17 сентября 2022 г. 9:59

Асылхан Сейдімбек: Тоғжанов «ақша жоқ» деген соң, ағатайыма ескерткішті өзім жасатқам

Фото:

Зерттеуші, ғалым, этнограф, бір сөзбен айтқанда, ұлт мәдениетінің жоқтаушысы Ақселеу Сейдімбектің туғанына биыл 80 жыл. Ал қыркүйектің 16-сы – ғалымның өмірден өткен күні. Жақында Жаңарқада қойылған ескерткіш қоғам тарапынан үлкен сынға ұшырап, алынып тасталды.

NEGE тілшісі қаламгер мұраларының шырақшысы боп жүрген бауыры Асылхан Сейдімбекпен сұхбаттасқан еді.

«100 жылдыққа дейін кім бар, кім жоқ?!»

Биыл – Ақаңның мерейтойы. Кешегі ескерткіштің «жыры» болмаса, оған қатысты қандай шаралар өтіп жатқанынан да бейхабар екенбіз. Қалай болды бәрі? «Мүсінді туыс-туғаны қойған екен» деп жатыр.

– Біз осы мерейтой қарсаңында президенке қазақ зиялылары қол қойған хат жолдағанбыз. Мақсатымыз – Алаштың Ақселеуі атанып кеткен ағамның мұраларын насихаттауға қолдау сұрау. Енді бұл 20 жылдық, 30 жылдық емес, 80 жылдық үлкен той ғой.

Хатты Үкіметке де жібердік. Ол Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жетіп, комиссия құрыпты. Сосын өзімді шақырып: «80 жылдығына бюджеттен ақша бөле алмаймыз», – деді. Мен: «Тым болмаса, ағатайымның тойын туған жерінде өткізіп, бір ескерткіш орнатайық», – дегенімде, ол: «100 жылдыққа ғана бөле аламыз», – деді.

100 жылдыққа дейін кім бар, кім жоқ, ғалымның аты ұмытылып қалмай ма?! Қарағандыда рухани орталық ашу деген уәде орындалған жоқ. Айтылды да қалды. Алты томдығын шығару дегенді жобаға кіргізгенімен, ол да орындалмады. Алматы қаласындағы мектепке атын беру – ол да жоқ. Көше беру дегенді «шешіліп жатыр» деді. «Тым болмаса 80 жылдыққа «Қазақфильмнен» деректі фильм түсіртіңіздерші» дедім.

Ерлан Төлеутай деген режиссер бар, өзі сол жаңарқаныкі. Ағатайымды көрген. Ол егер «Қазақфильмнен» қаржы бөлінетін болса, ағамның туған жерінен бастап, жүріп өткен өмір жолын түгелдей деректі фильм етіп түсіремін деді. Бір жиында «жақсы, бұған тапсырма береміз» деген.

Бірде маған Ерлан хабарласты. Сөйтсем, «Қазақфильмге» Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығына арналған бір іс-шара өткізу керек» деген сияқты бір қағаз келіпті. Ерланды сол жиналысқа шақырған. Барса, үстел басында 4-5 адам ғана отыр дейді. Ерлан «Бұларыңыз не? Ешқандай іс-шара, отырыс емес, фильм түсіру керек қой» десе, «жоқ, оған ақша жоқ» деген көрінеді «Қазақфильм» басшылары. Сонымен не керек, біз жазған хаттың ешқандай пунктері орындалмады.

Сосын амалсыз өзіңіз әрекет жасауға көштіңіз ғой?

– Иә, мен өзім – зейнеткермін. Туған-туыстарды жинап алып, «Үкіметтен көмек болмаса, өзіміз ескерткіш қояйық» дедім. Аудан әкімі Юржан Бекхожинге барып едім, ол келісіп, жер бөліп берді. Сосын өзім мүсінші іздеуге кірістім. Ұлттық нақыштағы кәдесыйлар жасайтын «Ademi-ai» компаниясының басшысы, Бахаргүл қарындасыма бардым. Ол «бұрыннан жақсы жұмыстар жасап жүрген» деп, бір мүсіншіні ұсынды.

Енді мен сәулетші емес, заңгермін ғой. Жасыратыны жоқ, сәулет өнерінен алыстаумын. Ол мүсіншімен кездескенімде: «Жақсы, жасап беремін. Оған 10 миллион теңгеден аса ақша керек», – деді. Әзірге жарты ақшасын беретін болып келістім. Келісімшарт жасастық. Содан өзім кредит алып, оған туыс-туған, жора-жолдас қосылып, ақшасын бердім.

Ескерткіштің ашылуына бір ай қалғанда ағатайымның баласы Ернар екеуміз мүсінді барып көрдік. Біраз жерлері ұнамағаны рас. Сосын «мынау жерін өзгерт, мынау жерін былай жасаса» деп айтып кеттік. Бәрін дұрыстайтын болып келісті ол. Бір айдан кейін толығымен жабық тұрған мүсінді әкеп қойдық. Сосын ашылу салтанатында көрдік қой. Жалпы түр-әлпеті келіп тұрған сияқты болды. Біз ол мүсіншіге: «Ағатайым – даланың адамы. Туып-өскен жерінің бір тасында отырсын. Бір қолында кітабы, бір қолында таяғы болсын», – дедік. Соны келтіруге тырысқан.

