0,2%. Тимур Құлыбаевтың Халық банктегі үлесі НЕГЕ қысқарды?
«Халық банк» биылғы жылы өз тарихындағы рекордты таза пайда алатын болады. Алғашқы жартыжылдықтың көрсеткіші осыны меңзеп отыр. Биылғы алты айда алпауыт банк 528,6 миллиард теңге таза кіріс көрсетіп отыр. Ол былтырғы рекордтан 150 миллиард теңгеге артық.
Бір қызығы, Құлыбаевтар иелік ететін «АЛМЭКС» холдингінің «Халық банкіндегі» үлесі 69,7 пайыздан 69,5 пайызға дейін төмендеген. Бірақ бұл Тимур Құлыбаев «Халық банктің» акцияларын сатты дегенді білдірмейді.
Жарты жыл ішінде банктің айналымдағы жай акцияларының саны 28 936 370 данаға көбейген. Сонда қазір айналымда «Халық банктің» 10 908 910 986 дана жай акциясы жүр. Нарыққа қосымша шыққан акцияларды биржадағы жекеменшік инвесторлар сатып алған. Сондықтан ортақ алғанда Тимур Құлыбаевтың үлесі 0,2 пайызға кеміді.
«Халық банктің» негізгі табысы дәстүрлі түрде кредит процентінен келеді. Жарты жылда банктің проценттік кірісі 574 миллиард теңгеге жетті. Ал комиссиядан банк 67,7 миллиард теңге түсірді. Мысалы, оның басты бәсекелесі «Kaspi bank» өзінің негізгі табысын проценттен алады.
Банктегі үлестірілмеген кіріс сомасы 3,2 триллион теңгеге жетіп отыр. Себебі, акционерлер «Халық банктің» кірісін дивиденд ретінде толық алмай, едәуір бөлігін қалдыратын болған. Мысалы, былтыр банк 2023 жылы келген 647,2 миллиард теңге таза пайдадан 381,6 миллиард теңгені ғана дивиденд ретінде төлеген. Оның жартысынан астамын Тимур Құлыбаев алды.
Теоретикалық түрде, егер Құлыбаев қаласа өзіне 2,2 триллион теңге дивиденд төлей алады. Бұл шамамен 4 миллиард доллар.
Бірақ Тимур Асқарұлына ақша емес, оның көбею процесі қызығырақ екені анық. Сондықтан ол «Халық банктің» одан сайын өсіп, дамуына мүдделі.