16 октября 2020 г. 17:09

«Абайдың жұмбағы» шешілді ме?

Фото:

Әлемді шарпыған індет біраз уақыт өнер ордаларының есігіне де құлып салғызған еді. Шүкір, қазір індеттің беті қайта бастады. Кеше жеті айлық үзілістен кейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 95-маусымын «Абайдың жұмбағы» спектаклімен ашты. Қойылымның сахналық нұсқасын жасаған – Б.Әбділманов, М.Омарова, режиссері – А.Оспанбаева.

Бұл күнді театр әртістері де, көрермен де асыға күтті. Бір-бірін ерекше сағынып, қауышты. Әдеттегідей, жаңа маусымның ашылуына орай өткен баспасөз мәслихатында театр директоры Е.Жуасбек, Қазақстанның халық артисі, театрдың көркемдік жетекшісі А.Әшімов, Қазақстанның Халық артисі, директордың кеңесшісі Е.Обаев, Әдебиет бөлімінің меңгерушісі М.Омарова, режиссер А.Оспанбаева қатысып, осы маусымның тың жаңалықтарын ортаға салды.

Театр директоры Еркін Жуасбек карантин кезінде көрерменмен тығыз байланыс орнатып, онлайн форматта іске асырылған театр жұмысына шолу жасады. Оның айтуынша, театр ютуб арнасында және әлеуметтік желілер арқылы белсенді жұмыс істеді. Актерлер онлайн сұхбаттарға шығып, түрлі бағдарламаларға қатысты. «Ұстаз бен шәкірт», «Сахна сәулесі», «Newпоэзия», «Жәдігер» секілді жобаларға атсалысты.   

Дегенмен, індет толығымен кеткен жоқ. Соған қарамастан, министрлік пен Алматы қаласы әкімдігі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына 50 пайыз көрерменге қойылым көрсетуге рұқсат беріпті. Осыған орай, театр директоры пандемияның әлі толық бітпегенін еске салып, сақтық шаралары талапқа сай сақталатынын ескертті.

– Біз биылғы маусымды Абай әлемімен бастап отырмыз. «Абайдың жұмбағы» атты спектакльдің премьерасы өтеді. Абай – ұлы дария. Әр режиссер, әр буын өзінің Абайын іздейді. Біздің театр ұжымы да Абай әлеміне үнемі зер салып келеді. 21 қазан күні Абайдың «Қара сөздерінің» желісімен қойылатын «Қара» спектаклінің премьерасы өтеді. Оған да бәріңізді шақырамыз. Мәнері де, мағынасы да бөлек хакім туралы екі қойылымды тамашалаңыздар. Жаңа маусымда тың дүниелер сахналауды жоспарлап отырмыз, – деді театр директоры.

«Абайдың жұмбағы»  мәңгі жұмбақ

Биыл хакім Абайдың 175 жылдығы. Қарашаңырақтың премьераны да «Абайдың жұмбағынан» бастауы заңды. Ал басты рөл – Абай образын Болат Әбділмановтың сомдауы да көптің көңілінен шықты. Біз Абайды Әуезов арқылы танысақ, қалың көрермен Болат Әбділмановтың образы арқылы қанық. Жас Абайдың рөлін Н.Қуанышбайұлы, Құнанбайдың образында белгілі актер С.Мерекеұлы, Зере мен Ұлжан бейнесінде Г.Тұтова мен Ш.Асқарова, Тоғжан рөлінде Д.Үсенова ойнайды, жас актер Ж.Қонысбай Әбдірахманның, ал Оспанның келбетін Е.Тұрысов сәтті алып шықты.

Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Абай шығармаларын басты негізге ала отырып, «Абайдың жұмбағын» көрерменімен бірге шешуге тырысқан қойылым сан түрлі ойға жетелейді. Білім мен ілім іздеуге тырыспайтын қазағын, жалқаулық пен тоңмойындықтан арылмайтын қазағын, біреудің жетегінде кетіп, жағымпаздықпен күн көретін қазағын қалың ұйқыдан оятуға тырысса да, сол қазағы оны күлкі мен келемежге айналдырып жатса, не істемек?!  Тұла бойындағы арпалысып жатқан жан толғанысын, ішкі күйзелісін түсінетін біреу бар ма? Неге бір жан Абай сияқты алысқа көз тастамайды? Ол мұны бала кезінен түйсініп, санасына сіңіріп өсті. Бала Абай ересек адамдай ой түйсе, әжесі Зере де, анасы Ұлжан да «Молда шақырайық, үшкіріп жіберсін» деп шығатыны қалай? Ал Абай болса «молданың бірі мен емеспін бе?!» дейді таңданып. Оның мыңмен жалғыз алысуы да осы кезден басталады. Ұлттың болашағын ойлап, келешегінің жарқын болуы үшін ілім іздеуі де – ең негізгі асыл мұраты еді.  

Жас Абайдың Бөкенші руынан шыққан Сүйіндіктің қызы Тоғжанға ғашық болуы, оған әкесі Құнанбайдың «Қазақтың атастырып қою деген салт-дәстүрінен асып кетпеуін ескертіп, Алшынбайдың қызы Ділдәні алып беретінін» құлағына құюы да бекер емес. Ол ішкі шерін өз өлеңдері арқылы жеткізеді. Тұтас ұлттың рухани ұстазына айналған Абайдың әр басқан қадамы жұмбақтай көрінетін былайғы жұртқа. Бірақ «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың...» деп күңіреніп жазған ақынның жұмбағы жауапсыз қалды ма? Ол бұл мұратына балалары арқылы жеткісі келген еді ғой. Сөйтіп, оқытқан-тоқытқан баласы Әбіштің (Әбдірахманның) қазасы да қабырғасын қайыстырып кеткені қалай?

Қысқасы, «Абайдың жұмбағы»  мәңгі жұмбақ. Оның неге күрделі жұмбақ екенін білгіңіз келсе, тағы бір мәрте М.Әуезовтің «Абай жолына» көз жүгіртіп, «Абайдың жұмбағы» қойылымын көрсеңіз артықтық етпейді. Абайдың өлеңдері мен әндерін заманауи үлгіге сай етіп, әрлеп, бимен көмкерген жас таланттардың да өнеріне тәнті боласыз.

Ал, 21 қазан күні Абай мұрасына арналған екінші бір туынды «Қара» спектакльінің премьерасы өтеді. Сахналық нұсқасын жасаған әрі қоюшы режиссері – Жұлдызбек Жұманбай.

Тегтер: