18 Қаңтар 08:38

«Бұл – тарихқа ревизия жасаудың басы» – Депутаттар пікірі

Нұрқаділов
Фото: Коллаж NEGE

Өткен аптада мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің 80 жылдығына орай Алматыда ас беріліп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев оғантуған жерінде ескерткіш орнатуды ұсынды.

Бірер күн бұрын ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық қорғаныс университетінің алдындағы қойылған ескерткіші алынып тасталды. Мұны Мәжіліс депутаттары «соңғы 30 жылдағы тарихқа ревизия жасау» деп түсіндірді.

Ермұрат БАПИ, Мәжіліс депутаты:

Жаңа Қазақстанға аяқ басып келе жатқанын көрсетеді

Ермұрат Бапи
Фото: ғаламтордан

– Алға басу үшін тарихымызды, ақтаңдақтарымызды тазалап алуымыз керек. Сондықтан Заманбек марқұмның аруағына арнап, оның еңбегіне, мемлекеттік, қайраткерлік қызметіне арнап ескерткіш ашу жөніндегі президенттің бастамасы өте құптарлық дүние.

Бұл ескі Қазақстанның жауы болған, онымен күресу жолында қаза тапқан азаматтың рухын ұлықтау арқылы қоғамның алға басып, Қазақстан өзгеріп, бірте-бірте жаңа Қазақстанға аяқ басып келе жатқанын көрсетеді. Бас прокуратура президенттің осындай бастамасынан кейін, өз инициативасымен осы іске қозғау салатын шығар деп ойлаймын. Бұл процесс – соңғы 30 жылдағы Қазақстанның саяси өміріндегі тарихқа ревизия жасаудың басы.

Қазақстанда әрбір қалада Назарбаевтың ескерткіштері көп. Біз оны тірісінде Құдай қылып, көкке көтерген жағдайымыз бар. Жаңа қоғамға аяқ басқан кезде бізге не керек, не керек емес екеніне ревизия жасауымыз керек. Қоғам кейін қажет десе, ескерткішін қоюға болады.

Тақырыпқа орай: «Зәкең оның жағасынан ала түскен...» – Жарияланбай қалған сұхбаттың сыры

Ал қазіргі жағдайда халықтың 30 жылдан кейін кедейшілік пен қайыршылыққа, қымбатшылыққа қамалып, елдің қазынасы ұрланып, активтердің сыртқа кеткеннен кейін оны біз қалай көкке көтереміз?!

Айдос САРЫМ, Мәжіліс депутаты:

Қазір біз Назарбаевқа объективті баға бере алмаймыз

Айдос Сарым
Фото: ғаламтордан

– Біреуге ұнасын-ұнамасын, бірақ Заманбек Қалабайұлы – үлкен тұлға. Қазақтың тарихында, қазақтың жадында ол кісінің ойып тұрып алған орыны бар. Оны сынайтындар да, жақсы көретіндер де бар. Солардың арасында дау болмауы керек. Мұның барлығының артында тұрған мәселе – қазақтың ішіндегі жіктердің санын азайту.

Меніңше, прокуратура жаңа деректер шығып жатса, кез келген істі қарауына, соттың құзырына жіберуге мүмкіндігі бар. Зәкеңнің ұрпақтарына тағы да сотқа шағымдануға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Қоғам да осыны күтіп отырған сияқты.

Қазір біз Назарбаевқа объективті баға бере алмаймыз. Бізде эмоция басым, 30 жылдықтың салқыны мен ызғары да бар. Сондықтан кішкене уақыт өтсін. Бәлкім, балаларымыз бен немерелеріміз бізден ақылды болатын шығар. Біз де объективті қарай бастайтын шығармыз.

Кезінде көше беру, ескерткіш орнату сияқты науқандар уақытынан бұрын жасалған шара еді. Бізде ономастика және топонимика туралы заңда адам дүниеден өткеннен кейін, бес жылдан кейін ғана көшеге, қалаға, елдімекендерге ат беріледі деген заң бар. Қазір қателіктерді түзеу кезеңі.

Мақсат ТОЛЫҚБАЙ, Мәжіліс депутаты:

Ештеңе құпия болып қалмайды

Мақсат Толықбай
Фото: ғаламтордан

– Кезінде Заманбек Нұрқаділов туралы ләм-мим деп айтпағандар кеше дастарханның басында жарысып сөйлеп жатыр деген қоғамның өкпе-реніші бар.

Заманбек Нұрқаділов өмірден өтсе де, оның аруағы кезінде бас қоспаған биліктің де, оппозицияның да басын бір дастарқан басында қосып отыр. Біз осыдан сабақ алуымыз керек.

Біреуді жақсы, біреуді жаман дейміз, бірақ оның бағасын беретін – уақыт пен тарих. Бұл жоғарыда жүрген біраз ағаларға да сабақ болуы керек. Қызмет пен мансап қонақүй сияқты ғой. Қонақүйде адам мәңгілік тұрмайды. Бір апта, мүмкін бір ай тұрасың, бірақ шыққанда қалай шығасың? Артыңда қандай сөз айтылады? Сондықтан ел үшін жұмыс істеу керек. Ал президенттің ескерткіш қою туралы бастамасы басы ғана деп ойлаймын. Ештеңе құпия боолып қалмайды. Уақыты келгенде барлығы белгілі болады.