23 Сәуір 12:37

Алматы: Отбасылық құндылықты нығайту саясаты қай деңгейде?

гендерлік саясат
Фото: ғаламтордан

Елімізде отбасылық құндылықты нығайту саясаты қай деңгейде? Ана мен баланы қорғау қызметі қалыпқа түсті ме? Қазақстанның демографиялық көрсеткіші артып келе ме?

Соңғы жылдары еліміз ана мен бала құқығын қорғауға аса мән бере бастады. Бұл туралы президент те жолдауында, түрі басқосуларда тілге тиек етіп жүр. Осыған байланысты ұлттық комиссия демографиялық, отбасылық, гендерлік саясатты, ана мен бала құқығын қорғау мәселесін тиімді жүзеге асыруды қолға алды.

Сонымен, Қазақстанда бұл саясат іс жүзінде қалай? Қоғам гендерлік теңдікке қол жеткізді ме? Демократиялық құндылыққа біртабан жақындадық па? Қазақ қоғамының дәстүрге сай шектеуден арылып, таңдау еркіндігіне ие болуға не кедергі? Салыстырмады түрде айтсақ, әлем елдерінде бұл қалыпты жағдай. Әр әйелдің өз құқы, өз таңдауы, өз еркіндігі бар. Әсіресе, зорлық-зомбылық өршіген уақытта әйел мен баланы қорғау заңдық тұрғыдан күшіне еніп жатыр.

Бұған дейін Ф.Эберт атындағы қордың қолдауымен Алматыдағы «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қоры еліміздегі гендерлік саясат туралы зерттеу жүргізген еді. Нәтижесінде ер азаматтар арасында гендерлік кемсітушілік мәселесі бары айтылған. Бұл саясаттағы ерекшелікті саралай келе, әйел қауымына келгенде материалдық теңсіздіктің кездесетіні тілге тиек етілген. Себебі, ерлерге қарағанда әйелдердің қаржылық әлеуеті мен мәртебесі төмен. Салдарынан бизнес саласында, жоғары билікте әйелдердің саны аз екендігі байқалады. Бұған қазақ қоғамының әуелден келе жатқан дәстүр психологиясына сай қатып қалған таптаурын дүниелер кедергі келтіретіні анық.

Алайда, бұл сең кейінгі жылдары бұзылып, әйел қауымыны ер азаматпен қатар кәсіп жүргізіп, мәртебелі қызметті атқаруына қолдау мен мүмкіндік көбейді. Әсіресе, жеке ісін жүргізгісі келетіндерге мемлекет тарапынан да түрлі бағдарлама қарастырылған.

отбасылық құндылық
ғаламтордан

Алматы қаласы әкімдігі жыл сайын Қазақстандағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша қорытынды есеп береді. Нәтижесінде 2017-2019 жылдар ішінде қалада алты мақсатты индикатор орындалған. Денсаулықты қорғау және өмір сүру ұзақтығына байланысты гендерлік алшақтық стереотипін бұзуға бағытталып жұмыс істейтін ұйымдар аясында арнайы аналар мектебі қызмет көрсетеді. Мұнда денсаулығында ақау бар топтағы әйелдерге бақылау жасалады. Айта кету керек, әйелдердің өмір сүру жасының ұзақтығындағы алшақтықты 2030 жылға қарай 7 жасқа қысқарту жоспарланған.

Одан бөлек қазір отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі де өткір. Бұған дейін талқылауда болған заңға президент қол қойды. Енді еліміздің жер-жерінде, соның ішінде Алматы қаласындағы әйелдермен жұмыс істейтін дағдарыс орталықтарының саны азаятын шығар деген үміт бар. Қазірдің өзінде көрсеткіштерге қарағанда әйелдерге жасалатын зомбылық фактілері төмендеп келеді екен.

Өткен жылы әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері санының аздап төмендеуі және балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің 48 пайызға төмендегені белгілі болды. Бүгінде отбасы және балалық шақты қолдау орталығы жұмыс істейді, онда отбасындағы дағдарыс кезінде балаларға уақытша күтім жасалады. Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауды және бейімдеуді көздейтін тәлімгерлік институтын дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Арнайы құрылған «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталықтарында қолдау шараларымен шамамен 28 мың адам, оның ішінде 3,5 мың бала қамтылды. Көп балалы отбасылардан шыққан 700-ден астам адам жұмысқа орналастырылды.

Ерлер мен әйелдерді жұмыспен тең қамтуды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары жөніндегі жүйелі жұмыстың арқасында әйелдердің ерлердің жалақысына шаққандағы орташа жалақысының үлесі 82,6 пайызды құрады. Бұл жоспар бойынша 2030 жылға қарай 75 пайызға жету керек. Бұған жыл сайын мыңнан астам әйелдің өз бизнесін дамыту үшін грант алып жатқанын айта кеткен жөн. Статистикалық деректерге сенсек, 2017-2019 жылдары тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің барлығы 45,9 пайызы әйелдерге тиесілі.

Алматы
ғаламтордан

Жалпы, Алматыда отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында белгіленген барлық міндеттерді іске асыру жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес жүргізілуде.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия Алматы қалалық комиссиясының коронавирус пандемиясы кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, сондай-ақ алдыңғы қатардағы медицина қызметкерлеріне, полиция қызметкерлеріне қолдан келгенше көмек көрсету жөніндегі жұмысының оң тәжірибесін атап өтті. Қалалық комиссия мүшелері жалпы қалалық мәселелерді шешу шеңберінде ҮЕҰ өкілдерімен және жұртшылықпен тығыз өзара іс-қимыл жасайтынын атап өткен жөн, бұл қабылданатын шаралардың тиімділігін арттырады.