«Ар-намысымды қорғаймын»: Перуашев өзіне қатысты айыптауларға жауап берді
Танымал қазақстандық басылымның атынан ашылған сайтта Азат Перуашев туралы көлемді материал жарияланды. Онда өзін «Ақ жолдың» бұрынғы қызметкерімін деп таныстырған әйел партияда жұмыс істеген кезінде Перуашев тарапынан бірнеше жыл бойы жыныстық қысым мен қоқан-лоқы көргенін айтады.
Астана, NEGE. Әйелдің сөзінше, ол партияға 2021 жылы тағылымдамадан өтуге келген, бір жылдан кейін тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал 2024 жылы Перуашев оған көңіл бөле бастап, әуелі жеке басына қатысты сөздер айтып, кейін рұқсатсыз қол тигізуге көшкен-мыс.
Ол Перуашевтің бірге кешкі ас ішу туралы ұсынысынан бас тартқаннан кейін жұмысы қиындай түскенін айтады. Тапсырмалар көбейіп, бұрын орындалған жұмыстары қайта-қайта түзетуге жіберілген. Әйел мұны өзінің бас тартқаны үшін жасалған қысым деп қабылдаған.
Материал кейіпкері 2025 жылы қысым күшейіп, ақырында өзі қаламаған жыныстық қатынасқа баруға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Ол жұмысынан, табысынан айырылып қалудан және кейін қызмет таба алмай қалудан қорыққанын айтады.
Жарияланымда әйелдің «Ақ жолда» жұмыс істегенін растайтын құжаттар редакцияға көрсетілгені жазылған. Алайда оның Перуашевке қатысты айтқандарын дәлелдейтін материалдар ашық жарияланбаған.
Азат Перуашев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарды. Оның айтуынша, аталған материалдың сілтемесін 10–15 минуттың ішінде өзіне 20-дан астам белгісіз нөмір жіберген.
«Осыған байланысты мұндай арандатушылық сипаттағы айыптардың толығымен жалған әрі негізсіз екенін ресми түрде мәлімдеймін», – деді ол.
Перуашев материалдың басылымның ресми сайтында жоқ екенін айтып, мақала шыққан ресурсты соған ұқсатып жасалған сайт деп атады.
Ол жақын арада ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау үшін құқық қорғау органдарына арыз беретінін, сондай-ақ материалды әзірлеген адамдарды заң аясында жауапқа тартуды талап ететінін мәлімдеді.
Бұған дейін «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев өз еркімен қызметінен кетіп, оның орнына Дания Еспаева сайланған еді.
Тақырыпқа орай: «800 млн теңге емес»: Перуашев Алматыдағы үй туралы қауесетке жауап берді
Қосымша: Exclusive сайты өзінің аталмыш жарияланымға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.