11 Қаңтар 11:38

Диктаторларға сыйлық немесе Трамп НЕГЕ жеңілді?

Фото:

Дональд Трамптың атышулы мәлімдемесінен кейін оның жақтастары америкалық демократияның символы – Капитолийге басып кірді. Көзден жас ағызатын газ, бейберекет тәріпсіздік, атылған оқ, кісі өлімі...  

АҚШ-тағы қос билік

Конгрессмендер президентті бекітуі тиіс еді. Сайлаудан кейін екі ай өтті, содан бері АҚШ іс жүзінде қос биліктің қыспағында қалды. Ал бұл америкалықтар үйренбеген жағдай.

Жеңілісін мойындағысы келмеген Трамптың үндеуінен кейін оның жақтастары Капитолийге басып кіргенде сенаторлар бассауғалауға мәжбүр болды. Ашулы топ алдарынан шыққан CNN, CBS секілді ірі телеарна журналистерін Байденге бүйрек бұрады деп сабап тастады.

Капитолийді қорғаған күш құрылымдары шабуылдағандарды таяқтың астына алмады. Бұл қарсы жаққа дем бергендей. Сөйтіп әлем-жәлем боянғандар конгрессмендердің кабинетіне басып кірді. Сенаторлар компьютерлерін де өшірместен, маңызды құжаттардың бәрін жинап үлгерместен қашып кетті. Сол күні АҚШ Конгрессінен қандай құнды мәліметтердің біреулердің қолына түскенін бір Құдай біледі.

Американы, америкалық демократияны бағдар еткен елдерді дүр сілкіндірген оқиғаның осылай өрбитінін Трамптың өзі де күтпесе керек. Ақырында ол жақтастарын бейбіт тарауға, сайлау нәтижесін мойындамаса да, тәртіпке бағынуға шақырды.  Арнайы жасақ Капитолийді тазартты. Ондаған адам жарақат алды, төрт адам қаза тапты. Тіпті бір-екі бомба табылғаны туралы айтылды.

Трамптың үндеулері елде жаппай тәрітпсіздіктерді ушықтырады деп санаған Facebook, Twitter оның парақшасын бұғаттап тастады. Бұл әрине посткеңестік елдер үшін күтпеген жағдай. Мәселен Ресейде Путиннің ВК-дағы парақшасын мәжбүрлі түрде жауып тастағанын көз алдыңызға елестете аласыз ба?

Трамп билікті бейбіт беруге уәде берді. Бірақ сайлау қорытындысымен сол күйі келіспейтінін мәлімдеді. Тіпті Байденнің инаугурациясына қатыспайтынын айтты. Осылайша Трамп АҚШ тарихында екі мәрте сайлана алмаған президент қана емес, өзінен кейінгі президенттің қызметіне кірісу рәсіміне қатыспаған тұңғыш адам ретінде де қалатын болды.  

Демократия «өлді» ме?

Дональд Трамп – өмір бойы жалғыз жортқан кәсіпкер. Компанияларын да жеке-дара басқаруды жөн көреді. Саясатта да сол стратегияны ұстанды. 2016 жылы сайлауға түскенде бір жыл ішінде сайлау штабындағы командасын үш мәрте ауыстырды. Сайлауалды бағдарламасын да аяқасты өзгертумен болды. Мұндай үміткердің жеңіп шығуы екіталай еді. Бірақ бірнеше фактордың тоқайласуының нәтижесінде бағы жанып, президент атанды.

Бәрін өзі шешіп үйренген бизнесмен ретінде Трамп президент болған соң да төңірегіндегі серіктеріне құлақ асуға құлықты болмады. Одақтас, жақтастарын ауыстыра салу, сенімді серіктерімен қоштаса салу Трамп үшін түкке тұрмады. Партияластарымен, күш құрылымдарының басшыларымен, еврей лоббиімен, тіпті қоғамдық пікір қалыптастыратын, ежелден республикалық партияға бүйрек бұратын ақпарат құралдарымен де ат құйрығын үзісуге барды. Ақырында одан бәрі теріс айналды. Капитолийге жасалған шабуылдан соң, республикалық сенаторлардың өзі жекелеген штаттардағы сайлау нәтижесіне қарсы шағымдарын қайтарып алды. Оның соңғы әрекеттері Байденді президент ретінде тану процессін жеделдетіп жіберді.

АҚШ-тағы жағдайды еуропалық саясаткерлер бірауыздан айыптады. Трамптың әрекетін әлемдік саясаткерлер «демократияға қарсы жаудың ісі» ретінде бағалады. Бұл орайда Ресей президенті В.Путиннің үнсіз қалғаны назар аудартады. Есесіне, РФ СІМ баспасөз хатшысы Мария Захарова Facebook-те америкалық журналистің «Құрама Штаттар енді ешқашан әлемге біз демократияның үлгісіміз деп айта алмайды» деген сөздерін парақшасына көшіріп қойды. 

Диктаторларға сыйлық

АҚШ-тағы оқиға Батыс елдері диктатор ретінде айыптайтын басшыларға күтпеген сыйлық болды. Мұхиттың ар жағындағы екіжүзді демократия туралы айтып келген автократ, диктаторлардың көктен күткені Капитолийден табылды. Ендігәрі әділетсіз сайлау мен адам құқығын аяққа таптау, авторитарлық жүйе мен жаппай жемқорлық туралы айыптауларға «өздеріңе қарап алыңдар» деп айтуға толық негіз бар деп санайтын болады. Ал өз елдерінде мұндай билеушілер мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігі үшін кез келген наразылық, толқуларды бұрынғыдан да қатал жазалауға, қоғамды құрсаулаған бұранданы одан әрі бұрай түсуге уәж ретінде пайдаланады.

Вашингтондағы жағдай – америкалық қоғамның жікке бөлінуінің, тереңдеп кеткен саяси, әлеуметтік проблемалардың нәтижесі. «Демократияны экспорттаушы елдің», «біртұтас америкалық қоғамның» азаматтары бір-бірін түтіп жеуге дайын халге жетті. Мызғымастай көрінген жүйе ескіргенін байқатты, әлсіз тұстарын әшкереледі.

Бірақ бұл демократияның жеңілісі деп қабылданбауы керек. Адамзат тарихында әлі күнге ең әділ, ең оңтайлы жүйе ойлап табылған жоқ. Табыларына да күмән бар. Өйткені бәрі жүйеге емес, басшының ниетіне, оны сайлаған адамдардың ішкі мәдениетіне тікелей байланысты. Керісінше, бұл жағдай тіпті ең озық, талай сынақтан өтті деген басқару үлгісінің де дағдарысқа ұшырайтынын, ерте ме кеш пе билік жүйесіне наразылықтың оп-оңай оталып кететінін тағы бір мәрте әйгілеп берді.

Тағынан абыройсыз кеткен Трамптан тағы бір тағылым: үлкен саясат – бұл жеке бизнес, жеке-дара билеу емес, ол одақтасуды, мәмілеге келуді, қоғамның үніне құлақ асуды талап ететін тым нәзік һәм аса жауапты іс.

Тегтер: