Зульфия Байсақова: «Әрбір үшінші отбасыда тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері болып жатыр»
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселе қоғамда жиі талқылануда. Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін тіпті көбейді деуге болады. Белең алған мәселелерге байланысты қазір елімізде «Әйелдер мен балалардың құқығы туралы» заң қабылданып жатыр.
NEGE тілшісі дағдарыс орталықтары одағының басшысы Зульфия Байсақовадан сұхбат алып, елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ахуалды сұрады.
– Өкінішке қарай Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылық кең тараған құбылыс. Әрбір үшінші отбасыда тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері болып жатыр. Оған олар физикалық, психологиялық, экономикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сараптама жұмыстарына зер салсақ, аталмыш қылмыс көбейді деп айтуға болмайды. Тек журналистер мен бей-жай қарамайтын азаматтардың әлеуметтік желілердегі үндеуінің арқасында кез келген құбылыс талқыға түсіп, кең таралып жатыр.
Бүгінгі күні екі оқылымда әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы заңға түзету енгізіліп, заң жобасы толығымен Парламент Сенатына өтті. Енді ол жақта да жұмыс тобы құрылып, талқыға түседі. Ашығын айтқанда бұл заң жобасы отбасындағы зорлық-зомбылық пен қатыгездік мәселесін жүз пайыз қараған жоқ. Онда отбасына қатысы жоқ педофилия мәселесін, ересектердің қарауынсыз жүрген балаларды автобустан шығарып жіберу сияқты мәселелерді қарастырған. Алайда бұл заң жобасы отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қатаң немесе адекватты жазалау түрін қарастырып отырған жоқ. Себебі, Әкімшілік құқықбұзушылықтан Қылмыстық Кодекске ауысқан баптар бәрібір жеке-жариялы өндіріске өткен жоқ. Сондықтан отбасылық зорлық-зомбылық құрбандары өздері сотқа арыз түсіреді, құрбан екенін дәлелдейді. Бұл азаматтардың өз құқығын қорғауға қатысты жағдайды күрделендіреді. Сондықтан, менің ойымша, заңды қабылдамас бұрын жетілдіру керек.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі елімізде өзекті екені сөзсіз. Сондықтан заң аясындағы актілерге өзгеріс енгізу өте қажет болып тұр. Сол себепті қазір Парламенттің төменгі және жоғарғы палата депутаттарының рөлі жоғары. Менің пікірімше, дәл қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жағдайды түзеу жауапкершілігі солардың мойнында. Олардың да саяси еркі бар, президент құптап отыр, Қазақстан халқы қолдап жатыр. Оны біз Бишімбаевтың агрессиясы, зорлығы мен қатігездігін халық қалай қабылдағанынан және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тез арада тосқауыл қою керек екенін айтып, дабыл қаққанынан көріп отырмыз. Енді барлық жауапкершілік Парламент депутаттарының сапалы заң қабылдауында болып тұр.
– Жақында экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты соттың алдын ала тыңдауы өтті. Алда негізгі сот процесстері күтіп тұр. Қалай ойлайсыз, сот шешімінің қатаңдығы қоғамға әсер ете ме?
– Бишімбаевтың ісіне қатысты кім пікір айтпады десеңізші?! Әрине, бұл іске қатысты шешім шығару кезінде біздің қоғамның рөлі маңызды болады. Сот әділ шешім шығарады деп ойлаймын. Қорғаушы тараптың манипуляциясын да көріп отырмыз. Бірақ ол Қазақстан азаматы болғандықтан қорғаушы алуға және түрлі әдістер мен формаға жүгінуге құқылы. Сотта алқабилердің шешіміне жүгінетіні де белгілі болды. Алқабилерді біреу сатып алады деп ойламаймын. Қанша дегенмен бұл көпшіліктің бақылауындағы іс. Журналистердің де қаншалықты белсене ат салысып жатқанын көріп отырмыз. Барлығы бұл мәселені объективті жариялауға дайын екенін байқадық. Сондықтан, менің пікірімше, сот төрешісі мен алқабилер оъективті болады деп ойлаймын. Сотқа нақты қандай дәлелдер ұсынылғанын білмеймін, бірақ қайткен күнде де адам өлімі болғаны рас. Агрессор өз жазасын алуы керек.
Бұл мысал арқылы құқықтық жүйеміздің қаншалықты жақсы жұмыс істейтінін және жоғарғы сот азаматтарымызды қалай қорғайтынын тағы бір мәрте дәлелдейді.
– Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы заң жобасының талқылауында депутаттар түрлі пікір айтты. Олардың арасында «әйелдер өздерінің ұзын тілінен табады» дегендер де болды. Заң қатал болса, біздің қоғам оны орындай ма?
– Әйелдерді аяқ-қолын сындырып, пышақтап жатқанда, депутаттардың отағасы туралы жеке заң қабылдауға қатысты айтқаны немесе агрессорды агрессиялық әрекетке әйелі өзі итермелейтінін айтуы дұрыс емес. Бірақ қазіргі уақытта біз көпшіліктің мүддесін күйттеуі керек болса да, адекватты пікір айтпайтын адамның депутат болып отырған парламентаризм тарихының бір сатысында тұрмыз. Олар мемлекеттің әлеуметтік құрылымына, әділеттілікке және құқықтың барлық аспектілеріне қайшы бола тұра өзінің жеке пікірін айтуына жол беріп отыр. Депутат белгілі бір қоғам атынан шығып отырғандықтан, адам құқығы мен заңды сақтамай жеке пікірін білдіріп, шектен шығып кетсе оны депутаттық мандаттан айыру керек деп есептеймін.
Егер тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп қараса, оның ішінде отбасындағы зорлық-зомбылықты Қылмыстық Кодексте жеке бапта бекітсе және психологиялық қысымды дене жарақатына теңестірсе, бұл заң сақталады деп ойлаймын. Қанша дегенмен біз құқықтық мемлекет ретінде дамып жатырмыз. Депутаттардың адекваттылығы мен кәсібилігі сапалы, жақсы заң шығаруда үлкен рөл ойнайды деп үміттенемін. Олардың негізгі функциясы түрлі талқылауларда, телеарналарда сөйлеу емес, заң шығару. Сондықтан олар өз жұмыстарын атқарып, заң шығарумен көбірек айналысуы керек деп есептеймін. Сонда ғана тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтатын, балаларға қатігездікті жоятын сапалы заңдар мен заң актілерін шығара алады.