«Алда алапат СОҒЫС болады...» – Әскери сарапшы
Украина мен Ресей соғысы елді жалықтыра бастағандай. Батыстың көмегі самарқау тартты. «Көмектесе береміз бе, әлде қысқартамыз ба?» деп, АҚШ саясаткерлері өзара ырду-дырду.
Бұл жайт жасанып келген жауға қарсы осы кезге дейін бір жұдырық болып жұмылған Украинаға да ықпал еткендей. Элитасы бірін-бірі сынап-мінеуге кірісті. Арасында Ресейдің күш алып бара жатқанын мойындағандары да бар.
Әскери сарапшы Аман МӘМБЕТӘЛИЕВ осы үдерістердің астарына үңіліп, Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты NEGE-ге сұхбат берді.
– АҚШ Украинаға көмекті азайтатын сияқты. Сондықтан да болар, қазір Украина элитасының арасында ырың-жырың көбейді. Зеленскийді ашық сынап жатқандардың қарасы аз емес. Бұл Украина элитасының ыдырай бастағанын көрсете ме?
– Бұлай айтуға әлі ерте деп есептеймін. Бұл фактордың қаншалықты рас, өтірігін дөп басып айту қиын. Десе де, өзгерістер мен қозғалыстар байқалып отыр. Украинаның да, Батыстың да зерттеу-сараптамалық жұмыстары шығып жатыр. Әр ұйымның өзінің бөлек болжамдары бар.
Бірақ мұның бәрі дағдарыстың бар екенін дәлелдейді. Мұндай жағдайда оның болмауы да мүмкін емес. Өйткені, соғыс ұзаққа созылды. Күндіз-түні тоқтамай, ел экономикасына қатты салмақ салды. Әскердің тамағы, киімі, оқ-дәрісі, логистикасы, техникасы, құрал-саймандары – мұның бәрі қып-қызыл ақша.
Соғыс жүргізіп жатқан елдің экономикалық ресурстары әлсіреді. Бұл да – бір көрсеткіш. Олар Ресеймен қарым-қатынасын күрт үзді. Ал жаңа қарым-қатынасты құруға уақыты мен мұршасы болған жоқ. Соның салдарынан логистикалық дағдарысты көріп отырмыз.
Мәселен, Польша мен Венгрия өздерінде логистикалық қиыншылық туындаған соң, украиналық жүк көліктерін кіргізбей қойды. Өз экономикасына әсер етпесі үшін қарсы әрекет жасай бастады.
– Батыстың құбылуының себептері қандай?
– Израиль мен Палестина арасындағы жанжал қайта өршіді. БҰҰ-ның баяндамасы бойынша, дүниежүзінде қазір 55 жанжал ошағы бар екен. АҚШ пен Батыс әлемі үшін Украина мен Ресей арасындағы соғыс бірінші орында болған еді. Украинаға қарағанда ЦАХАЛ мен Хамас арасындағы соғыс АҚШ үшін жақынырақ. Тарихи тұрғыдан да, институционалды база жағынан да.
АҚШ – Израиль мемлекеті үшін қауіпсіздік кепілі. АҚШ Израиль алдындағы міндеттемесін орындау үшін қаржылық, техникалық және әскери көмек береді. Бұл міндетті түрде көмек беру тізіміне ықпал етеді. АҚШ қаншалықты алпауыт ел болса да, өз мүддесін алға қояды.
Олар Украина жеңсін деп алысқа ататын тактикалық қаруды бермейді. Себебі, оған қажеттілік жоқ. Ал Ресей ресурстық базасын құртып отыр. Яғни, Ресей үшін соғыстың ұзаққа созылғаны пайдалы. Әсіресе, геосаяси тұрғыдан.
Меніңше, бұл жағдай соғысқа түбегейлі ықпал етпесе де, елеулі әсері болады. Украинаның да басшылары ахуалды жақсы түсінеді. Бәске үлкен нәрсе тігілген. Дағдарысты ашық көрсетеді. Бірақ тараптар мәселені бейбіт түрде шешуге тырысады деп ойлаймын.