Жұрттың бәрі сынады. Алып тастады ғой қазір. Бір замандарда Қонаевтың, Қаныштың, Бауыржан Момышұлы,  мен Сәкеннің де мүсінін ұнатпай, алдырып тастаған кездер болған.

«Менің жасағаным ұнамаса, онда Үкімет өзі жасасын»

– Егер халық Ақселеу Сейдімбекті құрметтемесе, бәлкім, сәтсіз ескерткішіне көңіл аудармас та еді...

– Халық үлкен тұлғалардың керемет мүсінін көргісі келеді. Егер дүйім жұрттың ықыласына бөленген адам болса, онда оның ескерткішін де мемлекет жасауы керек қой.

Шебер мүсіншілер жүздегенмиллион сұрайды. Оған біздің шамамыз жетпейді. Мен олигарх емеспін, жолдас, туыс-туғанның арасында да осынша қаржысы бар адам жоқ. Менің жасағаным ұнамаса, онда Үкімет өзі жасасын. Мүсіншілер арасында конкурс ұйымдастырсын. Өйткені Ақселеу менің ағам ғана емес – халықтың адамы, менің Ақселеуім ғана емес – Алаштың Ақселеуі.

– Осы жағдайдан кейін Үкіметтен хабарласып, көмек ұсынғандар болды ма?

– Ешкім хабарласпады. Кеше журналист Нартай Аралбайұлы «осы даудың нүктесін қояйық» деп эфирге шақырды. Ағамның ұлы Ернарды ертіп барып, сұхбат бердік. Осы әңгіменің бәрін қозғап, Үкімет туралы кеңірек айтайын десем, журналист айналып келіп Ернарға тығыла берді. Солай уақыт аяқталып қалды. Эфирден кейін Нартайға «Сен не қылдың? Бәрін айт деп шақырған жоқсың ба?» десем: «Аға, бізге одан кейін де жұмыс істеу керек қой», – деп қарап тұр. Міне, осындай жағдай.

Ішім ашитыны, ағатайымның қаншама жыл бойы өз қолымен жинаған мол қоры бар кітапханасы тұр. Менің қолыма ұстатып, халқына қалдырған аманаты тағы бар. Ол – өзінің құлпытасына жазылған «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірімім қанбады» деген сөзі.

Иә, өте ауыр сөз. Артында қалған ұрпағына қарата айтқан назы сияқты... Хат қылып жазған аманатты сізге қалдыруында мән бар сияқты. Ол хатты сізге бергеннен кейін 10 жылдан соң қайтыс болды. Сол уақыт бойы аманатын арқалап жүру ауыр болған жоқ па?

– Алғаш оқығанда зәрем ұшты. Қорқып жүрдім де, кейін өмірдің ағысымен ұмытып кеттім. Қайтыс болған кезінде Иманғали Тасмағамбетов: «Қалдырған өсиеті бар ма?», – деді. Хатты бердім. Ол көңілі босап, аманат сөзін құлпытасына жаздырды.

Аманатты арқалау да оңай жұмыс емес. Оны орындай алады-ау деген адамына қалдырады. Сол үшін ағамның қандай мерейтойы болса да, қол қусырып отырмауым керек қой. Әлгі ескерткішті жасауға тырысып жүргенім де сол себепті. Мүсінді алып тастағаннан кейін де басқа ағайындар араласты. «Қайтадан қояйық» дейді. Соған ақша жинамақшымыз. Басқа амал жоқ, көлігімді сатам немесе қайтадан кредит алам. Дегенмен, осыдан кейін Үкімет қозғалатын шығар...

– Ал әлгі мүсіншіге төленген ақша қайтпады ма?

– Қайтып бер демеймін ғой. Оның да жасаған еңбегі бар. Ол өз қиялымен жасады. Әрі оған аса көп қаржы төлеген жоқпыз.

– Ғалымның 80 жылдығына қатысты ештеңе өтпеді ме сонда?

– Бірде аудан әкімі: «Асеке, Ақселеу Сейдімбек атындағы аламан бәйге ұйымдастырайық деп едік. Бізде жағдай болмай тұр. 2 миллион теңге керек», – деп хабарласты. Ескерткішке деп жинаған ақшадан бердік. Одан кейін «арнайы киіз үйлер тігу керек» деді. Үлкен 12 қанат үй құрып, арнайы үстел жасатып, ел алдында жүрген азамат, әкім-қараларды соған кіргіздік. Соның бәріне тағы 1 миллион теңгедей кетті. Мен оған еш өкпелі емеспін. Әкімдікке де ешқандай ренішім жоқ. Той жоғары дәрежеде өтті. Барлығы ағатайым үшін ғой. Тек осы ескерткіш қана ойлағанымыздай болмай қалды.

«Заңды жасайтын да, өзгертетін де – үкіметтің өзі»

Демек, Үкіметтен ешқандай қолдау болмаған соң ғалымның мерейтойы атаусыз қалмасын дедіңіздер ғой. Жаңарқадағы Ақселеу Сейдімбек атындағы мектепте де бірқатар шара өтіпті.

