18 Желтоқсан 17:49

Қыжыртпа. Полициясы осал елдердің көрген күні құрысын!

Фото:

Біз ешкімге ұқсамайтын елміз. Біреудің салып берген сара жолымен жүрмейміз, өйткені өзіміздің дара жолымыз бар. Ешкімге ұқсамаймыз. Ұқсағымыз да келмейді. Басқасын қойшы, тойда, мерекелерде де ерекше ұстаймыз өзімізді. Өте тәртіптіміз. Басқалар шетінен бұзақы.

Сөзіміз құрғақ болмас үшін, бір-екі мысал айта кетейік. Өзге жұрттың той тойлауы да есерсоқтық. Мәселен, Тәуелсіздік күндерін, азаттық күндерін қалай тойлайтынына қарасаңыз, бұған өзіңіз де көз жеткізесіз.  Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ақымақтар ақша шығындап, ұлттық нақыштарға бояп, көліктерін бүлдіреді. Бір күнге бола! Обал-ай! Байрақтарын көтеріп, тас жолда шерулетіп, көшелерді азан-қазан қылады. Қала тұрғындарының мазасын алады. Қой деген билігі болсайшы. Олардың қала тұрғындары да біртүрлі. Әлгі бұзақылардың үстінен полицияға арызданудың орнына өздері де қосылып кетеді у-шуға. Бізден барғандар «мына бейбастақтыққа тыйым қашан болады?» деп жағасын ұстайды.

Күні кеше түйесі мен ешкісін сауып жүрген жабайы араптарды қоя берші, өздерін «Еуропа өркениетінің тал бесігі» санайтын француздарға не жоқ десеңізші! Әп-әдемі патшаларының басын кесіп алып, Бастилия қамалын талқандаған  баскесерлер мен вандалдардың әрекетіне сүйсініп, ұлттық мереке жариялап алды. Жыл сайын сол күні қала тұрғындарының тынышын алғандарға еш сот жоқ.

Жұрттың бәрі жабайы адамдарша бет-аузына голуа қоразының немесе үш жолақты туының бейнесін салып, бояп алады. Қандай ерсі көрінеді! Сұмдық! Ұлттық киімдерін киіп, көшеге шығып, сауық-сайран салады. Білгендерін жасайды. Мұны істеп жүрген басқа жақтан, ауылдан келгендер емес, қала тұрғындарының өздері. Қала тұрғындары осылайша өз мазаларын өздері алады. Қылықтары не деген тұрпайы! Билігі, полициясы осал елдердің көрген-күндері осы. Жын-ойнақ!

Бізде бейбастақтыққа жол жоқ! Тәуелсіздік алған күннен бері солай! Мойындау керек, шырық бұзғысы келетіндер арамызда аз емес, негізі. Бұларға ерік берсе, алаңға шығып, монументтердің алдына гүл қойып, құран оқып, білгендерін істеп кетеді. Бұзақыларға ерген оқушылар мен студенттерге «тәйт» демесе, болмайды. Алаңға жақындағандарды «оқудан шығарам» деп мінез көрсетпесе, жабайы жұрттардың қылығын қайталап жүрер. Жастар еліктегіш қой. «Баланы – бастан» деген. Ана біреулер секілді көшеге шығып, көңіл көтеріп қайтса да, бір жөн ғой. Біздің жүгенсіздердің саяси ұрандар тастап бәле болатыны бар. Ондайларын басқа күндері айтса қайтеді екен? Жоқ, үш жүз алпыс бес күн аузына құм құйып алып, дәл осы күні тіліне ерік беретіндей не жындары бар, өздерінің?..

Тегтер: