14 апреля 2022 г. 20:28

Адам Имранұлы: Шешендер Қазақстанға «Жасымық» операциясы арқылы келді

Фото:

Қазақстанды тарихи Отаны санайтын халықтардың бірі – шешендер. «Вайнах» шешен этно мәдени орталығының төрағасы Адам Имранұлы Бойсаев Nege.kz тілшісіне шешендердің тарихынан сыр шертіп, әңгімені тереңнен қозғады.

«Шешендерді қазақтың кеңпейілділігі құтқарды» 

– Шешенстан халқынан тараған нахск халқын шешендер деп атаған. Солтүстік Кавказдың байырғы халқының өкілдері Дағыстан, Ингушетия, Грузия елдерінде де көп шоғырланған. Шешендердің Қазақстанға келу тарихы да басқа ұлттарға ұқсас. Сонау екінші дүниежүзілік соғыс кезінде шешеннің көбі Қазақстан мен Қырғызстанға қоныс аударды.

ХІХ ғасырда 5000-ға жуық шешен отбасы тарихи Отанынан Түркия, Сирия, Иордания аумағына келсе, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Орталық Азия елдері мен Қазақстанға жарты миллион шешен көшірілді. Нақтырақ айтсақ, 478 мыңнан астам шешен, 91 мың ингуш жер аударған.

Адамға лық толы пойыздарға тиелген қарттар, әйелдер, балалар... Кейбір  мәліметте 180 эшелон пойыз жолға шыққаны айтылады. Қайда бара жатқанын бірі де білмейді. Белгісіз бағытқа жүйткіп келеді. Қаншама күн мен түн жүріп, жолға шыдамаған талайы жол-жөнекей көз жұмған деседі. Ол ол ма, тоқтаған аялдамада вагондарды өліктен тазартып отырған.

Ақпан-наурыз және одан кейінгі алғашқы жылдары шамамен 100 мың шешен мен 23 мың ингуш көз жұмды, бұл – екі халықтың төрттен бірі деген сөз. Ал аман қалып, қазақ және қырғыз даласына қоныстанған шешендер тарихи отанына оралуға он бес жылдан кейін ғана мүмкіндік алды.

Кез келген ұлттың өз тағдыры, өз тарихы бар. Оны сарғайған парақтардан және санадан өшіру мүмкін емес.

Тарихқа көз жүгіртсек, шешендер мен ингуштардың Қазақстан мен Қырғызстанға жер аударылуы «Жасымық» операциясы деп аталды. Бұл 1944 жылдың 23 ақпаны мен 9 наурызы аралығында жүзеге асты.

Олар тек қазақ халқының кеңпейілділігі мен бауырластық көмегінің арқасында қатарға қосылып кетті. Тіпті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілі мен мәдениетін сақтап қалды.

Осыдан екі жыл бұрын шешендер мен ингуштардың Қазақстанға жер аударылғанына – 76 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті. Мұның аясында арнайы деректі фильм көрсетіліп, депортацияның қиын кезеңдеріне куә болғандарды еске алдық. Сондай-ақ, шешен этномәдени бірлестігінің ақсақалдары мен өкілдері қиын-қыстау уақытта құшақ жайып қарсы алып, көмектескен қонақжай қазақ халқына алғысын жаудырды. Жергілікті халық шешендерді қабылдап, үйін паналатты. Ал егер керісінше  болса, үйсіз-күйсіз қалған ашқұрсақ шешендердің жағдайы не болар еді?    

«Нохчидан» – «Вайнахқа» айналған ұлт  

– «Шешен» сөзінің шығу этимологиясына келсек, белгілі ғалым Рашид-ад-Диннің еңбегінде «сасан халқы» делінеді. Оны кейін «шашан» деп те атап кеткен. Тағы бір деректе ХVІІ ғасырда орыс пен шешендер алғаш кездескен Үлкен шешен ауылынан алынған дейді. Тіпті, Вагапов деген зерттеуші бұл сөз Кавказда орыстар өмір сүре бастағанға дейін қолданыста болғанын айтады.

