын сыбырлап айту жеткілікті: «Сен әлемде қайталанбас бір данасың, ешкімге ұқсамайсың, сен ерекшесің. Алла сені қайталанбайтын тұлға етіп жаратқан. Сені денең сау, күш-қайратың мол, ерік-жігерің мықты етіп жаратқан». Мұндай сәттер баланың өзіндік сенімін қалыптастырып, психологиялық дамуына оң әсерін тигізеді», – дейді Жансая Кенжебаева.

Қазіргі кезде балаларды тәрбиелеуде сабыр, түсіндіру және диалог басты рөл атқарады, ал алдыңғы буын көбіне қатал тәртіп пен айқай арқылы тәрбиелеуге сүйенген. Бұрынғыдай баланы «белдікпен, оқтаумен сабау» – өткеннің сарқыншағы. Қазіргі балалардың ой-түйсігі, қабылдауы мүлдем басқа. 

«Бала үйдің таза болғанын есте сақтамайды. Бірақ сіздің қатты айқайлап ұрысқан кезіңізді есте сақтап қалады. Әкесімен, анасымен емен-жарқын ойнаған сәтін есте сақтайды. Көңіл бөліп, жанында болғаныңды, қолдау білдіргеніңді жадында қалдырып, мәңгілік ұмытпайды», – деді психолог.