ДСМ Алматыда елуге жуық оқушы уланған мектеп асханасында қандай талаптар бұзылғанын айтты
Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскеннен кейін оқу орнының тамақтану блогына тексеру жүргізіліп, санитариялық талаптар бұзылғаны анықталды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Министрлік 48 оқушының ауруханаға жатқызылғанын растады. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Ешқайсына реанимациялық көмек қажет болмаған.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, мамандар «Master Food» ЖШС-нің тамақтану блогын тексеріп, онда азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғанын анықтаған.
Инфекция көзін анықтау үшін су мен азық-түлік өнімдерінен сынамалар алынып, тамақтану блогының қызметкерлері тексерілген. Зертханалық зерттеулер жалғасып жатыр.
«Тексеру қорытындысы бойынша мектеп пен асхананың қызметін тоқтата тұруды, жекелеген тағамдарды сатуға тыйым салуды, уақытша санитариялық шектеу шараларын енгізуді және қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдерін алып қоюды көздейтін бес қаулы шығарылды», – деп хабарлады ДСМ.
Сондай-ақ интернат ғимаратында дезинфекция жүргізіліп, науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынғаны хабарланды. Балалардың бір бөлігі профилактикалық мақсатта интернатта оқшауланған.
Тексеру нәтижелері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілген. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы жедел ішек инфекция белгілерімен Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылғанын жазған едік. Оқушылар ауруханаға 12-13 қазанда түскен. Кейін тағы бір бала ауруханаға түскені белгілі болды. Қазір барлығы 48 оқушы ауруханада ем алып жатыр.