– Ол мектеп 1937 жылы салынған. 100 жылға жуық уақыт бойы тұрғасын жағдайы мәз емес. Спорт залы да жоқ. Жуырда Жаңарқада жаңадан мектеп ашылған еді. «Тым болмаса, жас ұрпақ біліп жүрсін» деп 80 жылдыққа сол мектепке атын беруді сұрадық, «заңда жоқ» деп келіспеді. Мен жалпы, Тараздың жігіттеріне ризамын. Шерхан Мұртазаның атында Таразда бір емес, төрт мектеп бар. Қандай керемет! Заңды жасайтын Үкімет қой, өзгертсін онда.

– Ақселеу Сейдімбек көзінің тірісінде көпке шапағаты тиген екен. Әсіресе білімге, ғылымға бейім жандарға. Географ-ғалым Серікбол Қондыбайдың кітабының жарыққа шығуына көмектескен де өзі екен. «Адамның миында базалық дәстүрлі ақпарат бар. Ол әлемдік академиялық ақпаратпен ұштасқанда ғаламат жаңғырықтар береді» дегенді сол кісіге қаратып айтыпты.

– Серікбол Қондыбай қанша жыл жүре алмай, төсек тартып жатты. Кеудесіне жастық қойып, жатып алып жазған. Қазақ мәдениетіне керек құнды дүниелерді солай қалдырған. Ағатайым екеуі хат алысқан. Сосын оны өзі барып көрген. Күйі жоқ екен. Кейін Иманғали Тасмағамбетовке айтып үй бергізіп, кітаптарын шығартқызған.

Кітабының презентациясын жасауға барған кезінде Серікбол Қондыбай «Бұл дүниеде менің еңбегімді де ескеретін жан бар екен ғой» деген екен ағама.

Желтоқсан оқиғасы кезінде ғалымның соңына түскендер болыпты. Үйде сақтаған қазақтың көне қару-жарақтарын сол кезде жасырыпты ғой. Олар қайда қазір?

– Оны «жасыр» деп айтқан мен едім. Өйткені түк таппаған кезде анау қылыш пен мылтықты көріп, «суық қаруды заңсыз жасырды» деген айғақпен алып кете салуы мүмкін еді. Оларға бұл көне мұра ма, тарихи экспонат па, бәрібір ғой. Тәуелсіздік алғаннан кейін оның бәрін музейге өткізіп жіберді.

 Қабырға толы кітаптары тұр. Қолданған заттары бар. Ағаның жеке музейін жасауға сұранып тұр екен бәрі.

– Жаңағы айтқан мектепте шағын бөлме бар. Сонда бар заттары. Астанада ағамның атындағы 54 мектеп-лицейде кішкентай музейі бар. Ал жеке мұражайы жоқ.

А.Сейдімбектің 2002 жылы шыққан «Қазақтың күй өнері» кітабында «Өзіндік қасиетінен айырылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана» деген екен. Содан бері жиырма жыл өтті. Ағатайыңыздың көзімен қарағанда қалай көрінеді дүние?

– Ұлтымыздың мәдениетінің сақталуына үлкен алаңмен қараймын. Қазір тілімізден айырылып бара жатырмыз ғой. Оңтүстік өңірден бір орыс мектебін көрдім. Оқушылары да, мұғалімдері де қазақ. Бірақ бірде-біреуі үзілісте де қазақша сөйлемейді. Бұл дегенің біздің ұлтымыздың тамырына балта шабу ғой.

«Билік туралы қатты айтты, өмірден ерте кетуіне сол да себеп болды ма деймін...»

– «Құлдық менталитет бізбен бірге әлі ілесіп келеді. Мұндай дерттен ада ұрпақ әзірге әлеуметтік-саяси тізгінге жете қойған жоқ», – депті ғалым бір сөзінде. Қалай ойлайсыз, қазір тізгін қолға тиді ме?

– Әлі тимей жатыр ғой сол. Ақылды, білімді деген жастарымыз шетел асып кетуде. Сол жастарға обал.

– Бір сұхбатыңызда: «Ағам «осындай мемлекетте өмір сүріп отырғаныма қорланамын» деп айтатын» депсіз...

– Жұмыссыз жүрген жастарды, базарда арба итеріп жүрген қазақтың жігіттерін көргенде қатты уайымдайтын. Қарапайым халықты ойлап: «Қазақстанның қызығын 100-200 адам ғана көріп отыр. Біздің саясатымыз дұрыс емес. Қалай қарай кетіп барамыз?», – деп күйінетін. Осы 2000-жылдары ағамның биліктен қатты көңілі қалды. Билік туралы  қатты-қатты әңгімелер айтты. Сұхбаттарынан да соны байқауға болады. Осының бәрі оның жүрегін ауыртты. Өмірден ерте кетуіне себеп болған да – осылар.

– Сол кездегі билік тарапынан да қысым болды ма?

– Қысым болды. Бұл енді... Кейін айтылар оның бәрі.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Тегтер: