9 Қаңтар 14:28
...

45 млрд теңгелік жоба: Әуезов театрында жөндеу жұмыстары неге тоқтап қалды?

Әуезов театры
Фото: auezov-theatre.kz/kz

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында бюджет қаражатының тапшылығына байланысты Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театрды қайта жөндеу жұмыстарының тоқтатылғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Алматы, NEGE. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында аталмыш мәселеге қатысты журналистерге пікір білдірді.

«Сапар барысында барған нысандарымның бірі – Әуезов театры болды. Өкінішке қарай, ондағы көрініс көңіл көншітпейді, жағдайы мүшкіл. Бұл нысанды салуға BI Group компаниясы өз қаражаты есебінен 7 миллиард теңге инвестиция салған», – дейді депутат.

Сергей Пономарев
Фото: NEGE

Сергей Пономарев үшін бұл ғимарат ерекше қымбат, әрі маңызды нысан. Айтуынша, ол 1980 жылдары ғимараттың құрылысына қатысқандардың қатарында болған. 

«1981 жылы пайдалануға беріліп, мемлекеттік сыйлыққа ие болды. 45 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеді. Әрине, уақыт өте келе ғимарат ескірді. Мәдениет министрлігі ауқымды әрі кешенді қайта жаңғырту жүргізу туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда, өкінішке қарай, қаржыландыру жеткіліксіз болды. Дегенмен бүгін вице-премьермен сөйлестім, қаражат жақын уақытта бөлінетін болды. Қазақстан мәдениетінің символына айналған бұл театр қайта жаңғыртылады, реставрация жұмыстары жалғасады. Сондықтан бәрі өз ретімен болады деп сенемін», – деді Сергей Пономарев.

Қазіргі уақытта нысанда BI Group компаниясы жұмыс істеп жатыр. Депутаттың айтуынша, құрылыс компаниясы іске кірісуге дайын, қазір тек қаражаттың түскенін күтіп отырған көрінеді.

Сонымен қатар бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігі де осы мәселе бойынша пікір білдірген болатын.

«Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында М.Әуезов атындағы театрды қайта жаңғырту жұмыстарының баяу жүріп жатқаны немесе тоқтатылып тұрғаны туралы жарияланған ақпараттарға байланысты төмендегіні хабарлаймыз. Нысанды қайта жаңғырту жұмыстары тоқтаған жоқ. Қазіргі уақытта жоба жаңа қаржы жылының басталуын күтуде, содан кейін белгіленген тәртіпке сәйкес жұмыстарды жалғастыру үшін қажетті қаражат бөлінеді. Нысандағы жөндеу жұмыстары уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында. М.Әуезов атындағы театрды қайта жаңғырту оның тарихи және мәдени құндылығын сақтауға қойылатын барлық талаптарды сақтай отырып, толық аяқталатын болады», – делінген министрліктің хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы театрдың ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстарына 45 миллиард теңге бөлінген болатын. Жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталған еді. Сонымен қатар жөндеуден өткен ғимаратты 2026 жылы қарашада пайдалануға беру жоспарланған.