Сенатор жүргізушілерге салынатын айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеуді алып тастауды ұсынды

Парламент Сенатының депутаты Марат Қожаев жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер үшін жазаны қатаңдатуды ұсынды.
Алматы, NEGE. Сенатор үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, жол ережесін бұзғаны үшін жазалау шараларын өзгертуді ұсынды.
«Қолданыстағы құқық қолдану тәжірибесі ережені жүйелі түрде бұзудың алдын алуға мүмкіндік бермейді. Өйткені техникалық құралдар автоматты түрде тіркеген жүргізушіні ережені қайта бұзғаны үшін жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі көлік иесіне айыппұл жазылғанда ереже бұзу тарихы ескерілмейді. Сондай-ақ, жол ережесін үнемі елемейтін, жол тәртібін қасақана бұзатындарға емтиханды қайта тапсыруды міндеттеу мүмкін емес. Техникалық құралдар ережені бұзу фактісін ғана тіркейді, бірақ жүргізушінің дайындық деңгейін және оның жол ережесін өрескел бұзу мен қауіпті әрекетке бейімділігін бағалауға мүмкіндік бермейді», – дейді Марат Қожаев.
Қожаев Алматы қаласындағы жағдайды мысалға келтірді. Оңтүстік астанада былтыр 4,2 млн рет жол ережесі бұзылған. Көлік жүргізушілері айыппұлдан да қорықпайды. Мәселен, біреуі жол ережесін 143 рет бұзған. Сол үшін 3 миллион теңгеге айыппұл салынды. Бірақ ол 50 проценттік жеңілдікті пайдаланып, жол ережесін бұзуды жалғастыра берген.
«Әдетте, жол ережелерін автокөліктердің беделді маркалары мен жоғары сұраныстағы нөмірлік белгілері бар ауқатты отбасылардан шыққан жастар елемей жатады. Олар саналы түрде төтенше жағдайлар туғызып, жолда қауіпті бұрылыстар жасайды, қауіпсіздік ережелерін ескермейді. Айыппұл төлеу кезіндегі 50% жеңілдікті пайдаланатын олар көшені қауіпті ойын алаңына айналдырып, заң бұзуды жалғастыруда. Заңды жиі бұзатындар үшін қазіргі салынып жатқан айыппұлдар пәрменді шара болмасы анық. Демек, бұл үшін жазалау тәсілдерін шұғыл қайта қарау қажет», – деді ол.
Оның айтуынша, бірқатар елдерде заң бұзатындарға өз тиімділігін дәлелдеген қосымша жазалау тетіктер қолданылады. Германияда айыппұл ұпайларының жүйесі бар. Олар көп жиналып қалған кезде жүргізуші автоматты түрде көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал Францияда заң бұзу қайталанған жағдайда айыппұлдарға ғана емес, сонымен қатар жүргізуші куәлігін белгілі бір мерзімге тоқтата тұру тәсілі қолданылады.
Депутат мынандай бірнеше ұсыныс жасады:
– жол ережесін 10 рет бұзғандар үшін теориялық емтиханды қайта тапсыру міндетін енгізу;
– жол ережесін қайта бұзғаны үшін көлік жүргізу куәлігінен уақытша айыруға дейін жазаны күшейту;
– жол ережесін жиі бұзатындар үшін 50 проценттік жеңілдікті алып тастау;
– жазаны тағайындаудың сараланған жүйесін енгізу.