– Қазір Украинаның кейбір саясаткерлері: «1991 жылғы шекараға дейін жету» ұранынан бас тарту керек, Қырым мен Ресей жаулап алған шығыс өңірлерді қайтару мүмкін емес» деген сөзді ашық айта бастады. Бұл нені көрсетеді?
– Мұны саяси манипуляция деп ойлаймын. Өйткені, алда саяси науқан – сайлау келе жатыр. Ұпай жинауға ұмтылып жатқандары да бар. Сыртқы күштерге де месседж таратуды көздейді. Украина басшылығында бір ғана шарт бар. Ол – 1991 жылғы шекараға оралу. Әйтпесе, соғысты тоқтатып, келісімге келіп жатса, соншама құрбандықтың, шығынның мағынасы болмайды. Олар өздерінің мақсатынан бас тартпайды деп ойлаймын.
– Украиналық саясаткер Алексей АРЕСТОВИЧ Ресейдің алғашқыда жіберген қателіктерінен сабақ алып, түзеуге ұмтылып жатқанын айтады. Ал Украинаның тек қана сыртқы күштерге иек артып, қол қусырып қарап отыр деп сынайды. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Бұл туралы кесімді пікір айту қиын. Десе де, біз соңғы кездері Украинаның ұтып жатқанын, қарсыластың әскерін қоршауға алғанын байқамадық. Демек, Ресей әскері қандай да бір реформа жүргізген болуы керек. Бұл – факт.
Украиндықтардың қарсы шабуылынан ештеңе шықпады. Көп уақыт жоғалтып алды. Батыс көмегін, моральдық қолдауын ұзақ күтті. Меніңше, бұл үлкен қателік болды. Оны күтпей-ақ бар күшімен әрекет етуге мүмкіндіктері жеткілікті еді. Резервтері де болды.
– Қазіргі соғыстың барысы жөнінде не айтар едіңіз? Кім басым түсіп жатыр? Бірінші дүниежүзілік соғыстағы батыс майданды еске түсіре ме, қалай?
– Жоқ. Өйткені, кішігірім ауылдар әлі қолдан-қолға өтіп жатыр. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстың 42-43-жылдарын еске түсіреді. Екі жақта да үлкен әскер топтанып тұр. Зор шабуыл байқалмайды. Екі жақтан кішігірім флангалық алдамшы шабуылдар жүруде.
Қос тарап қазір күш жинап жатыр. Путин әскердің санын тағы да арттырды. Әскер сапына алынған 318 мың адамның кемінде 250 мыңы Украинаға жіберіледі. Күшті барынша шоғырландыру үстінде. Демек, алдағы уақытта алапат соғыс болады.
Қашан болатыны нақты белгісіз. Шахмат тақтасында үлкен қырғын болады.
– Батыстың Ресейді экономикалық тұрғыдан әлсіретіп, сабасына түсіру жоспары болды. Кейбір сарапшылар «оқшаулаудан ешқандай нәтиже жоқ» деген сөзді айтып жатыр. Мұнымен келісесіз бе?
– Санкциялар бір күннің ішінде нәтиже бермейді. Әрине, әсері бар. Ресейдің экономикасы әлсіреді. Біраз қиындыққа тап келді. Бірақ олардың да жоспары бар. Балама жолдар іздей бастады. Азияға бет бұрды. Десе де, Батыс пен Азия – салыстыруға келмейтін серіктестер.
Мәселен, Венгрия мен Қытайдың Ресейден алып отырған газының бағасы жер мен көктей. Қытай түрікмен газын қымбатқа, ресейлік газды арзанға алып жатыр. Өйткені, Ресейдің басқа лажы жоқ. Сондықтан, алдағы уақытта әлі талай сауда жүреді.