17 Қазан 17:25

Мемлекет ақшасына зауыт салып, оны мемлекетке кепілге қойып, ал дивидендтерді өзіне алып алу. НЕГЕ Машкевичтің қолынан бәрі келеді?

Фото:

Мемлекет пен ERG арасындағы түсініспеушілік артып келеді. Павлодардағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ өзінің акционері болып табылатын ERG SALES AG компаниясына 12 жылдан бері дивиденд аударып келе жатыр. Бірақ, облыстық мемлекеттік кіріс департаменті мәліметінше, ол үшін ешқандай корпоративті салық төлемеген.

«Ескі Қазақстан» дәуірінде Назарбаев кланына жақын олигархтар «Қазақстанның даму банкі» арқылы мемлекетті емін-еркін пайдаланғаны жасырын емес. Мемлекет қаржысын арзан ставкамен алып, оған алып өндірісті жекешелендіріп, өңір тұрғындарына жұмыс беріп отырмын деген желеумен мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктерге қол жеткізіп, салықтан жалтару механизмдерін қорықпай іске асырған талай олигарх Қазақстаннан миллиардтаған долларды шетелге шығарып алды. Қазір олар Монако, Швейцария, Дубай мен Лондонда рахаттанып өмір сүріп жатыр.

Енді міне, Павлодардағы «Қазақстан электролиз зауытынан» (ҚЭЗ) Швейцариядағы ERG SALES AG компаниясына ақша шығару оқиғалары тіркеліп отыр. Осы қызық оқиғаға бұның алдында Ratel.kz назар аударған еді. Кезінде олигарх Машкевич бастаған Еуразиялық үштік билік ететін ERG корпорациясы «Қазақстан электролиз зауыты» құрылысына мемлекеттен 15 жыл мерзімге 400 миллион доллар арзан несие алған болатын. Оның кепілзаты ретінде ERG мемлекетке ҚЭЗ-дің 51% акциясын (3 349 961 жай акция) кепілге қойған. Бұл үшін ҚЭЗ жыл сайын Машкевичтерге несиенің жалпы сомасының 0,75% сыйақысын төлеп келген.

Таза аллюминий. ҚЭЗ өнімі. Фото: erg.kz

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бұл төлемдерді өткен жылы 2019 жылғы 1 шілдеден 2020 жылғы 30 қарашаға дейінгі кезеңге салықтық тексеру барысында анықтаған. Салық органдары мұндай схеманың көмегімен акцияларының 51 пайызы мемлекетте кепілдікте жатса да, ҚЭЗ өзінің Швейцариядағы иелеріне дивидендтер төлеп, онымен бірге корпоративті салықтан үнемдеп, жалтарып отыр деп есептейді.

2019 жылы ERG SALES AG ҚЭЗ-ден 1,7 миллион доллар, ал 2020 жылы – 1,4 миллион доллар қаржыны дивиденд ретінде Швейцарияға шығарып алған. Біз компанияның 2021 жылғы қаржылық есебін зерттеп көрдік. Қазақстан электролизі зауыты өзінің Павлодар облысына әлеуметтік көмегін екі есеге қысқартып жібергені анықталды. Мысалы, аймақтағы әлеуметтік дамудың инфрақұрылымдық жобасына олар 2020 жылы 8 миллиард теңге бөлсе, ал 2021 жылы небары 4,6 миллиард теңге жұмсаған. Енді 2021 жылдың қортындысы бойынша мемлекеттік кредитке салынған зауыттың 82,5 миллиард теңге таза пайдасын ERG өзіне, яғни Швейцарияға аударып алмақ.

"Қазақстан электролиз зауыты" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша қаржылық есебі. Аудитор: PWC

Болашақ «национализациядан» қорыққан ERG өзінің Қазақстандағы активтерінің бар сөлін сорып алуға тездете кіріскені туралы оның алдында да жазғанбыз. ERG өзінің қазақстандық кәсіпорындарынан қарыз алу практикасын соңғы жылдары күшейтіп келеді. Бұдан капиталды сыртқа шығарудың белгілері байқалады.

Қазақстанға ERG акцияларының 40 пайызы тиесілі болса да, еліміз одан еш пайда көрмей отыр. Статилер ісі бойынша Люксембург соты Қазақстанның ERG-ден алатын дивидендін бұғаттап тастаған. Ақша арнайы шотта жатыр және Қазақстанға қайта ма, ол жағы белгісіз.

Онымен бірге, ERG директорлар кеңесінде Қазақстан атынан отырған үкімет мүшелері компанияның ішкі кухнясын түсіне бермейді. Ал басқарма деңгейінде еліміздің мемлекеттік мүддесін қорғай алатын бір де бір кәсіби менеджер жоқ. Ол жақта билік құратындардың барлығы  - Еуразиялық үштік олигархтарының адамдары болып табылады.

Тегтер: