17 Қаңтар 14:00

«Зәкең оның жағасынан ала түскен...» – Жарияланбай қалған сұхбаттың сыры

Зәке
Фото: Фото: voxpopuli.kz

Жуырда мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің 80 жылдығына орай Алматыда ас берілді.

Президент бастап, Сенат пен Мәжілістің төрағасы қоштап, қауымға және Зәкеңнің туыстарына арнайы хат жолдады. Зәкеңе Кегенде ескерткіш орнатылып, өзі тұрған үйге ескерткіш тақта қойылатын болды. Тарихи әділдік орнап келе жатыр деуге болар, бірақ...

Аста бір жайтты көрдім, көрдім де қайран қалдым. Заманбек Қалабайұлы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық қарсы шыққан кезде және осыдан кейін жұмбақ жағдайда қаза тапқанда Зәкеңнің атын атауға қорыққандардың бәрі ас дастарқанында қаз-қатар тізіліп отыра қалыпты.

Заманбек
Фото: ғаламтордан

«Еее, заман-ай!» дейсің еріксіз. Бұлар басқа буынның, анығында – «Ескі Қазақстанның» адамдары. Содан да болар «бір кездері үнсіз қалып едім» деп қымсынып, қысылып отырған ешбірі жоқ.

Заманбек Қалабайұлы мен Алтынбек Сәрсенбайұлы бас-аяғы үш айда бірінен соң бірі саяси қастандықпен өлтірілген соң Алаштың арда ұлдарының құнын сол тұстағы алдаспан газет «Жас Алаш» арқылы даулауға тырысқанбыз. Кешегі аста отырғандардың көбіне хабарластық сонда, бәрі де Зәкең мен Алтекең туралы айтудан ат-тонын ала қашқаны күні кеше ғана еді. Енді міне, солар сымға қонақтаған суықторғайдай боп тізіліп, Зәкеңнің асында отыр.

Заманбек Қалабайұлының рухы тыныштанған жоқ әлі. Ас беру, ескерткіш орнату, ескерткіш-тақта қою дұрыс қой, әрине. Бірақ қылмыс ашылмай – қайраткердің рухы тыныш таппайды. Сондықтан қылмыстық істі қайта қарауды тұтас қоғам болып талап етуіміз керек-ақ.

Алтынбек пен Заманбек
Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Қалабайұлы. Фото: ғаламтордан

2012 жылы болса керек, бір адам «Жас Алашқа» Зәкең туралы сұхбат берді. Қазіргі тілмен айтқанда, «бомба сұхбат» еді. Эксклюзив! Бірақ ол жарияланбай қалды. Оның себебі бар. Аңдамай көп нәрсені айтып қойған әлгі адам «мені аясаңдар, бала-шағамды аясаңдар, өздеріңді аясаңдар – сұхбатты жарияламаңдар!» деп еңіреп, жер тоқпақтап отырып алды.

Сұхбатты сол кезде жариялап жіберу кім-кімге де шынымен өте қауіпті еді, қазір де қауіпсіз емес. Өйткені саяси қастандыққа қатысы барлар әлі билікте отыруы мүмкін.

Зәкеңді жерлеу
З.Нұрқаділовтің жерлеуі. Фото: voxpopuli.kz

Жарияланбай қалған сұхбатта көп сыр барын жоғарыда айттық. Енді соған қатысты сұрақтардың бір парасы мынау:

Заманбек Нұрқаділов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында делдал болған кім? Қастандық жасалған күні (немесе бір күн бұрын) Зәкеңді үйінен кім алып кетті? Қайда апарды? Кіммен кездестірді? Онда не айтылды? Осы кездесуде Зәкең кімнің жағасынан ала түсті?

Осы сұрақтардың жауабы табылған күні қанқұйлы қылмыстың түйіні шешілетін сияқты көрінеді де тұрады...