16 Сәуір 18:36

Қостанай облысының ұстаздары су тасқыны кезінде мектепті қорғап қалды

Қостанай облысы
Фото: Қостанай облысы

Қостанай облысында су көтерілген тұста Алтынсарин мектебінің ұстаздары мектепті қорғап қалды. 

Алматы, NEGE. Алтынсарин ауылының тұрғындары су келеді деп ойлаған жоқ, ауылдың өзеннен қашықтығы сонша, тіпті үлкен кісілердің өзі бұрын мұндай жағдайдың қашан болғанын білмейді. Өңірдегі мектеп екі жыл бұрын толық жөндеуден өткен.

Балалардың қолөнері мен суреттеріне, кітап көрмелеріне толы бұл жайлы, жарық ғимарат Қостанай облысы мұғалімдерінің, бүкіл мектеп ұжымының, білім бөлімі қызметкерлерінің, облыстың басқа мектептерінен келген еріктілердің ерлік жасаған орнына айналды.

Судың келе жатқаны белгілі болған сәтте мұғалімдер барлық құрал-жабдықтарды, жиһаздарды, құжаттарды екінші қабатқа тасыған. Уақыт шектеулі болғандықтан, барлығы бірден іске кіріскен. Мектепте жұмыс істейтін қызметкерлердің 90%-ы әйелдер. Табиғаты нәзік келетін әйелдер қауымы сөрелер мен үстелдерді, пештерді ауырлығына қарамастан баспалдақпен жаяу көтеріп, ештеңені суға қалдырмай екінші қабатқа көшірген.

Қостанай облысы
Фото: Қостанай облысы

Ұстаздар мүмкін емес ерлік жасады. Мектеп директоры Сәуле Смашова мен білім бөлімінің меңгерушісі Әлия Тұртқараева да сол сәтте барлығымен бірге жұмыс істеді. Су мен мұз қоршауға жеткенде, олар қазандықты эвакуациялауды аяқтап, есіктерді мықтап бекітті. 

Қостанай облысы
Фото: Қостанай облысы

Су тасқыны басылғанда, мектеп ғимаратына сәл ғана су кіргені анықталды. Бірнеше күннен кейін, су тартылған соң, мұғалімдер де бірігіп, аумақты лай мен қамыстан тазартып, қазандықты іске қосты.

Үйлері әлі су астында қалып қойған оқушылар қашықтан оқып жатыр. Ал үйлеріне оралған оқушылар мен ұстаздар күн сайын мектепке келеді.