2026 салқыны. «Halyk Bank» НЕГЕ құлдырай бастады?
2026 жылдың I тоқсанында «Қазақстанның халық банкі» АҚ қаржылық көрсеткіштерінде құлдырау байқалады. Ең ең ірі банктің бизнесінде бірқатар проблемалар анықталып отыр.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Halyk Bank 210 млрд теңге таза пайда тапты. Бір қарағанда, бұл – өте үлкен көрсеткіш. Басқа банктер үшін мұндай пайда жылдық нәтижеге тең болуы мүмкін. Бірақ өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, ол кезде банк 247 млрд теңге таза пайда алғанын көреміз. Яғни таза пайда шамамен 15 пайызға қысқарған.
Әрине, мұны дағдарыс деуге келмейді. Бірақ бұл - табыстылықтың баяулай бастағанын көрсететін нақты белгі. Негізгі қысым пайыздық маржадан келіп отыр. Банктің пайыздық табысы өссе де, пайыздық шығындары одан да жылдам өскен.
Тақырыпқа орай: Мемлекет те, инвесторлар да дәм татты. Құлыбаев НЕГЕ ойлануда?
Банк клиенттердің депозиттері, басқа банктерден тартылған қаражат және шығарылған борыштық бағалы қағаздар бойынша 382,7 млрд теңге шығын жұмсаған. Былтырғы кезеңде бұл көрсеткіш 298,1 млрд теңге еді. Демек, шығын 84 миллиард теңгеге артқан. Маржа қысқарып барады.
Халық банкі кредиттік шығындар бойынша 48,6 млрд теңге резерв қалыптастырған. Былтыр бұл көрсеткіш 37,6 млрд теңге болған еді. Тіркелген өсімі шамамен 29 пайызды құрады. Бұл қаржы ұйымының несие портфелінде тәуекел деңгейінің артқанын білдіреді. Басқаша айтқанда, банк болашақта қайтпай қалуы мүмкін қарыздарға көбірек қаражат бөліп отыр.
Мәселе пайыздық кіріспен ғана шектелмейді. Дәл осы кезеңде Halyk Bank-тің комиссиялық кірісін төмендетіп алған. Комиссия несиеден бөлек, тұрақты әрі капиталды көп қажет етпейтін табыс көзі болып табылады. Биылғы бірінші тоқсанда банктің таза комиссиялық табысы 22,9 млрд теңге болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 30,5 млрд теңге еді. Яғни шамамен төрттен біріне төмендеген.
Бұл Халық банкі үшін жағымды сигнал емес. Өйткені проценттік маржа қысымға түсіп тұрған кезде комиссиялық табыс оны теңестіріп тұруы керек еді. Алайда бұл бағыттың өзі де төмендеп отыр.
Банктің шығындары да өсіп жатыр. Операциялық шығындар 62,6 млрд теңгеге жетті. Былтырғы деңгей 58,8 млрд теңге болған. Табыс көлемі әлсіреп жатқанда, шығындардың өсуі тиімділікке әсер етеді.
Бір сөзбен айтқанда, банктің бизнес блогына бұрынғыдан әлдейқайда тиімді жұмыс істеуі қажет. Себебі былтырғыдай супертабыс кезеңі енді қайтып келмейді.