20 Маусым 17:00

Машкевич бізге әдемі «мат» қойды. ERG Қазақстандағы кәсіпорындарын НЕГЕ кредитке тығып тастады?

Фото:

Александр Машкевич бастаған олигархтардың еуразиялық үштігі Қазақстандағы кәсіпорындары - «Қазхром» мен «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігіне» ВТБ банкінен кредит рәсімдеген. Артынша бірден сол қаржыны кредит түрінде Люксембургтағы бас кеңселеріне аудартып алған.

ВТБ акцияларының 92 пайызын Ресей үкіметі қадағалайтынын ескерсек, қазіргі таңда біздің стратегиялық қазба байлықтарымыз залог ретінде Кремльдің қолында тұр.

2021 жылы алдын-ала жасалған кредиттік келісім бойынша «Қазхром» акционерлік қоғамы ВТБ Банкінен 250 миллион доллар алған. Оған дейін, тағы 100 миллион доллар қарызға кірген.

"Қазхром" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелмеген бөлек қаржылық есебі

Бір қызығы, сол ақшаны алғаннан кейін, «Қазхром» өзінің акционеріне, яғни Люксембургтағы «ERG» корпорациясына 98 миллион доллар кредит берген. Ал оның алдында 2025 жылға дейінгі мерзімге 227 миллион доллар аударған.

"Қазхром" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелмеген бөлек қаржылық есебі

Бұдан бөлек, Қаңтар оқиғасынан кейін «Қазхром» АҚ өзінің барлық кредиттеріне ВТБ-дан 2 жылға шегерім сұратып алған. Демек, қазір «Қазхром» кредит те, ештеңе де төлемей, ақшаның барлығын Люксембургтегі Машкевичтерге аударып жатыр. Былтырғы таза пайдасы – 439 миллиард теңге де сол акционерлерге кетті. Ал екі жылдан кейін, ақшаның барлығын сорып алған олигархтар Қазақстандағы қарызға белшеден батырып тастаған кәсіпорындарын мемлекетке өткізе салып, «гудбай» деуі әбден мүмкін.   

"Қазхром" АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелмеген бөлек қаржылық есебі

Енді ERG-дің Қазақстандағы кәсіпорны «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігіне» келсек. Одан ERG кредит ретінде 423 миллиард теңгеге жуық қаржы алған.  

«Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігін» АҚ арнайы мақсаттағы қаржылық ақпараты

ERG НЕГЕ Қазақстандағы компанияларын қарыздандырып, сол қаржыны өзіне тартып отыр? Оның бір себебі, Қазақстандағы кен орындарын кепілге қоюға болады. Бұл ретте, ERG-ге ірі акционер болып отырған Қазақстан үкіметінің өзіне болашақ ор қазып жатқанын айта кету керек.

Мүмкін нәрсенің бәрін сорып тастаған, капиталды шетелге шығарып алған олигархтар кетіп қалса, тұралаған өндіріс орындарын қайта көтеруге, митингілетіп жатқан жұмысшыларға айлық төлеу үшін тағы да Ұлттық қорды ашуға тура келеді. Сондықтан, ERG-дегі қаржылық операциялар Қаржы мониторингі агенттігінің жіті қадағалауында болғаны дұрыс еді.  

ERG акцияларының 40%-ы Қазақстанға, 20,7% – Александр Машкевичке, 20,7% – Мұқадасқан Ибрагимоваға (марқұм Әліджан Ибрагимовтың жесірі), 18,6% – Патох Шодиевке тиесілі. 

Тегтер: