Алматыда оқушылары жаппай уланған физика-математика мектебінің басшылығы ауысты
Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебін басқарған Мейірлан Мейірбек қызметінен кетіп, орнына жаңа директор тағайындалды.
Астана, NEGE. Бұл жөніндегі ақпарат оқу орнының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды.
«Республикалық физика-математика мектебінің Алматы филиалының директоры болып "Математика" мамандығы бойынша PhD докторы Алмаз Мұхамбетұлы Күнғожин тағайындалды. Мейірбек Мейірлан Едігерұлы директор қызметіндегі жұмысын аяқтады», – делінген хабарламада.
Алмаз Күнғожин бұған дейін, 2018-2023 жылдары мектепті басқарған. Әр жылдары РФММ-да мұғалім, математика пәнінен олимпиадаға дайындау бойынша жаттықтырушы, Директордың бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
Еске салсақ, қазан айының ортасында Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінің 58 оқушысы жедел ішек инфекциясымен жаппай ауруханаға түсті. Бұл жайтқа қатысты қалалық полиция қылмыстық іс қозғады.
Балалар жаппай аруханаға түскеннен кейін мамандар «Master Food» ЖШС-ның тамақтану блогын тексеріп, онда азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтандыруды ұйымдастыру талаптарының бұзылғанын анықтады.