Тарихшы-ғалым Георгий Анчабадзенің айтуынша, шешен ұлты Кавказдың ежелгі байырғы халқы саналған. Ал кейінгі ғалымдар «шешен ұлты ХVI-XVIII ғасырда Кавказ етегінде өмір сүрген вайнахтардың бірігуінен пайда болған» деген болжамды алға тартады. Жалпы, былайғы жұрт шешендерді «нохчи» деп атайды. Мұны ғалым Башир Далғат шешендер мен ингуштар арасында тайпа атауы ретінде қолдануды ұсынған. Уақыт өте келе көптеген зерттеуде «нохчидің» орнына «вайнах» термині жиі аталатын болды.

Шешенстан республикасы ақпарат агенттігінің дерегінше, шешендердің немесе нохчилардың бүкіл әлемдегі саны 2 миллионның айналасында.

2009 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 31 мың 431 шешен бар делінген. Соңғы санақ қорытындына сүйенсек, 34 мың 700 шешен өмір сүріп жатыр. Ал Алматы облысының аумағында 7 мың шешен мен ингуш тұрады. Олар көбінесе егін және мал шаруашылығымен айналысады.  

Бір қызығы, 1926 жылғы санақтан кейін елімізде үш шешен ғана тіркелсе, 1939 жылы 2639 адамға дейін өскені байқалған. Ал бұдан кейін Қазақстанда тұратын шешен диаспорасының өсу динамикасы 1970 жылы 3265, 1979 жылы 2241, 1989 жылы 3718, 1999 жылы 1729, 2013 жылы 32 мың адамға жеткен. Айта кету керек, Қазақстанда шешендердің көбеюіне Шешенстандағы соғыс та әсер еткен.

«Вайнах» мәдени орталығы 1995 жылдың 31 наурызында құрылды. «Вайнах» –  «біздің халық» деген мағына береді. Бұл орталық Қазақстанның облыс орталықтарындағы шешен-ингуш ұлттық мәдени бірлестікерінің басын қосқан қауымдастыққа айналды.

Ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін дамыту, сондай-ақ Қазақстан мемлекетінің саяси-экономикалық өміріне белсенді түрде араласы, қарым-қатынасты нығайту – орталықтың басты мақсаты.

Шешен ұлты туған тілінде, орыс және қазақ тілінде сөйлейді. Арнайы жүргізілген сауалнамадағы «Қазіргі таңда республикада қай тілді көбірек білу керек?» деген сұраққа респонденттің үштен екісі өз ана тілімен қатар қазақ тілін білу маңызды деп жауап берген. Олар үшін орталықта туған тілі мен қазақ тілін үйрететін жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Тағы бір қызық дерек, сауалнамаға қатысқан шешендердің 57 пайызы Қазақстанды өзінің отаны санаса, 43 пайызы болашақша өз атамекеніне қайта оралғысы келетінін айтқан.   

«Шешендер еркіндік пен қайырымдылықты сүйеді»

– Шешен ұлтының ерекшелігі – еркіндігінде. Өздерін бостандыққа жаны құмар ұлт ретінде көрсетеді. Олардың болмыс-бітімі мен өмір сүру салты да өзгеше. Яғни, ұлттың бар мінезі киімінен көрініс табады. Мәселен, ерлердің ақ киім үлгісінде гүлдің бейнеленуі сол адамның байлығын паш етеді. Ал әйелдердің көйлегіне бір емес, бірнеше гүл таңбаланады. Яғни, содан-ақ оның жас ерекшелігі мен қоғамдағы абырой-беделін анықтауға болады.

Тағы бір ерекшелігі – қайырымдылық жасау. Қашан да мейірім мен ізгілікті берік ұстанатын кез келген шешен отбасы жомарт болуға талпынады. Яғни, үнемі алдыңғы қатардан көрінуге тырысхан халық адами құндылықты дәріптеуге келгенде тартынып қалмайды. Себебі, біздің ұлтта «Қайырымды, мейірімді ер азаматқа барлық жердің есігі ашық» деген тәмсіл бар. Содан ба екен, қандай ауыртпашылықты бастан кешірсе де, өткенді бүгінгімен сабақтастырып келеміз. Құтты қонақ келсе, төрден орын беріп, асылған еттен дайындалатын ұлттық асымыз – жижиг галныш тағамын ұсынамыз.

Шешендер – сүннет ағымындағы мұсылмандар. Тарихта шешендер ислам дінін XIV-XV ғасырда қабылдағаны туралы дерек бар. Діни мереке ретінде Құрбан айт пен Ораза айтын атап өтеді. Сондай-ақ. Мәуліт айы мен Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың туған күнінде құрбан шалып, дұға ету дәстүрге айналған.

Тегтер: