10 Наурыз 16:25

Шынайы мінезіңіз қандай? (психологиялық тест)

Фото:

Психологиялық тесттің шарты бойынша төмендегі суреттегі 4 есіктің бірін таңдап, шынайы мінезіңіздің қандай екенін біліңіз.

Көп ойланудың қажеті жоқ, көзіңізге бірден түскен есікті таңдаңыз. Сіз қаққан есік мінезіңіздің қандай екендігінен хабар береді. Ендеше, іске сәт!

1-есік. 

Егер 1-есік көзіңізге бірден түскен болса, сіз өте әсершіл адамсыз. Әлемді, жалпы өміріңізді махаббатсыз елестете алмайсыз. Жаныңыз сүйіспеншіллікке толы. Өзгелердің де не сезінетінін жақсы түсінесіз. Жақындарыңыз үшін барыңызды саласыз. Тіпті өзіңізді де ұмытып кетесіз. Мінезіңіз ашық, жарқын көңіліңізбен адамдарды тез баурап алатын күшке иесіз. Сіз әңгіме айтқанда өзгелер ұйып тұрып тыңдайды. Тартымдылығыңыздың арқасында көп адам сізбен дос болуды армандайды. Бойыңызда көшбасшылық қасиет болғандықтан, барлығы сіздің ақыл-кеңесіңізге жүгінеді. Сіздің айтқан ақылыңыз көбінесе пайдаға асып жатады. Сол себепті адамдар сізді сыйлайды, сізден жылулық күтеді. Өкініштісі, өзгелерге айтқан ақылыңыз өзіңізге жүрмей қалады. Қиын сәтте қам жемеңіз, сіз бәрібір тығырықтан шығудың жолын жақсы білесіз.

2-есік.

2-есікті ашсаңыз, сіз уақыт көшінен оза жүретін жансыз. Әрдайым жаңалыққа жаныңыз құмар. Ешкімнің ойына кіріп шықпайтын идеяларды жүзеге асырғанды жаныңыз сүйеді. Киім кию үлгіңіз де өзгеше. Басқалар үшін батыл қадам болып саналатын іс-әрекеттер сіз үшін үйреншікті. Өйткені сіз өзгелердің тісі батпайтын шаруаларды әп-сәтте тындыра аласыз. Сіздің қолыңыздан барлығы келеді. Оған өзіңіздің де талай рет көзіңіз жеткен. Сол себепті өзіңіздің ішкі "меніңіз" қалыптасып, сеніммен нық қадам басасыз. Есепке және құнды қағаздармен жұмыс істеуге ширақсыз. Ауқымды жобаларды аяғына дейін жеткізіп, жеңісті қанжығаңызға оңай байлауға бейімсіз. Алдыңызда отырған адамның ойын тез оқып қоясыз. Сол себепті сізді алдап, тақырға отырғызу өте қиын. Өзгелерге не керек екенін жақсы білесіз. Мақсатыңыз айқын. Тіпті сәтсіздіктердің өзін, еңсеңізді тік ұстаған күйі жеңіл қабылдайсыз. Майда-шүйде әңгімелерге басыңызды қатырмайсыз. 

3-есік. 

3-есікті тек арманшыл адамдар таңдайды. Айналаңыздағы әрбір құбылыстан ғажайып іздейсіз. Сіз үшін шығармашылықпен айналысып, өз қабілетіңізді арттыру маңызды. Өмірдегі ғажайыптардың сырын ұғуға талпынасыз. Көп ойланатындықтан, жүзіңіз аздап шаршаңқы көрінуі мүмкін. Бірақ өте тартымдысыз. Айналадағы оқиғаларға бей-жай қарай алмайсыз. Тіпті болмашы өзгерістің өзі сізге ерекше шабыт сыйлайды. Өзгелер қызғанышпен қарайтын дарыныңыз бар. Кейде достарыңыздың өзі бұл қабілетіңізді қызғанып жатса, таң қалмаңыз. Шығармашылық дарыныңызбен қатар әртістік шеберлігіңіз де басым. Сізді бір көрген адамның мәңгілік есінде қалатын жансыз. Алайда, жалқаулығыңызды жеңе біліңіз. Өйткені "ертең істеймін" деген сылтаудың артында таудай талантыңыздың тұншығып қалары анық. 

4-есік. 

4-есікті қаққан адам ешқашан жүрегінің үніне құлақ аспайды. Бәлкім өміріңіздің бір кезеңінде жүрегіңіздің айтқанын тыңдап, опық жеген боларсыз. Содан бері мәселелерді тек ақылмен шешесіз. Ақылыңыз сізді ешқашан адастырған емес. Әр істің тура жолын оңай табатын адамсыз. Өзіңіз жайлы жиі айтылғанын қаламайсыз. Майда-шүйде әңгімелерге бас қатырмайсыз. Сіз ағыспен жүруге көнбейсіз. Өмірде өз жолыңызды нақты айқындаған болсаңыз, ағысқа қарсы жүзуге де дайынсыз. Айналаңызға сыни көзқараспен қарайсыз. Сіздің дамуыңыз бен жетістікке жетуіңізге кедергі болатын адамдармен бірден қоштасасыз. Тіпті достарыңыздың өзі сіздің іріктеуіңіз бен сыныңыздан өткен. Эмоцияңызды өзгелерге білдіртпесеңіз де өте мейірімді екеніңізді жақындарыңыз жақсы біледі. Сырт көзге суық көрінетін жүзіңіздің ар жағында жылулық барын сезген әрбір адам сіздің адал ниетіңізге тәнті болып жатады.

Тегтер: