27 апреля 2022 г. 19:59

Әлімжан Қуандықов, офицер: Әскери маман қағидасына – берік, мақсатына – адал болуы тиіс

Фото:
Адам өмірі – бәрінен де қымбат. Ал өмір – адамға берілген аманат. Оны сақтау әуелі Алланың, сосын кәсіби мамандардың қолында. Осы тұрғыда еңбегі көп елене бермейтін құтқарушы мамандары туралы әңгіме қозғасақ...

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына қарасты Үшінші интернационал елді мекенінде дүниеге келген Әлімжан Қуандықов халықтың алғысына бөленетін мамандық иесі болатынын білді ме екен?!

Осы ауылдағы орта мектепті 2000 жылы бітіріп, 2000-2004 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» біліктілігін бойынша жоғары білім алған ол 2001-2003 жылдар аралығында әскери кафедрасын қатар оқып «запастағы офицер» атанады. Әлімжан Қуандықовтың төтенше жағдай саласындағы еңбек жолы да осыдан кейін басталды.

​2005 жылы Мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасы Әкімшілік жұмыстары басқармасына қарасты Қаржы-экономикалық бөлімінің аға инженер-экономисті болып қызметке кірісті.

«Өмірдегі басты ұстанымым – білімімді жетілдіру. Яғни, үнемі ізденісте жүремін. 2007 және 2011 жылдары қызметте жүріп, «Өрт қауіпсіздігі инженері» мамандығын меңгеру үшін Көкшетаудағы техникалық институтты сырттай бітіріп алдым. Мұнымен қоса, ҰҚК академиясы, Ішкі істер министрлігі Алматы академиясы, Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Экономикалық зерттеулер институтының білім жетілдіру курсын тәмамдадым», – дейді ол. ​  

Білім алудың қашанда кеш емес екенін дәлелдеген Әлімжан Өтегенұлы 2008 жылдан бастап Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авария құтқару жұмыстары қызметінің» Қаржы басқармасы Мемлекеттік сатып алу және және материалды-техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Бұдан кейін де оның айы оңынан туып, еңбегінің нәтижесін көре бастайды.

Атап айтқанда, 2012 жылы Әскери жұмылдыру және арнайы жұмыстар бөлімінің бастығы, 2014 жылы Әскери жұмылдыру жұмысы тобының аға офицері, 2016 жылы Қызылорда өңірі бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасы әскери жұмылдыру жұмысы тобы офицері лауазымын алып жүрсе,  2019 жылы  Азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері қызметін атқарады.

Еңбектің торысы атанған маман қай қызметте де абыройлы, сыйлы болды. Оның үлгілі ісінен өзінен кейінгілер сабақ алды. Әсіресе, кәсіби білімі мен дағдысын жетілдіріп жүретін ол бірінші сыныпты маман ретінде танылды. Әлімжан Қуандықов Өтегенұлы әскери маман қағидасына – берік, мақсатына – адал, ортасына – кішіпейіл болу керектігін әркез айтып жүретінн себебі сол.   

«Әр адам – өз ісінің кәсіби маманы болуы керек. Әсіресе, қорғаныс және қауіпсіздікті сақтау саласында немкеттілікке жол бермеу қажет. Біздің көбінесе ойсырап жататынымыз сол. Талап пен тәртіп сабақтасқанда ғана қоғам ілгері дамиды», – деген пікірі де орынды.

Кәсібі мен қызметіне жауапкершілікпен қараған маманның еңбегі атқалмай қоймайды. Әлімжан Қуандықов Төтенше жағдайлар министрі, облыс әкімі, Полиция департаменті, сондай-ақ Қызылорда қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының алғыс хаты, құрмет грамоталарымен және Төтенше жағдайлар министрлігінің «Мінсіз қызметі үшін – ІІ және ІІІ» дәрежелі төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің «Батыр шапағаты», Төтенше жағдайлар министрлігіне – 20 жыл, Ішкі істер министрлігіне – 25 жыл, Өртке қарсы қызметіне – 100 жыл, ҚР «Қарулы күштеріне – 20 жыл» мерейтой медалін омырауына тақты.

«Талантты адам – барлық істе де талантты» демей ме?! Бүгінде офицер Әлімжан Өтегенұлы қолы қалт ете қалса, автокөлік бөлшегін жөндегенді ұнатады екен. Кейде қазақтың ертедегі кәсібі – төрт түлігін бағып, табиғи азығын тұтынғанды жөн көреді.

«Қазақты төрт түліксіз елестете алмайсың. Таза ауада мал жайып, оны баптаудың өзі адамға ерекше ләззат сыйлайды. Балаларым да асыр салып, мәз болады. Олардың бойына ұлттық құндылықтардың бәрін ексем деймін. Тіпті, ауылға барсам, ағаштан түрлі бұйымдар жасау да – ермегім. Әрі балаларға үйретемін. Уақытын текке өткізбеуді, уақытты бағалауды әркез айтып отырамын», – дейді көпбалалы әке.

Бүгінгі біздің кейіпкер – Әлімжан Өтегенұлы осындай азамат. Ол әр адам азаматтығын сақтап, кәсібіне адал болу керек деп санайды. Және осы өнегені кейінгі жастардың бойына сіңіруді азаматтық парызым деп біледі.    ​

Тегтер: