9 января 2026 г. 17:02

3,1 млрд теңге бөлінген: Алматыда жаңа өрт сөндіру бекеті салынып жатыр

Фото: NEGE

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айгүл Құспан, Айдос Сарым және Сергей Пономарев Наурызбай ауданы, Шұғыла шағынауданында орналасқан ІІ типтегі өртке қарсы бекеттің құрылыс алаңына барды.

Алматы, NEGE. Бекеттің құрылыс жұмыстары 2025 жылғы маусымда басталып, 2026 жылы тамызда аяқталады деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстарына 3,1 млрд теңге бөлінді. Нысанның құрылысы аяқталғаннан кейін 70 адамға жұмыс берілеп, 19 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.

Қазіргі таңда жер жұмыстары, іргетасын тұрғызу, төменгі қабат қабырғалары мен қызметтік үйдің құрылысы аяқталған. Гидрооқшаулау және қаңқалау жұмыстары жүргізіліп, плиталар мен бағандарды монтаждау сияқты монолиттік жұмыстар атқарылуда.

Фото: NEGE

Депутаттар қазір барлық өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын қабылдап жатыр.

«9 гектар жер мемлекеттен алынған. Бұл жерге тағы бір кезекті тұрғын үй кешені салынып кететін еді. Алайда оған мектеп салынды және 6 гаражы бар өрт сөндіру бекеті тұрғызылып жатыр. Мұнда 70 адам жұмыс істейтін болады. Ең маңыздысы, менің артымда 19 пәтерлік жатақхана орналасқан. Яғни, қызметкерлер отбасымен осында тұра алады», – дейді депутат Сергей Пономарев.

Сондай-ақ бұл жерге толықтай жаңа техникалық жабдықтар, өрт сөндіру көліктерін сатып алу қарастырылған, ал ең бастысы – 20 қабатты ғимаратқа жететін сатылар алынады. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жаттығу алаңы болады.

Жатақхана іші, Фото: NEGE

«Наурызбай ауданы – қалада белсенді жұмыс жүргізіп жатқан аудандардың бірі. Жаңа ғимараттар салынып жатыр. Десе де бұл аймақта төтенше жағдайлар комитетінің құрылымдары аз екені анық. Сол себепті өрт сөндіру бекеті салынуда. Бекеттегі қызметкерлердің бір бөлігі осы аумақта тұратын болады. Мұнда инфрақұрылымның барлығы бар. Төтенше жағдай қызметкерлері жұмыстың жанында, керек болған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік бар», – дейді депутат Айдос Сарым.

Соңғы жылдары өрт сөндірушілердің жалақысы мен әлеуметтік жағдайы қоғамның басты назарында. Төтенше жағдай қызметкерлерінің жалақысы көтерілгенімен, қауіпті сала қызметкерлерінің алып отырған айлығы қаншалықты әділетті?

«Менің ойымша, әлі де әділетсіздеу. Қазір тек күштік құрылымдардың инфрақұрылымдық мәселелерін шештік деп айта аламыз. Өткен жылдың ішінде біз армияға қатысты 6 заң қабылдадық. Соның ішінде әлеуметтік мәселелер бар. Төтенше жағдайларға келетін болсақ, жалақыларына қосымша үстемелер қосылды. Жақында қалада тұрып жатқан қызметкерлерге тұрғын үй төлемдері беріле бастады. Ол отбасы үшін үлкен көмек. Мәселен, осы бекеттің өзінде 19 отбасыға тұрғын үй бар. Қанша жыл қызмет етесің, сонша жыл игілігіңде болады. Осы саланың қызметкерлерінің дәрежесін көтеру керек», – дейді Айдос Сарым.